Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 17 мың бала 1-сыныпқа барады

17 мың бала 1-сыныпқа барады

Қызылорда облысында бірінші сыныпқа құжат қабылдау аяқталды. Бұл науқан 1 сәуір мен 1 тамыз аралығында жүргізілді. 4 айға созылған қабылдауда облыс бойынша 17 371 өтініш түсті. Өтініштердің 93%-ы электронды форматта, 7%-ы қағаз түрінде тапсырылды. Бұл туралы бүгінгі өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердаулетов мәлімдеді.
Аталған оқушылардың 89,7%-ы мемлекеттік тілде оқуға құжат тапсырды. Қазақ тілінде оқуды таңдаған бірінші сынып оқушыларының ең көп саны Арал, Жалағаш, Жаңақорған, Сырдария аудандарында. Осы жағынан аймағымыз республикада көш басында тұр.
Электронды түрде құжат қабылдаудың 1 тамызда аяқталғанымен, түрлі отбасылық жағдайларға байланысты құжатын уақытылы өткізе алмаған ата-аналар өздері таңдаған білім беру ұйымына барып қағаз түрінде өтініш білдіре алады, – деді Бағдат Камбозұлы.
Бүгінде барлық білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы, күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сай аяқталып, оқушыларға қажетті оқулықтар 20 тамыздан кейін таратылады. Ал алғашқы қоңырау салтанатты іс-шарасы жылдағы дәстүрге сай 1 қыркүйекте аталып өтіледі.
Оқу форматы туралы қоғамда түрлі жаңсақ пікірлер тарап жатыр. Айта кетейін, жаңа оқу жылында оқушылар дәстүрлі форматта білім алатын болады. Бірақ та, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты кейбір шектеу шаралары (қоғамдық орындарда бетперде тағу, күнделікті келушілердің температурасын өлшеу) қабылдануы мүмкін, бірақ онлайн оқу болмайды, – деп түсіндірді басқарма басшысының орынбасары Бағдат Бердаулетов.
Айта кетейік, мектеп формасына өзгерістерді енгізу туралы шешім мектеп жанындағы қамқоршылық кеңеспен (мектеп кеңесі, ата-аналар комитеті) келісу арқылы мекеме басшысымен бекітіледі. Егер қамқоршылық кеңесте келісілмеген жағдайда мектеп формасын сатып алу міндеттелмейді.

syrboyi.kz
05 тамыз 2022 ж. 413 0