Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кондиционерсіз күн бар ма?

Кондиционерсіз күн бар ма?

Бір білетінім, адам баласына ештеңе жаққан емес. Қыста аяз қысса «мына күннің қабағы бір ашылмады-ау» деп налимыз. Жазды келтіре алмай аязбен алысып болатынымыз тағы бар. Айлар өтіп, жадырап жаз келе қалса аптап ыстықтың екпініне шыдай алмай, «мына күннің ыстығын-ай» деп көлеңкеден бас алмай дегбіріміз қашатыны рас. Сол адамзаттың сұранысынан болар, бүгінде адам жанына керекті дүниенің барлығы пайда болды.
Бұрын бабаларымыз айшылық алыс жолдарды мынандай ыстықта қалай еңсерді екен деп көп ойланатынымыз да бар. Қыста екі бастан қалың киім киер. Ол түсінікті. Жазда ше?! Сөйтсек сол қалың киімнің де жазда көмегі бар екен ғой. Ата-әкелеріміз шілденің шіліңгір ыстығында мал іздеп немесе қой бағып шыққанда аттың қанжығасына ауыр әрі қалың киімдерін өңгеріп жататын. Матасы мықты жауыннан және ыстықтан қалқалайтын ауыр шинельдерін иығына іліп атқа қонатын. Мұның мәнісін білмейтін біздер мына ыстықта қалың киімнің қажеті қанша деп ойлайтынбыз. Сөйтсе бір күндігін емес, жылдығын ойлайтын үлкендер жолға шыққанда барлық жағдайға дайын болып шығады екен ғой. Әлгі ат артына өңгерген қалың киімдер күннің ыстығында адам бойына күн өткізбей, ыстықтан қорғаушының нақ өзі екен ғой.
Ал бұрынғы қазақтарда жертөле деген қоныс болған. Көшпелі елдің құрастырмалы ағаш үйі де өз алдына бір керемет дүние екенін білетін боларсыз. Отырықшы елдердің құтты қонысына айналған әлгі жертөле деген жайдың қыста жылы, жазда салқын болатынын біле жүргеніңіз жөн. Мұның барлығын бабаларымыз ақылмен ойластырып, климатқа байланысты көптеген қадамдарға барып отырған. Ал қазір тіптен бөлек заман, өзгеше қоғам. Қазір көшеде қалың киім киіп жүрсеңіз, жұрттың назары сізде болуы мүмкін. Арасында бірлі-жарым таңданғандар мұның сырын сұрап та қалар. Алайда айналаңыздағылардың аңтарыла қарап қалатыны ақиқат. Десе де мына күннің ыстығында сыртта жүрсеңіз, бірдеңе қылып амалдауға болатын шығар. Ал үйде ше?
Қазіргі салынған үйлердің құрылыс материалдары да ыстыққа қауқарсыз, тез жанғыш материалдар. Климаттық белдеудің өзгеріп, ғаламдық жылыну процесі өзгеріске ұшыраған сайын адамзаттың да соған сай айла-әрекеті нәтиже беріп келеді. Қазір уақыт талабына сай «кондиционер» деген дүние көптеген сұранысқа ие. Қазақша атауы «ауа баптағыш». Түрлі маркада шығып жатқан мұндай дүниенің қолдан қолға өтіп, пайдаға жарап келе жатқанына да көп болды. Алайда таяқтың екі ұшы болатыны секілді, шектен тыс пайдалансаңыз, мұның да зияны болуы мүмкін. Мүмкін емес, нақ солай.
Иә, аптап ыстықта ауа баптағышсыз өмірді елестету мүмкін емес. Үйге кірсеңіз де, көлікке мінсеңіз де осы бір дүниені жаныңызға қажет етіп отыратын боларсыз. Содан да болар, қазіргі таңда дүние жүзі бойынша ауа баптағыштардың жалпы саны миллиардтан асып кеткен екен. Адамзаттың жайлы өмір сүруі үшін қолданысқа енген бұл құрылғының бағасына қарай атқаратын мүмкіндіктері де жоғары. Жазда салқындатады, қыста жылытады. Онымен үйдің немесе тұтастай бір ғимараттың ауасын баптауға болады. Осындай ыстықтарда қосып қойып жайлансаңыз немесе қонақ жайласаңыз жұрттан алғыс алатыныңыз ақиқат. Алайда жоғарыда айтқанымыздай, ауа баптағышты тиімсіз пайдалану адам баласын ауруға шалдықтыруы да бек мүмкін.
Ол біріншіден, адам ағзасындағы көптеген созылмалы аурудың дамуына әсер етеді екен. Сондай-ақ тыныс алу жолдарын зақымдап, қолқаның қабынуы, бронхит немесе пневмония сынды ауруларға алып келеді. Салқындатқыш көп қосылып тұрған бөлме немесе кеңселерде ауаның құрғауы пайда болады-мыс. Ал ол өз кезегінде адам организмін де құрғатып, салдарынан түрлі бактериялардың көбеюіне алып келеді екен. Сондықтан ауа баптағышты жиі пайдаланатын жандар қосымша ауа ылғалдандырғышты да пайдаланғаны жөн. Маман кеңесінің бұл айтқандары бір кәдеңізге жарап қалар.
Сіздің жағдайыңыздың жайлылығына кепіл болып, бабыңызды келістіретін салқындатқышқа да арнайы бап керегін білетін боларсыз. Оның қыр-сырына қанық мамандардың айтуынша, салқындатқышты 2-3 аптада бір арнайы шаңсүзгіш қабатын тазартып, жылына бір рет толық тексеруден өткізіп, ауа салқындататын арнайы қоспаларының да (фрем) мөлшерін қарап отыру маңызды. Сонда сіз пайдаланатын ауа баптағыш ұзаққа шыдап, шілденің қандай ыстығында да сенімді серігіңізге айналары сөзсіз. Бастысы, бабыңызды келістіретін баптағышты орнымен пайдаланып отырғаныңыз жөн.

А. ҚАРАСАЙ
09 шілде 2022 ж. 403 0