Аралдың базарлары

Қазақтың бір дарынды, ойшыл қаламгері Асқар Сүйлейменовтің «Қаланың паспорты – базар» деген сөзі бар. Тауып айтылған осы сөздің жаны бар сияқты. Өйткені қай қалаға жол түсіп барса да, жұрт сол қаланың базарын бір араламай қайтпайды. Оның үстіне халқымыздың «базарға барып бағыңды сына» деген мақалы еске түседі. Базар деген көне сөздің мағынасы кең-ақ. Базар – өмірдегі, тіршіліктегі молшылықтың, баршылықтың белгісі сияқты ұғылады. Бұл сөздің жағымды әсері болғандықтан да шығар, әке, аналарымыз өмірге келген ұл-қыздарына Базар, Базарбай, Базарбек, Базаркүл, Айтбазар, Базарай деп ниеттеп қойып келеді. Құлаққа сіңген және бір жағымды сөз бар: Ол – «базарлық» деген дәстүр. Қалаға, басқа жаққа кеткен адам елдегі, ауылдағы бауырларына, сыйластарына міндетті түрде кәделеп базарлық әкеліп, оларды қуанышқа бөлейтін болған.
Бүгінгі әңгімемізге жүз жылға жуық тарихы бар қаламызда қайнаған тірліктің бір көрінісі болған Арал базарлары арқау болғалы отыр. Базар –әдетте ашық, кең алаңдағы сауда-саттық орны. Базарда қалаға сырттан әкелінген ауыл шаруашылығы өнімдері, көпшілік қолды тауарлар, қолөнер бұйымдары, жеке адамдардың басы артық дүниелері, өздері өндірген, жасаған заттары сатылады. Жергілікті сатушылармен бірге сырттан келген саудагерлер де болады.
Арал қаласындағы алғашқы үлкен базар – отызыншы жылдары қазіргі жаңа №14 мектеп ғимараты маңынан басталып, батыс бетіндегі М.Рысқұлов көшесіне қарай созылып жатқан ашық аумақта болған. Сол маңдағы бірнеше көшеге ортақ «Базарная площадь» атауы болатын. Қалалықтар мен жан-жақтағы балықшы, малшы ауылдардың тұрғындары әр аптада бүкіл саудасын осында келіп жасайтын. Бес саусағы майысқан шеберлер мен ұсталар, қолы алтын зергерлер, қарапайым жандар да түрлі бұйымдарын саудаға салатын, нәпақа айыратын. Қолдан басылған киіз, тоқылған алаша, шұлық, теріден тігілген тон, ішіктер, шалбар, етік, мәсілер көздің жауын алып тұратын. Жергілікті жердің байлығы тұз бен балық, төрт түлік мал мен оның азықтық өнімдері де осында сатылады. Көбіне ақша болмағандықтан, ол жылдары адамдар бір-бірімен айырбас саудасын жасап, бірінде жоғын бірі алатын. Ұлы Отан соғысының қатал да таршылық жылдарында да осы «Базарная площадьтағы» сауда қызып жататын.
1947 жылы Кеңес өкіметі ақша реформасын жүргізді. Экономикада да реформалық өзгерістердің нышаны білініп, Арал қаласының батыс шетінде ұзыннан-шұбақ созылып жатқан ескі базары қазіргі Зейнолла Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінің Бақтыбай батыр көшесі бетіндегі арт жағына көшті. Онымен арқалас аудандық Балықшылар тұтыну одағы мекемесі орналасқан еді.
Бақтыбай батыр көшесіндегі бұл базар сол кездегі қала тұрғындарында қазақтардың санының еселеніп артуына байланысты ұлтымыздың дәстүрлік ерекшеліктерінің көріністері бар сауда орны болды. Малды колхоздардан түйеге артылып қымыз, шұбат, сүт өнімдері, құрт-ірімшік, қолдан пісірілген самса, тәттілер молынан саудаланатын. Ұлттық өрнектегі сандық, кебежелер үлдіріктер сән-салтанатымен көз тартып тұратын. Оларды жасайтын әмбебап сандықшалардың, етіктің сан түрін тігетін кәсіби етікшілердің атағы аспандап тұрды. Қала жұртшылығы демалыс күндері үлкен-кішісі қалмай, тойға баратындай барларын киіп, осы базарға қарай ағылатын. Базар ішіндегі дүниелер жай күндері де жұмыс істей беретін. Іздеген адам не керектің бәрін осы базардан табатын. Теңіз жағалауында тұратындар ауға түскен торта-шабақтарын осындағы жаймаға қоятын. Қазірде жасамыс кісілеріміз осы базардың қызықтарын ауыздарының суы құрып отырып әңгімелейді. Арал теңізінің алыс жағалауларындағы ауыл адамдары қалаға кеткен қыдырушылардың қалтасына жиған-терген тиын-тебенін салып, керек заттарын өтініш етіп айтып аманаттайтын.
