Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық криминалист қызметінің қыр-сыры туралы айтып берді

Қызылордалық криминалист қызметінің қыр-сыры туралы айтып берді

Полиция қызметінде криминалистика саласының алатын орны ерекше. Қылмысты ашып, заң бұзғандарды құрықтау кезінде бұл қызмет маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары криминалист мамандығына қызығатын жастардың да қатары көбейіп келеді. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Өз ісінің жоғары деңгейде атқарып келе жатқан мамандардың бірі – қызылордалық Досбол Махашов. Криминалист маман өзінің қызығы мен қиындығы көп қызметі туралы Stan.kz тілшісіне әңгімелеп берген болатын.

26 жастағы Досбол Махашов орта мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды қаласындағы мемлекеттік академияға оқуға түскенін айтады. Ата-анасының үмітін ақтауға тырысқан азамат аталмыш оқу орнын үздік бітіріп шығады. Алғаш еңбек жолын Қызылорда облысы Қармақшы аудандық полиция бөлімінің криминалды полиция бөлімшесінің жедел уәкілі болып бастаған. Өзінің білімі мен кәсібилігінің арқасында қазіргі таңда Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жедел криминалистика бөлімінің криминалисті болып абыройлы қызмет атқаруда.

"Менің ұғымымда криминалистика – нағыз ғылым. Мен оқыған академияда студенттерді учаскелік полиция, тергеуші, криминалист мамандықтары қызықтыратын еді. Менің таңдауым бірден криминалистикаға түсті. Осы мамандыққа назарымның ерекше ауғанына ешқашан өкінген емеспін. Криминалистика – қылмыстың себебін, қылмыскердің ойы мен психологиясын зерттейтін ғылым. Сондай-ақ оқиға орнында тергеушінің ең бірінші көмекшісі де – біз. Тергеушіге мән-жайды жеткіземіз. Ең басты міндетіміз – дәлелдемелер жинап, қылмысты ашу. Ал жүргізетін жұмысымыз зерттеу", – дейді Досбол Асылбекұлы.

Расымен, қылмыстық істі ашуға криминалистін берген мәліметі аса маңызды. Мысал ретінде криминалист бір оқиғаны келтірді.

“Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс орталығында пәтер ұрлығы орын алып, жәбірленуші тараптан шағым түскен. Белгісіз біреу есіктің ашық тұрғанын пайдаланып, диван үстінде жатқан қымбат телефонды қолды қылған. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде қылмыскер қолға түсті”, – дейді ол.

Тергеу кезінде негізгі маңызды мәліметті Досбол Асылбекұлы анықтаған.

"Бұл қылмыс 2018 жылы орын алған болатын. Тергеу тобымен оқиға орнына жеттік. Бөлмелерге алдымен визуальды қарау жүргізіп, өзгерістердің орнын алғанын байқадым. Пәтер ішінен алты дана саусақ іздері алынды. Бұл үшін үйдегі барлық есік тұтқалары өңделді. Саусақтарды криминалистік базаға салғанымызда, күдіктіні анықтадық. Қажырлы еңбектің арқасында қылмысты із суытпай, ашу мүмкін болды", – дейді полицей.

Досбол Махашов криминалист-маманның тікелей кәсіби біліктілігінің арқасында ашылған тағы бір қылмыстық іс туралы айтып берген болатын. Өткен жылы облыс орталығындағы кафелердің бірінің алдында төбелес болады. Үш азамат бір жігітті ұрып, оқиға орнынан "LADA" автокөлігі арқылы қашады. Бағдар бойына полиция қызметкерлері машинаны назарға алғанда, күдіктілер жол көлік оқиғасын жасайды. Үш азамат дереу көлікті тастай сала, жан-жаққа қашады. Оқиға орнында криминалист жұмыс жасап, тергеушіге нақты ақпарат береді.

"Көлік ішінен 30 адамнның қол ізі алынды. Автокөлік есіктерін арнайы Рубин ұнтағы арқылы өңдедік. Алынған саусақ іздерін криминалистік базаға салған кезде, күдіктілерді анықтап, уақытында құрықтадық. Қазір криминалистика саласында заманауи құрал-жабдықтар пайдаланылады. Бұл ретте мемлекет үлкен қолдау білдіріп отыр", – дейді Досбол Асылбекұлы.

Айта кету керек, Досбол Махашов – әке жолын жалғаған қызметкер. Асылбек Шоматов көп жыл құқық қорғау органында абыройлы жұмыс жасаған азамат. Бүгінде зейнетте. Досболдың сүйікті жары да полиция сержанты болып мамандандырылған күзет қызмет басқармасында еңбек етіп келеді.

"Менің ойымша, криминалистің үш қаруы бар. Ең бірінші – адамгершілік, екінші – білімі, соңғысы – қызметіне деген адалдығы. Бұл салада ұзақ бөгелу үшін асқан төзім, салқынқандылық, байыпты мінез керек. Бала кезімде әкемнің осы құқық қорғау саласында адал қызмет жасап жүргенін талай көрдім. Әкемді мақтан етемін, әлі күнге дейін өзіме үлгі тұтамын. Қашанда бір сөзді, ары таза азамат. Полицей болғаныма еш өкінбеймін. Қоғамның қауіпсіздігі мен азаматтардың құқығын қорғау бағытында аянбай тер төгуді мақсат етемін", – деді жас полицей.

Биыл тәртіп сақшысы үшін табысты жыл болды. Досбол Махашов капитан шеңін алды. Сонымен қатар, "Жедел криминалистика саласына - 100 жыл" мерекелік төс белгісімен марапатталды.

stan.kz
19 шілде 2022 ж. 353 0