Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Той жасау оңай емес

Той жасау оңай емес

Бүкіл әлем елдері бойынша той жасаудан жарыс болса, біздің ел шаппай-ақ басып озар еді. Біздегі бүгінгі қызға сырға салу рәсімінің өзі тойға айналып бара жатқанын байқаған шығармыз. Әлгі «Ұлыма» дейтін әндегі «баласына бір той жасап бере алмай, бұл өмірден өтіп кетті қанша адам... басқа тойды тойламасаң тойлама, екі жастың бақыт тойы тойлансын» деген өлең жолдары бүгінгінің ұранына айналды десек қате болмас. Тіпті банктен несие алып болсын, әйтеуір бір ақша тауып тойды дүбірлетіп жіберетін кезіміз көп.
«Той десе қу бас домалайды» демекші, осы уақытқа дейін бар тапқан-таянған дүниесін тойға шашып, несие алып, тек тойды абыроймен өткізсек болды дейтін халықпыз ғой. Бірақ осы бір қаражат жағынан қиын заманда дүбірлетіп той жасаудың не қажеті бар деп қаламыз кейде. Тойдан кейінгі несие жабу сынды қиындықтарды көбіміз еңсеріп жүрміз рас.
«Кім несие алып, той жасады?» деген сауал қояр болсақ, талай замандастарымыз ойланбастан қол көтерер еді. Көлігін сатып, қуанышын паш еткендерді де көрдік. Иә, той жасағандар біледі оның дастарқанының өзі бір төбе шығын екендігін. Тәуір асаба мен музыканттардың ең арзаны дегенде әрқайсысына 80-90 мыңды сұрайды. Осы орайда асабаның атағы артқан сайын қызмет ақысы да өсе беретіні анық. Бұл жайтты жақсы білетін тойшыл қауым шамасы келсе де, келмесе де тыраштанып, тойына атақты асабаларды шақыруға құмар. Ал той залын көркемдеуге кем дегенде 40-50 мың теңгені ұсынғанның өзінде ойланып барып келіседі. Өнер жұлдыздары былай тұрсын, қарапайым ауылдың әнші, бишілерінің өзі 60 мың теңгені құрайды. Ал осы шығындалып жасалған тойды ертеңгі күнге естелік үшін неге бейнекамераға түсірмеске? Той барысын монтаждап, таспаға жазып беретін оператордың ең арзаны 70 мың теңге екенін еске салайық.
Той күні екі жастың асыға күтетіні – той серуені. Қаланың көрікті жерлерін аралап, суретке түсіп, тойханаға бет алғандағы жол-жөнекей бұл үрдістің де шығыны жетерлік. Жаңа отау құрып жатқан екі жастың аяғын жерге тигізбей алып жүретін лимузині, оның артынан еріп жүретін он шақты қымбат көлігінің өзін жалдау 70-80 мыңнан басталады.
Дана халқымыз қыздың жасауына аса мән беріп, «жасауыңды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген. Түрлі жақсы жиһаздар, кілем, сәукеле, ыдыс-аяқ, төсек-орын, киім-кешек және де әсем әшекейлі бұйымдар қыз жасауына беріледі. Бірақ бүгінгі күні қыз жасауына жұмсалатын қаражат той шығынынан кем түспейді. Яғни, астамшылыққа салып қымбат деген жиһаздар мен брендтегі киімдерді апарамыз. Десе де «ұят болады, ел не дейді» деп арзан намыс буған төркіні алды-артына қарамай шығындалып, қалыңдық сандығын аузы-мұрнынан шығарып толтыруға асығып жатады. Қонақ деп төріне шығарып, аялап өсірген ұясын ойлайтын қыз қияға ұшар уақытында «ананы, мынаны әпер» деп ата-анасын қарызға батырып кетпесе болар-ақ. Ондай жағдай орын алмас үшін қыз баланы кішкентайынан қарапайымдылық пен қанағатшылдыққа үйреткен абзал.
Иә, қазір тойды өткізудің өзі бәсекеге айналып кеткені рас. Бүгінгі той кешегі тойға ұқсамауға тиіс. Тіпті той алдындағы ақылдасу барысында «ой, ол нәрсені пәленшенің тойында жасады ғой, біздің той басқаша болу керек» деген сынды сөздерді құлақ шалып жатады. Міне, осы сөздің салдарынан тойда күн сайын жаңа нәрселер пайда болуда. Сондай-ақ оған кететін шығын да сәйкесінше көп. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» сөзі бүгінгі тойшыл қауымға арналғандай. Дүркіреп тойлағанды жақсы көргеніміз соншалық, бала өміріндегі ең қуанышты сәттердің өзін ұлан-асыр тойға айналдырып жібердік. Мәселен, бір жылдары Атырау қаласында дүниеге жаңа келген сәбиді перзентханадан шығарып алу сәтінде есік алдына кілем жайылып, екі жағында биші қыздар тізіліп тұрды. Сонымен бірге бенгал отшашуы ұйымдастырылып, түрлі-түсті шарлар көздің жауын алады. Ал анасы мен сәбиді үлкен қуыршақтар қарсы алып, арнайы шақырылған әншілер ән шырқады. Қыстың қатқыл аязына қарамастан дастарқан үсті экзотикалық жемістерге толды. Бірінің көргенін екіншісі істейді. Тіпті біріншіден асып түсем дейтіндері де жасырын емес.
Енді ойланып көрейік, егер барлық жас жұбайлар той жасаудың орнына, жарты ақшасын төлеп болсын үй алса немесе басқа да қажеттіліктерін өтесе қандай жақсы?! Белгілі қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова мен жары Саят Салманұлы үйлену тойларын жасаудың орнына қайырымдылық жасаған болатын. Яғни олар қуаныштарын Алматы облысындағы №1 балалар үйіндегі балалармен бөлісуді жөн көрген еді. Бұл тек бір ғана оқиға емес, елімізде той орнына қайырымдылық немесе сол қаражатты пайдаларына асырып жүрген жас жұбайлар жетерлік.
         «Той – қазына» деген қазақпыз ғой. Дегенмен несие алып, елден ұятты деп шашылып дастарқан жайып, тойхананы асыра сәндеп, атағы шыққан әншілерді жалдауымыз қаншалықты дұрыс? Қуаныштарында шек болмай, дүркіреп жасалған тойдан кейінгі ай сайын несие төлеу мәселесінде ертеңгі жас отбасының шырқы бұзылмай ма? Несие алып, шашылып той жасаудың арты неге апарарын өзіңіз ойланыңыз, құрметті оқырман...

А.НҰРЛАНОВА
23 шілде 2022 ж. 496 0