Қоғам, заман алға қарай дамиды. Уақыт өткен сайын қалада да түрлі өзгерістер болып жатады. Елдің экономикасында серпін пайда болды. Әлеуметтік жағдайдың түзелуі, халықтың тұрмыс-тіршілігінің оңалуы, қала аумағы мен тұрғындар санының артуына байланысты базарлар да жаңа типке өзгеріп, түрленіп, жаңарып отыруы заңдылық емес пе?!
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары қазіргі К.Дәрібаев көшесіне биік қақпалы, ішкі жағы асфальтталған заманауи базар салынды. Соған сәйкес көше де Базар көшесі деген атауға ие болған. Оның аумағында бірнеше үлкен дүкен болды. Ол жылдардағы ерекшелік – базар саудасы демалыс күні түс ауғанша қызып барып басылатын. Саудаға түсетін заттар алуан түрлі еді. Сатушылар мен алушылардан бөлек қызық қуып көріп кетуге келгендер де жетерлік-тұғын. Мезгіл-мезгіл ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығына қарасты кеңшарлар мен ұжымшарлардың өнімдері сатылуға арзандау бағада шығарылатын жәрмеңкелер ұйымдастырылатын. Бұл базар жаңа әрі замануи үлгіде болғандықтан, атаулы күндері мерекелік шаралар да өткізіліп жататын. Ел кезген әулие-әмбиелерге жұрттың ықыласы 90-жылдары жүздеген адам жиналатын емдік сеанстар де болатын. Ал жанындағы мал базары жексенбі күні таң қараңғысында басталып, күн шыққанға дейін сақал сипасып аяқталатын. Бұл да біздің жердің мал базарының бір ерекшелігі еді.
Кеңес өкіметі қақырап, еліміз тәуелсіздігін алумен қатар жаңа қоғамдық қатынас–нарықтық экономикаға ендік. Өндіріс орындары бірінен соң бірі тоқтады. Ауыл мен қаланы жұмыссыздық жайлады. Әуелгі қиыншылық жылдары жұрттың бәрі ала сөмке арқалап саудаға шықты. Ұзақ жылдар бойы П.Құттымұратова (бұрын Порт көшесі) көшесіндегі көк базар (жұрт оны ертеде базар басының есімімен Тәшен базар дейтін немесе жағалай ағаш тақтайдан салған жаймалары болғандықтан Тақтай деп те атайтын) халықтың күнделікті азық-түлігін қамтамасыз етіп тұратын. Кейін басқа да түрлі заттар сатылатын болды. Түркістан, Ташкент, басқа да жақтардан жеткізіп сауда көрігін қыздырушылар көбейді. Бірақ базар аумағы тарлық еткендіктен де, ендігі базар осы күнгі орталыққа көшірілді. Үлкен аумақты алып жатқан «Дархан», «Қанағат», «Жақсат», «Алтай», тағы басқа базарлар уақытпен үндесіп жұмыс істей бастады. Кейінгі жылдары орталық базар аумағы түрлі дүкендер мен маңындағы көшелерге ентелей еніп еселене кеңейді. Азық-түлік, өндіріс тауарлары, құрылыс материалдары, көкөніс, тіпті қала мен ауылдың малының сүт өнімдері тұтынушыларға әр күні керегін ұсынады. Базар – қашандағыдай тіршілік көзі боп тұр. Ауыл-ауылға жүретін автокөліктер де осы жерден қозғалады. Базаршылар мен сатушыларға арналған шайхана, асханалар қызмет көрсетуде.
Қазір жалғыз орталық базар ғана емес, қаламыздың әр тұсында мал базары, бақша өнімдері базары, еңселі сауда үйлері көптеп ашылып жатыр. Үлкен сауда үйлері бір базардан кем емес және аптаның қай күнінде де ашық. Сатушыларға жасалатын жағдай жылдан жылға жақсару үстінде. Ана бір жылдардағыдай жазда аптап ыстықтың, қыста қақаған аяз бен боранның астында тұратын уақыт келмеске кеткен.
Міне құтты қоныс Аралдың қала атанып, көркейген, сәулеттенген ғасырға жуық уақыт ішінде қала базарлары да заман, қоғам талабы мен сұраныстарына орай бірнеше мәрте осылайша жаңарып тұрған екен. Қаланың бір төлқұжаты оның базары деген пікірге ден қойсақ, біздің шаһардың да сәулеті мен дәулетін осыннан көреміз. Хакім Абай «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар» дегеніндей, халқымыздың өмірінен баршылықтың базары ешқашан тарқамасын.
Ерғали АБДУЛЛА