Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыл сайын мың адамға артып келеді

Жыл сайын мың адамға артып келеді

Ахмет Байтұрсынұлы 1915 жылы «Алһам-дилля, аз емеспіз, алты миллион қазақпыз» деген екен. Сол кезде алтыншы миллионға аяқ басқан қазақ халқының отыз жылда үш рет дүркін қайталанған күшті демографиялық апаттан (1916-21, 1931-33, 1941-45 жылдар) саны жартысынан да төмен түсіп кеткені аян. Танымал демограф Мақаш Тәтімов «Қазақстанның өз территориясында осы ұлы демографиялық дүрбелеңдер алдындағы 1915 жылғы 5 миллион халқынан 1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталғанда 2 миллионға әрең жетер-жетпес қана саны қалған» деп көрсетеді. Отаршылдар мен әміршілдер ХХ ғасырда небір зұлматты қырғынға, саяси қуғынға, ғаламатты геноцидтер мен қасіретті қайғыға ұшыратпағанда мұндай жағдай болмас па еді дейміз ғой. Шынында 300 жылдай жаугершілік заманды өткерген, 75 жылдай әкімшіл-әміршіл жүйеден езіліп-жанышталған қазақ халқы өткенді еңсеріп, азат ел ұрпақтарының бүгінгі демографиялық ахуалы қандай?

Расында әр халықтың демографиялық санасы сан қырлы, көп қатпарлы. Тарих бедерлерінде талай тарихи-демографиялық сынаққа ұшыраған қазақ қоғамында халықтық демография ұлттық сананың мәйегі мен басты дәнекері болып келген. Оған дәлел халқымызды ыдыратып, қырып-тоздырудың бар амал-айлаларына төтеп беріп, орны толмас тарихи шығынға ұшыраған ата-бабаларымыздың ұлттық рухының сөнбей, бізге жеткені. Осы орайда, бүгінгі күні саяси-демографиялық ой-сананың рөлін арттыру мен халық санының өсіп-өну үдерісінде ұлттық рухтың маңызы басым.
Бірақ жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орынға табан тірейтін еліндің демографиялық ахуалы – мемлекеттік маңызды мәселе. «Құс қанаты талып, тұлпар тұяғы тозатын» тоғызыншы территорияның төрі халыққа толмаса, қауіп-қатер де азая қоймайды. Өсім өрге басса, ел еңсесі көтеріліп, ұлттың қауіпсіздігі де нығая түседі. Мәселен былтырғы есеппен айтатын болсақ, 18 млн 877 мыңды құрайтын халқымыздың 69-70 пайызы қазақтар болған. Жалпы осынау дархан даламызға халық санының аздық ететіні халықтың орналасу тығыздығы жағынан жаһанда 184 орынды алатынынан анық байқалады.
Бірақ еңбек ресурстарын дамыту орталығы мәліметіне сүйенсек, елімізде халық саны 2050 жылға қарай едәуір көбейеді. Егер туу және өлім көрсеткіштері болжамға сай сақталса 2030 жылы-ақ халық саны 20 миллионнан асып жығылады деп отыр.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығы әзірлеген бұл болжамды талдауға сай елімізде 2030 жылға қарай 20,8 миллион халық болса, 2050 жылы бұл көрсеткіш 27,7 миллионға дейін жетуі мүмкін. Бұл ретте ескерер жайт бар. Яғни, егер өлім мен туу көрсеткіштері 2021 жылғы деңгейде, ал сыртқы және өңіраралық көші-қон 2017-2021 жылдардағы орташа мәнде сақталуы тиіс – делінген ақпаратта. Олардың есебінде кейбір қалалардың көрсеткіші айтарлықтай өсімге ие болады дейді. Мысалға, 2030 жылға қарай Нұр-Сұлтандағы тұрғындар қатары 420 мың адамға көбейіп, 1,7 миллионды құраса, Алматы қаласындағы халқы 20 пайызға артып, 2 миллион 466 мыңға дейін жетуі мүмкін. Ал Шымкент қаласы өсу бойынша көшбасшы болады деген болжам бар. Ондағы халық саны 1 миллион 679 мың адамға артып, 2,8 миллионға жетеді деген болжамдар қаншалықты орындалады екен. Ал әлем халқы 2058 жылы 10 миллиард болады деп санайды.
Бірақ демографиялық жағдай екі жолмен өзгереді десек, соның бірі – табиғи өсім. Бұл үшiн аналарға жасалатын көмек, медициналық жәрдем және әлеуметтiк жәрдемақылар өсуi керек. Қазақстанда табиғи өсім оң бағытқа ие. Дегенмен бүгінгі таңда ана мен бала өлімі көрсеткіші жоғарылады деген ақпараттарды да жиі көзіміз шалады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, еліміз бала өлімі бойынша 79-шы, ал ана өлімі бойынша 42-ші орында екен. Биыл республикамызда 24 ана өлімі тіркелген.
Ал аудандағы ахуал демографиялық өсімге кедергі келтірер ме екен деген сауалға Арал ауданаралық ауруханасы Бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Ағила Мектепбаеваның:
– Бүгінгі күні ана мен бала мәселесі біз үшін ең маңызды дүние болып табылады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер саны – 15041. Ал 1 жасқа дейінгі сәбилер саны – 1849. ҚР ДСМ ұсынған басты индикаторы ол осы сәби өлімін болдырмау, алдын алу бағытында жұмыстарды күшейту күнделікті күн тәртібімізден түскен емес. 2021 жылы  6 айлық есеппен аудан бойынша 9 жағдай орын алып,  сәби өлімі көрсеткіші 9,9 промилль болды. Ал 2022 жылдың 6 айында 8 сәби шетінеп, көрсеткіш 8,7 промилльге төмендеді, – деген сөзі жауап болады.
Байқасақ берген мәліметінен жағдайдың тұрақтылығы байқалады. Ал осындай тұрақты жағдайда аудандағы демографиялық жағдай қалай? Аудандық статистика бөлімінің басшысы Еламан Қапановтың айтуынша:
– Соңғы жылдары елдегі жағдайлар белгілі ғой. Біздің жұмысымызда осыған тікелей байланысты. Жалпы демографиялық жағдайды бақылауда баланың туу көрсеткіші, өлу көрсеткіші сондай-ақ көші-қон ахуалы басты назарда ұсталады. Оны жекелей талдауға да болады. Бірақ дәл қазіргі уақытта туу көрсеткіші өте жоғары. Соларды тіркей отырып, төмендегіше даму көрсеткішіне қол жеткізіп отырмыз. Нақтырақ тоқталып өтетін болсақ, 2020 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткішке сәйкес ауданда 79 693 адам, 2021 жылдың 1 қаңтарында 80 569 адам, 2022 жылдың 1 қаңтарында 81 738 адам бары ақынталды. Осы сандарға қарап отырып, аудан халқы жылына орташа есеппен 1000 адамға артып келеді десек болады, – дейді.
Түйін:
Аудандағы демографиялық жағдай қалыпты. Жоғарыдағы мамандардың сөзінен соны байқадық. Ал Еңбек ресурстарын дамыту орталығы әзірлеген болжам қаншалықты орындалар екен? Расында халықтың ахуалы да бұл өсімге өзіндік қарқын қосады. Ендеше жаңа Қазақстанның болашағы мемлекеттің жаңа қолдауларымен кемелдене түседі дейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
09 тамыз 2022 ж. 454 0