Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі елеулі қызметкерлер

Еңбегі елеулі қызметкерлер

Дамыған жол желілері есебінен жолаушыларға қызмет көрсететін темір жол станциясы көпке таныс болар. Иә, ауданымызда да «Темір жол станциясы» қызметкерлерінің ерен еңбектері мол. Жалпы 6 айлық көрсеткішпен 4932 вагон тасымалданып, 889 вагон қабылданған екен. Бұл көрсеткіштер – мекеменің қызмет сапасының жоғары екенінен хабардар етіп тұрғаны анық. Атаулы мекемені берік ұстап, қалың көпшілік ризашылығына бөленіп отырған мекеме басшысы Талғат Шүренов жұмыс барысы жөнінде:
Бүгінде ауданымызда темір жол станциясы саласы бойынша 40 адам жұмыспен қамтылып отыр. Сонымен бірге екі орынбасарым: Наурызбек Жұмабаев пен Асхат Тәңірбергенов. Станция кезекшісі А.Аймаханов болса, техникалық кеңесші – Ғ.Маханбетов сынды қызметкерлеріміз бар. Өзім осы мерекеге орай Құрмет грамотасымен марапатталдым. Сонымен бірге пойыз құрастырушы Т.Жарболғанов тәуелсіздіміздің 30 жылдығына орай «Арал ауданының үздік теміржолшысы» атағын алды, сондай-ақ бүгінгі теміржолшылар мерекесі қарсаңында «Қазақстан Теміржолының" 25 жылдығына орай аға тауар кассирі С.Нұрмағанбетова төсбелгімен марапатталып жатыр. Пойыз құрастырушы Б.Джалимбетов деген қызметкеріміз де «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Н.Сауранбаевтан марапатталған болатын. Тағы айта кетерлігі, аға жүк қабылдаушы Несібелі Қалыбаева деген қызметкеріміз осы мерекеге орай «КТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Бас директоры В.Петровтың Құрмет грамотасымен марапатталды,–деді.
Марапат биігінен көрінген Несібелі Райханқызы 38 жыл темір жол саласында еңбек еткен. Ол 1963 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Бала кезінен арман еткен темір жол қызметкері саласы бойынша біліктілігін ең алғаш Ақтөбе қаласындағы жол бойы колледжінен бастаған. 1983 жылдан бастап ауданымыздағы техникалық кеңсе операторы болып, 1986 жылдан бері тауар кеңсесінде жүк қабылдап, тапсырушы болып қызмет атқарған. Кейін 2014 жылдан бастап аға жүк қабылдаушы қызметіне тағайындалады.
Жүктердің тиелу және түсірілу тәртібін қадағалап, қауіпсіздігін сақтау менің жауапкершілігіме кіретін жұмыстар. Қиындығы да жоқ емес. Сонда да болса талай жыл тер төгіп, еңбек еткен өз саламды жақсы көремін. Өзім теміржолшылар отбасында өмірге келгендіктен, темір жолдың темірдей тәртібін бала кезден бойға сіңіріп өстім. Қызмет ете жүріп отбасылық бақытқа да кенелдім. Қазір 3 баламнан тараған 9 немереге әже болып отырған жайым бар. Бүгінде жанұямызда 4 адам темір жол саласында аянбай еңбек етіп келеді. Сонымен бірге ұлым Дархан да жолымды қуып, осы салада жұмыс істеп жүр,– деді Несібелі.
Міне, осындай қызметкерлер аудан абыройын асқақтатып келе жатқаны анық. Жүк тасу мен қабылдау операциялары, сондай-ақ пойыздарды қалыптастыру, қабылдау мен жіберу процедураларын жүзеге асыратын темір жол транспортының барлық дерлік қызметін атқарып келе жатқан жандарға ел алғысы мол.
А.НҰРЛАНОВА
06 тамыз 2022 ж. 588 0