Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Уақыт – алтыннан да қымбат!

Уақыт – алтыннан да қымбат!

Адамда бар ең құнды дүние – оның уақыты. Қазіргі дамыған заманда ойын-сауық, көңіл көтеру орындарының көбеюі – уақытты ысырап қылудың белгісіндей. Қазір миллиондаған адамдар бір ғана тірлікке күш салуда. Олар теледидар, құмар ойындары, компьютерлік ойындар, түнгі клубтар және қазіргі таңда 12 мүшенің бір бөлігі болып кеткен ол –ұялы телефон. Бұның барлығын уақытты өткізу, уақытты өлтіру деп атап жатамыз. Яғни «Уақыт өлтірейік, өткізейік» деген сөздерді көп қолданамыз. Бірақ біз уақытты өлтіре алмаймыз. Уақыт Алла тағаланың  жаратқан әлде бір дүниесі.  Уақытты ол ғана өлтіреді.
Біз бір тәулікте берілген  24 сағатымызды өзімізге бағынышты құрал ретінде санаймыз. Бірақ саналы ойлансақ, оған керісінше біз бағыныштымыз.
Әр күнімізді, іс - әрекетімізді жоспарлау арқылы біз уақытпенен жүріп соған тәуелдіміз. Мысалы, біз жұмысқа немесе ұшаққа кешігіп келе жатсақ уақытты артқа қысқарта алмаймыз немесе керісінше қалаған кезімізде ұзарта алмаймыз. Бұл мүмкін емес те. Яғни уақыт бізге емес, біз уақытқа мұқтажбыз. Адамның ертеңі де  таусылмайды. Бүгін бітірер ісімізді сағыздай созып жүре береміз. Жоғарыда атап өткен уақыт өткізудің құралы деп санайтын – ұялы телефон бесіктегі баладан үлкейген ересек адамның да қолынан түспейді. Сонымен таңды атырып, күнді батырамыз. Ұялы телефонда өзімізге жарты сағат отырғандай болғанымен, оның ішіне қалай батып кетіп 5-6 сағат, кейде одан да көп отырғанымызды байқамай қаламыз.
Осы кезде Мұқағали Мақатаев атамыздың осы өлең шумақтары еске түседі:
Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға , –деген.
Ислам дінінде уақытпен тығыз байланысты құлшылық түрлері бар. Мысалы, намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты. Бұл құлшылықтардың уақытын анықтауда күн мен ай орасан зор көмегін тигізді. Алайда оның да өзіндік қиындығы болған. Мәселен, бұлтты  күндері қатты қиналған. Бұл жағдай әрине мұсылмандарды уақыт өлшеуіш құралдарын ойлап табуға итермелейді. Мәселен, ең алғаш механикалық сағат Харун Рашиттің халифалық кезеңінде Бағдадта жасалыпты. Бұл жетістіктері мұсылмандардың ілімге деген құштарлығының арқасында болды. Олар алғашқы аяты «Оқы» деп басталатын Құран кітапты шын мәнінде амалға асыра білген болып табылады. Олар «Уақыт қылыш сияқты. Сен оны кеспесең, ол сені кеседі» деген арабтың нақыл сөзін жете түсінген-ау, сірә.
Сондай-ақ ол кезде уақыттарын қадірлеген ғалымдар да көп болғанға ұқсайды. Мәселен, солардың бірі Ибн Ақил ешқашан да уақытын бос өткізбейтін. Тіпті шаршаса да дереу оймен шешуге болатын мәселелерге көшетін. Осыншалық еңбексүйгіштігінің арқасында Ибн Ақил 20 түрлі ғылым саласында құнды еңбектер жазып қалдырыпты. Бұл дегеніміз уақытымызды тиімді пайдаланып, уақыт қадірін білсек әр адамның бағындырар шыңы көп болар еді. Бір саланың ғалымы емес, бірнеше саланың ғұламасы болар еді. Бұл мүмкін екенін бұрынғының ғалымдары да дәлелдеген.
Иә, уақыт қадірін түсінгенге не жетсін? Әр уақытыңды даналыққа, саналылыққа, Аллаға жақындауға, өз өміріңді көркемдеуге, жүрегіңді нұрландыруға жұмсаған жөн дер едім. Өткенге өкінбейтіндей  әр уақытыңды ойлана жұмса. Себебі уақыт – Алладан берілген ең үлкен сый.
А. ЖҰМАҒҰЛОВА
30 шілде 2022 ж. 15 881 0