Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлік берекеге бастайды

Бірлік берекеге бастайды

Жуырда облыста өткен аудандардың өзекті мәселелері мен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талданған  жиында аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің есебін тыңдадық. Онда ауданның даму көрсеткіші сараланып, макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Арал ауданы 3-орынға тұрақтап , сондай-ақ ауданда мал шаруашылығынан алынатын өнім де көбейгенін білдік. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ет, сүт және жұмыртқа өндіру артығымен орындалған.
Сонымен бірге жиында Арал өңірі минералдық ресурстарға бай өлке болғандықтан, осы салаларға әлеуетті инвесторлар тарту қажеттігі баса айтылды. Мұнан бөлек, басқа аудандарға қарағанда Арал өңірі мал және балық шаруашылығына көп бейімделген. Дегенмен, биылғы жылы су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы мал азықтық және көкөніс, бақша дақылдарын егу қолға алынғаны көңілімізді бір серпілтті.
Бір қуантарлығы, облыс аудандары арасында  бірінші болып жаңбырлатып суару әдісінің жаңа технологиясы тәжірибеге енгізілген. Сондай-ақ жиын барысында ауданның кадрлық әлеуеті, қоғамдық-саяси ахуал мен қауіпсіздік мәселесі жан-жақты сөз болды.
Бүгінде аудан әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша қарқынды дамып келеді. Жұмыссыздық мәселесі де оң шешімін тауып, көпшілік тұрғындар шағын кәсіп ашып,  басқаларға үлгі болуда. Соңғы жылдары ауданда біршама оңтайлы өзгерістер орын алды. Соның дәлеліндей, өңірімізде мал басы көбейіп, шағын цехтар ашылуда. Өнеркәсіп өндірісі өнімінің көлемі артығымен орындалды. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі негізінен «Аралтұз» АҚ-на және «Қамқор локомотив» ЖШС-нің үлесіне тиесілі. Жыл аяғында "Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау" зауыты іске қосылатын болады. Былтыр аудан тұрғындары қуаңшылықтан айтарлықтай зардап шекті. Дегенмен  аудан басшысы бастаған азаматтар бұл қиындықтан да алып шықты. Бүгінде Қамбаш көлі суға толды  және Сыр беткейдегі көлдердің жағдайы дұрысталды. Бұған аудан жұртшылығы өз үлестерін қосып, бүгінде ауылдық округтерде тұрғындар бақша салып, жемісін татуда.
 Сонымен қатар аудан халқы үшін құрылыс нысандары бой көтеріп, мектеп, балабақша салынып, ел игілігіне берілуде. Айта берсек аудан көлемінде атқарылған істер жетерлік. Бастысы, елде бірлік-береке болса, Арал өңірі өсіп-өркендей бермек.
К. Махсұт
05 тамыз 2022 ж. 394 0