Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Темір жол саласының қызметкерлері құрмет төрінде

Темір жол саласының қызметкерлері құрмет төрінде

Елімізде тамыз айының бірінші жексенбісі – көлік және байланыс саласы қызметкерлерінің мерекесі болып белгіленген. Мемлекетіміздегі көлік логистикасының көшін бастаған шойын жол қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі қашан да қоғам назарынан тыс қалған емес.
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Жұбанов Сексеуіл кентінде темір жол саласы қызметкерлерін құттықтап, сала қызметкерлеріне түрлі марапаттар табыстады.
Кездесу барысында Жәнібек Жарасұлы: «-Ел мен елдi, қала мен қаланы байланыстырып отырған темір жол қатынасының ел экономикасы үшiн маңызы зор. Темір жолдың темірдей тәртібіне бағынған жауапкершіліктеріңіз бен көлік және байланыс саласындағы сүбелі үлестеріңізді біз әрдайым жоғары бағалаймыз. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деп лебізін жеткізді.

Кәсіби мерекеде темір жол көлігі қызметін жетілдіру мен дамыту жолында еңбек етіп жүрген, жігерлі іс-әрекеттерімен жоғарғы нәтижелерге қол жеткізген бірқатар қызметкерлер облыс және аудан әкімінің, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Темір жол мемлекеттің шаруашылық және өндірістік дамуында экономикалық және сауда байланыстарын кеңейтудегі негізгі саласы саналады. Ал осы салада қызмет ететін еңбеккерлер қоғамда зор сый-құрметке ие.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
02 тамыз 2020 ж. 1 435 0