Қымбат жасау жастардың бақытына кепіл бола ала ма?
«Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген қазақ үкілеп өсірген қызын жасаусыз ұзатпаған. Қыз берген тараптың шығыны мен келін түсірген жақтың талабы қандай? Жақында әлеуметтік желіден Маңғыстауда жаңа түскен келіннің жасауын ашқан қос әйел артынша қызыл лентамен оралған ақ тұлпардың кілтін көрсетті. Сөйтсек бұл ұзатылған қыздың артынан келген екен. Сондай-ақ божеткеннің артынан түрлі-түсті қымбат бағалы 12 шуба бір-ақ келгенін де көріп, жағамызды ұстағанымыз бар. Не деген ысырапшылдық?! Шын мәнінде қазақта қыз жасауы осындай болған ба деген заңды сұрау туындайды.
Қазақ халқы қыз жасауына зор мән берген
Осы орайда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Л.Маxайқызының айтуынша, қазақ қыз жасауын тұрмыстық жағдайына қарап жинаған."Көрпеңе қарай көсіл" деп бекер айтылмаса керек. Бұрынғы кездері қыз жасауы тек малмен есептелген. Бір табын сиыр, бір отар қой, бір үйір жылқы, түйе малы, отаулап ағаш үй тігіп, қыздың жасауын бар сән-салтанатымен әзірлеп беретін. Кедей деген қыздың өзіне қазақ артынан 40 жылқы апарған. Қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіров те өз еңбектерінің бірінде қазақтың "қыз туғанда 40 жылқы келді" деп қуанғанын айтады.
Ал психолог Б.Сақтағанның айтуынша, қалыңдыққа берілетін дүние-мүліктің қымбатқа түсуі ата-ананың өзгелерден озық болуға тырысуының бір белгісі. Бұл кейде балалар арасындағы алауыздыққа әкеліп соғады. Бірінші балаға үлкен той жасайды да, екінші балаға келгенде ондай той жасауға жағдайы келмей қалып жатады. Соның негізінде отбасында ері мен әйелі, ата-аналар мен балалар арасында түсініспеушіліктер мен ұрыс-керіс, жанжалға әкеп соғады. "Ана ұлға үлкен той жасадың, қаншама сыйлық берілді, маған келгенде ондай нәрсеге шамаларың келмей қалды" дегендей реніштер болып жатады. Бұған жастардың отбасындағы жағдайды көре білуі, білімі жетпей жатады.
«Жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді»
Қыз жасауына халқымыз ертеден ерекше назар аударған. Ұзатылатын қыздың ата-анасы күнделікті тұрмысқа қажетті дүниелерді апаруға тырысқан. «Жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген тәмсілді қаперіне алған кейбір аналар қыздың кішкентай кезінен жасауын жинай бастаған. Қала тұрғыны Әйгерімнің жасауы да өз қатарластарынан асып түспесе, кем болмаған. 2020 жылдың қазанында құтты орнына қонған арудың артынан апарылатын дүниелерді анасы қызы мектепте оқып жүргенде жинай бастаған. Көрпе-төсегін тігетін қымбат маталарды, қолына түскен ыдыс-аяқтарды сатып ала беріпті. Қалған жетпес заттарын ұзатылар алдында түгендеген.
Қазірде қыз жасауына жұмсалатын қаражат той шығынынан асып кетпесе, кем түспейді. Дегенмен «елден ұят болады» деген желеумен қыз төркіні алды-артына қарамай шығындалып, қалыңдықтың сандығын, шабадандарын толтыруға асығады. Төсек-орын, киім-кешектен бөлек, қыздың артынан үй жиһаздары, перде, кілем, тұрмыстық техника, ас үйге қажетті құралдар апарылатынын ескерсек, қызын ұзататын ата-ананың қаншалықты шығындалатынын болжай беріңіз. Кейде қызының барған жерінде абыройы үстем болуын ойлайтын ата-ана мүлікті таңдағанда керек-керек емес деп айырмай, астамшылыққа барып жатқанын өздері де байқамай қалады.
Екі қыз ұзатып, екі келін түсірген, көпті көрген зейнеткер Алмагүл апа қызға төсек беруде де ысырапшылдықтың көбейгеніне қынжылыс білдірді.
– Қыз жасауын дайындағанда қаржыны ұсақ-түйекке жұмсағанша, жастарға үй алуға көмектесу керек. Қазір жастарға ең бастысы – баспана керек. Жас отбасылардың көпшілігі үй-күйсіз, жалдамалы пәтер жағалап жүр. Бүгінде ата-аналар қызының артынан кір жуатын, ыдыс жуатын машиналарды және де басқа заттарды үсті-үстіне алып жатады. Сол алған заттарды кіргізетін өз баспаналары болмағасын, дүниенің қажеті қанша? Сондықтан әуелі екі жастың ата-анасы өзара бір шешімге келіп, балалардың үйлі болуына жағдай жасағандары жөн деп ойлаймын. Мәселен, дүние-мүлікке жұмсалған қаражатты үй алуларына берсе, үлкен көмек болар еді. Үйлі болғаннан кейін отауларын дүние-мүлікке толтыруға өздері-ақ ынталы болмай ма?‒ дейді ақ жаулықты ана.
