Сылақшылықтың сырын игерген
Қазақ қолынан іс келетін адамды «ұста» дейді немесе «шебер» деп жатады. Мұны мамандық деп қарастыруға да болатын шығар, алайда құрылыс саласында мұндай іске екінің бірі бара бермесі анық. Демек ұста немесе сылақшы, яки тас қалаушы болу үшін туа бітті дарын немесе айрықша ықылас қажет болатын шығар. Әйтпесе құрылыс саласы кімге болмасын таңсық емес. Сөйте тұра қолынан балға ұстап, шеге қағу келмейтіндер де бар. Ендеше сылақшы немесе ұста болу айрықша қабілетті қажет ететін болар. Сондай қабілеті бар жанды бүгін біз мақаламызға арқау етпекпіз.
Мен де үй салған адаммын. Әрине өз үйімді. Қолдан келгенше қарманып, зәулім қылмасақ та кісі кіретіндей баспана тұрғыздық. Әрине мұндайда ағайынның ауызбіршілігі көмекке келеді екен. Көптеп-көмектеп көп күшті қажет ететін жұмыстарды ретке келтірген соң ішкі жұмыстарын жылдар бойы жасауға тура келді. Мені мықтаған ішкі сылақ. Бұрын әкелеріміз ауылдағы үйді жобаға келтіріп сылап жататынын көретінбіз. Қазіргі үйлерді олай етуге жол жоқ. Ішкі жардың тегістігі тақтайдай болуы керек. Олай ету біздің қолымыздан келмеді. Өз әлімізше түзу етуге тырысқанмен, бұл істе басқамен бәсекелес бола алмасымыз белгілі болды. Осындайда «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз ойға оралады екен.
Осыдан бірер жыл бұрын көршінің үйін сылаған сылақшы жігітпен таныс болдық. Есімі – Бағдат. Таза кәсіби маман дерсіз. Бөлменің жарларына түзулік шығарып әуре болған жоқ. Қолындағы 3 метрлік түзулік құрылғысы арқылы барлық бөлменің жарын мірдің оғындай етіп шығарды. Ол жігіттің жұмыс істеу барысына да куә болдық. Өзгелер секілді түзулік шығаратын темірлерді пайдаланбай-ақ өз жұмысын жоғары деңгейде аяқтады. Таза өз ісінің маманы дерсіз. Жұмыстың мұндай тәсілін қалай игергендігі жайлы сұрағанда, «бұл жай қызығушылықтан туған кәсіби шеберлік» деп жауап қатқан-ды.
– Мен бала күнімнен осы жұмыспен айналыстым деп айта алмаймын. Расында осы сылақшылыққа еңбекке жарап, жұмыс істей бастағалы бет бұрдым. Алғашында өзгелер секілді арнайы түзулік шығаратын темірлерді қолданып жүрдім. Кейін ойланып қарасам оның барлығы өз уақытыңды өзің жеу екен. Әрине жұмыста мін болмасы анық. Алайда ол жұмыстар межелі уақыттардан кешіктіреді. Сондықтан өзім басқаша тәсілді қолға алуға көштім. Алғашында бірден игеру оңай болған жоқ. Шалалық көп болды. Ақырындап барлығын игердім. Қазір ақшаның барлығы осы жұмыста деп ойлаймын. Өз басым жаныма екі көмекші жігітті алып, 1 аптаның шамасында бір үйдің ішкі сылағын толық бітіріп шығамын. Ақысы да аз емес. Міне, құрылыс саласының осы жұмыстарын атқарып келе жатқаныма біршама жылдар болды, – дейді Б.Жұмаев.
Иә, кез келгеннің қолынан келе бермейтін бұл жұмысты оқу өз алдына, тәжірибе арқылы игермесе, нағыз сылақшымын деп айту қиынға соғары анық. Өйткені мұндай жұмыстың артында үлкен жауапкершілік жатыр. Ішкі сылақтарға қолданылатын қоспалардың мөлшерін есептеуді былай қойғанда, ішкі жарларды тақтайдай тегіс етуде айрықша ептілік пен сабырлылық қажет болады. Кейіпкеріміз Бағдаттың бойынан мұндай қасиеттер табылғандықтан ол жұрттың сұранысына сай сапалы жұмыс атқарып келеді.
А. ҚАРАСАЙ