Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Салаға серпін берген...

Салаға серпін берген...

Қай саланың болмасын экономикаға қосар үлесі қомақты. Жарық, су, жылу, тіпті тазалық пен қолөнер де тұтас қоғамға кірпіш болып қаланар қалыпты өмірдегі керек салалар. Солардың ішінен темір жол саласының шоқтығы биік. Өз маңызын жоймай, экономиканың күретамырына айналған бұл саланың ел ырысын еселей түскені даусыз. Құлан жортқан құба белді кескілей өтіп, алыс-беріс пен барыс-келістің бес батпан бейнетін жеңілдеткен темір жолда жүк тасымалының тамырын бүлкілдеткен бір мекеме болса, ол – Арал қаласындағы «Арал теңізі» станциясы.

Т.Шүренов басшылық ететін бұл станцияның тарихы әріде жатыр. Заманында Орта Азияның күретамыры болған Орынбор-Ташкент темір жолын салу маңыздылығы бүгінде ғасырлар мұңын дөп басқанмен, оның жұмысын қалыпты жүргізуде бүгінгі мекемелердің жұмысы айрықша басымдыққа ие болып келеді.
«Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы» АҚ-ның Қызылорда бөлімшесі жүк тасымалы филиалының «Арал теңізі» станциясы бүгінде жүк тасымалы қызметінде кестеге сай қалыпты жұмыс жүргізіп келеді. 40-қа жуық қызметкері бар үздік ұжымның жауапты салада еңбек етіп келе жатқаны, әрине, мақтан етуге тұрарлық. Себебі уақытпен санаспайтын бұл жұмыста салғырттық пен жауапсыздыққа жол жоқ. Ал кемшілік орын алған жағдайда, жол үстіндегі өмір мен күретамырдың тоқтаусыз бүлкілі бұзылуы мүмкін. Сондықтан сапалы жұмыс пен жемісті нәтиже бұл ұжымда басты жетістік ретінде бағаланады.
Иә, тонналаған жүкті арта көшкен керуендей тізбектелген вагондардан келген жүктерді қабылдап алып, артылар жүкті уақытылы жайғастыру ісі қазіргі уақытта іргелі ұжымның күн құрғатпай айналысатын негізгі жұмысына айналған. Бұдан бұлай да білікті маман, талапшыл басшы басшылық ететін бұл ұжымның уақытпен санаспайтын жұмыстары одан әрі де жалғаса бермек. Байқап қарайтын болсақ, аудан көлемінде соңғы жылдары салаға теріс әсер ететін де елеулі жол оқиғалары орын алмаған. Мұндай көрсеткішке ие болып тұруда біз әңгімеге арқау еткен «Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы» АҚ-ның Қызылорда бөлімшесі жүк тасымалы филиалының «Арал теңізі» станциясының қосқан үлесі зор.
05 тамыз 2020 ж. 647 0