ТЕҢІЗ ТӨСКЕЙІНДЕГІ ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ
Биылғы жылы Арал ауданында құрылыс саласында барлығы 10 жобаны іске асыруға 4,5 млрд. теңге қаржы қаралды. Соның ішінде Арал қаласындағы №14 мектептің қосымша құрылысы, 150 орындық аудандық орталық аурухананың ғимараты мен қос қабатты әкімшілік ғимараты жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл туралы брифингте аудан әкімі Мұқтар Оразбаев ақпарат құралдары өкілдеріне айтып берді.Сондай-ақ, Арал қаласында ашық спорт алаңы мен балалар ойын алаңының құрылыстары аяқталып, өткен аптада қолданысқа берілді.
Ауданда ел игілігіне осы жыл ішінде берілген құрылыстардың қатарында Сексеуіл кентінде спорттық-сауықтыру кешені мен аудандық №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жаңа ғимараты бар.
– Өздеріңіз білетіндей, Арал қаласындағы Тайыр Жароков көшесі №2 мекен-жайында орналасқан екі қабатты ғимаратта төтенше жағдай орын алған болатын. Аталған ғимарат 1986 жылы балабақша мақсатында салынып, 1990 жылдардың басында тұрғын үй ретінде берілген. Ғимарат төрт блоктан құралса, блоктардың арасына салынған өткелдің екінші қабатының төбе жабындысы құлады. Жалпы, ғимаратта 19 пәтер орналасқан. Бұған қоса, Арал қаласында Аралтұз көшесі №36 мекен-жайда орналасқан 8 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйде апатты жағдайда болатын.
Аймақ басшысының жедел әрекетінің нәтижесінде облыстық бюджеттен 310 млн. теңге қаржы бөлініп, 27 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, өткен аптада тұрғындардың игілігіне пайдалануға бердік, - деді М.Оразбаев.
Бұған қоса, ауданда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 5 елді мекеннен медициналық пункт (Сазды, Ақбай, Шөмішкөл, Қосаман, Тастақ), 1 елді мекеннен фельдшерлік акушерлік пункт (Жаңақұрылыс) және 1 елді мекеннен дәрігерлік амбулаторияның (Бекбауыл) құрылыс жұмыстары жүргізілуде.