Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сақтық шараларына бейжай қарамайық

Сақтық шараларына бейжай қарамайық

Қауіпті індет қайта бас көтерді дегенді естіген сайын елдің алаңдаушылығы көбейді. Еліміздің бас қаласы мен Алматыда ауру саны көбейіп, Алматы қаласы "сары аймаққа" енгені белгілі. Өзге өңірлерде де бірлі-жарым ауру тіркелуде.
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «Пандемияның жаңа толқынына дайынбыз. Ол сұрақ назарымыздан тыс қалып жатқан жоқ. Қазір пандемияның кезекті толқыны басталып кетті. Көптеген Еуропа мемлекетінде 135-240 пайызға дейін өсім байқалып отыр. Сол себепті елден сыртқа шығатын азаматтардың бәріне осы жағдайға қатысты ұсыныстар бердік. Ел азаматтары коронавирус тез таралып жатқан мемлекеттер мен аймақтарға барған кезде ойлануы керек. Дегенмен біз әзірге жасыл аймақтамыз. Сары аймақтарға байланысты ұсыныстар мен шектеулер де болады. Мұның бәрін азаматтар ескеруі тиіс. Азаматтар бетперде тағуды бастауы керек, – деді.
 Денсаулық сақтау министрлігінің 11 шілдедегі мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда 2 837 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Оның ішінде 291 пациент стационарда, 2 546 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. «Соңғы тәулікте ел аумағында 454 тұрғынның ПТР тесті КВИ-ге оң нәтиже берген. Коронавирусқа шалдыққандардың арасында 14 адамның жағдайы ауыр», – деп жазды ведомство.
11 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша Алматы қаласы «сары» аймақта тұр, «қызыл» аймаққа жақын қалған. Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары «жасыл» аймақта. Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 1 309 888 адамға жетті.
Көпшілік тұрғындар пандемия жағдайындағы сақтық шараларын ұмытып, еркіндікке бейімделіп қалғандай. Расында көпті әбігерге салған пандемияның  зардабы бәрімізге белгілі. Сондықтан "Сақтансаң сақтайды" деген тәмсілді жадымызда ұстап, сақтық шараларына бей-жай қарамайық.
"Толқын" ақпарат
12 шілде 2022 ж. 273 0