Дүние-мүлікті еңбекпен тапса, отбасының іргесі берік болады
Аялап өсірген отбасының қамын ойлайтын қыз қияға ұшарда «маған анау керек, мынау керек» деп ата-анасын қарызға батырып кетпесе керек-ті. Ондай жағдайға бармас үшін әке-шеше баласының бойына кішкентай кезінен қарапайымдылық пен қанағатшылдықты сіңіріп өсіргені абзал. Осы орайда, қарт Қаратаудағы Келіншектау туралы аңыз ойға оралады. «Ертеде бiр дәулеттi кiсi қызын ұядан ұшырарда оның ыдыс-аяғын түгелдей алтыннан жасатыпты. Алайда, итаяғына келгенде алтын таусылып қалған көрiнедi. «Итаяғым алтыннан емес» деп жылаған қызына әкесi қатты налып, «тас бол!» деген екен. Содан әке қарғысы қабыл болып, ұзатылып бара жатқан қалыңдық жасауымен бiрге тасқа айналып кетiптi. Келiншектау атауының шығу тегi осындай» дейдi көнекөз қариялар. Ел аузындағы бұл аңыз ертең өзге отауға ұзатылар әрбiр қыз балаға ой салуы тиіс.
Биыл жоғары оқу орнын тәмамдаған Асыл жуырда өзге шаңырақтың табалдырығын аттамақ. Өзі Аралдың тумасы, болашақ жары – Алматының жігіті. «Екі өңірдің той дәстүрлерінде айырмашылық бар. Ертең екі жақта түсініспеушілік туындамас үшін жуырда анам мен болашақ жарымның анасы кездесіп, жөн-жоралғылар туралы бір-бірімен ақылдасты. Шығынды неғұрлым азайтып, ең маңызды дәстүрлерді жасауға уағдаласты. Сөйтіп жасауды қаржылай беретін болды. Өйткені үйленген соң алғашқы салымын аударып, ипотекалық несиеге пәтер алғымыз келіп отыр. Ата-анамыз ұсақ-түйекке ақша жұмсағанша, жастарға тезірек үй алуға көмектескеніміз дұрыс деп шешті. Анам болса "қызымның алдындағы парызым" деп көрпе-төсегімді тіктіру қамында жүр. Қалған керек-жарағымызды үй алғаннан кейін түгендейміз. Баспана бағасы болса күннен-күнге қымбаттап барады. Тойды аман-есен абыроймен атқарғаннан кейін, өзіміздің жиғанымызды, ата-анамыздың бергенін қосып, бірден депозитке құямыз деп отырмыз», – дейді бойжеткен.
Осы тұрғыда қала тұрғыны, медицина саласының ардагері Бақыт апа:
– Ысырапшылдыққа бой бермес үшін халқымыз бұрындары қызына санаулы төсек көрпесі мен ыдыс-аяғын ғана берген. Бұл үнемшілдіктің астарында үлкен тәрбиелік мән бар. Ата-әжелеріміз екі жас бас қосқаннан кейін қалған дүние-мүлкін өздері еңбекпен табатын болса, олардың отбасының іргесі берік болатынын, жастар арасында сыйластық орнайтынын айтатын. Ал ата-аналары бар дүниесін алып берген, еш нәрседен мұқтаждық көрмеген жастар мұны ұғына қоюы неғайбыл. Сонымен бірге қыз жасауының қарапайым болуы отбасындағы ауызбіршілікті сақтауға себепші болары сөзсіз. Бұрынғы кезде ата-әжелеріміз қыз ұзатқанда төсек көрпе, қонақ көрпе, қонақ күтуге арналған ыдыс-аяқтар мен сандығын ғана берген. Ой елегінен өткізсеңіз, мұның астарында жастарды қанағатшылдық пен қарапайымдылыққа, еңбекқорлыққа баулитын үлкен тәрбие жатыр, – деді.
Ал балабақша тәрбиешісі Ақмарал:
– Ұзатылатын қыз баланың артынан не апарса да жарасады ғой. Қыз жасауын беру ата-ананың парызы болғандықтан, жастарға керекті дүниенің бәрін берген жөн деп ойлаймын. Тұрмысқа шыққан қыз артынан келген әрбір бұйымды анамның әпергені деп көзінің қарашығындай сақтап, ұқыпты пайдаланады. Жасы ұлғайып, өзі ене, әже атанса да «анамның көзі» деп үйдегі кейбір бұйымдарды әлі күнге дейін ерекше ықыласпен қолданатын жандар бар арамызда. Мәселен, анамның берген самаурынын пайдаланып келе жатқаныма 20 жылдан астам уақыт болды. Өйткені ол маған ерекше ыстық көрінеді. Бүгінде ешкім қолдан киiз басып, кiлем тоқымайды, тіпті көрпені де тігетіндер қатары аз. Айналып келгенде, бәрі қаржыға келіп тірелетіндіктен перзентiн ұзатарда ата-ананың қалтасы қағылатыны да сондықтан,– деді ағынан жарыла.
Түйін: Қыз жасауының түгел болуы ұлттық құндылығымыз болар?! Дегенмен елден озуға тырысып қарызданып-қауғалану кімге абырой алып берер дейсіз. Ұзатылған қыздың артынан дүние-мүліктен бөлек пәтер мен автокөліктің кілтін сыйлайтындарды да көріп-біліп жүрміз. Мұндай аста-төк ысырапшылдықты көрген басқа ата-ана да баласын қатарынан кем қылғысы келмей қарызданып, жасауды жарқыратып апарсам деп барын салады. Ал осындай қымбат жасау жастардың бақытына кепіл бола ала ма? Қалай дегенде де қазақ «көрпесіне қарай көсілуді» үйренгені дұрыс-ақ.
К.Махсұт