Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаратереңдегі қажырлы еңбек

Қаратереңдегі қажырлы еңбек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екендігіне әркез халық назарын аударып келеді. Расымен де ауыл шаруашылығы секторларының қанат жаюына мүмкіндік беретін болсақ, импортқа тәуелділік бәсеңдеп, елдің экономикасы дами түсетіндігі жасырын емес. Бұл тұста қаратереңдіктер ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрып, бау-бақша өсіруді қолға алуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1-қыркүйегінде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында:
– Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлкі хабдарын құруға жұмылдыру керек. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар шыны керек, өлместің күнін кешіп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отырғанымыздың себебі де осы. Кооперация жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқықтар сақталады.  Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл жасырын емес. Сондықтан кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу керек, –деген болатын.
Міне, содан бері ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін дамыту жүйелі жолға қойылды. Оған дәлел Арал ауданына қарасты Қаратерең ауылдық округінде бау-бақша дақылдарын өсірудің қолға алынып, бүгінде ел игілігін көріп отырғандығы.
– Осы жылдың ақпан айында аудан әкіміне бау-бақша өсіру үшін 14 гектар жер сұрап ұсыныс бердік. Дарияның сағасынан жер телімі берілді. Қазіргі күні аталған жердің 1 гектарына бақша дақылдар, 6 гектарына мал азығын қамтамасыз ету мақсатында жоңышқа егілді. Бау-бақшада қияр, қызанақ, қауын, картоп сынды жеміс жидектер егілді. 6 гектарға егілген жоңышқа да тегіс шықты, – дейді ауыл әкімі Серікбай Жұбаниязов.
Бүгінде бау-бақшада піскен өнімдер ауыл тұрғындарын толық қажеттілікпен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ егілген жоңышқаның да 1 гектары шабылып, сатылымға шығарылды.
Шаруашылық басында әзірге 4 адам жұмыспен қамтылған. Өнім өндіру көлемі артып, жоңышқа шабу науқаны басталған тұста тағы басқа бірқатар ауыл тұрғындары маусымдық жұмысқа тартылатын болады.
– Қаратерең аудан орталығынан шалғай орналасқан ауыл болғандықтан бақша дақылдары пісетін уақытта халықты жеміс-жидек, көкөніспен қамту қиындық тудыратын жасырын емес. Біздегі ауа температурасы да жаз мезгілінде өте ыстық болады. Бұл да аталған өнімдерді өз қалпында ауылға жетуіне кедергі келтіреді. Соны түсінген ауыл тұрғындары біртіндеп бау-бақша өсіруді қолға алып отыр. Мәселен, Нағашыбай Орынбасаров, Иманғали Дүйсенғалиев, Сайлау Мінәжов, Шари Байтуғанов сынды ауыл тұрғындары ауласына алма, өрік, жүзім секілді жеміс ағаштарын отырғызып, мол өнім алып отыр. Бұл кісілердің еңбегі өзге де ауыл тұрғындарының қызығушылығын оятып, егін егуді қолға алуына септігін тигізуде, – дейді ауыл әкімі.
«Елде болса ерніңе тиеді» деген тәмсіл сөз бекер айтылмаса керек-ті. Қаратереңдіктердің табанды еңбегінің арқасында қазіргі күні бақша дақылдары өз жемісін беріп, ауыл тұрғындарын толық қамтамасыз етіп отыр. Бұл игі іс те ауылдықтардың еңбекқорлығы мен ауызбіршілігінің дәлелдеп бергендей. 

Назерке МАРАТҚЫЗЫ

09 тамыз 2022 ж. 445 0