Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» »     Сылақшы сұлулар

    Сылақшы сұлулар

    Мамандықтың бәрі жақсы. Ал, қазіргі таңда қарапайым жұмысшы мамандарға сұраныс күн санап артып келеді.  Мәселен,  ұста, тракторшы, механик, құрылысшы, тіпті дәнекерлеуші сияқты ерлерге тән кәсіпті әйелдер де аса қызығушылықпен игере бастады. Нәзік жандылардың ине-жіп емес, құрылыс заттарын ұстап, ерлерге бергісіз қайраттылығымен, еңбекқорлығымен көзге түскендері қаншама. Әрі бұл жұмысты жігіттерден кем орындамайды. «Егер шеберліктің шыңына жете білсеңіздер, мамандықтың бәрі жақсы» деп Елбасы айтқандай, мамандығын мақтаныш тұтып, сүйікті кәсібіне айналдырып отырған нәзік жандылыр ауданда да баршылық. Енді, тақырыпқа арқау болған еңбекқор сұлулар жайында әңгіме қаузар болсақ, қаладағы салынып жатқан аудандық аурухананың әрлеу жұмыстарын жүргізіп жүрген Ақтолқын Исабаева мен Салтанат Нұржановалар өз істерінің шебері екенін дәлелдеп жүр. Олар левкас тартып, эмульсия жағып, сылақ сылаудан еш қымсынған емес, керісінше мамандығын мақтаныш тұтып, сүйікті кәсібіне айналдырған.  Бес жыл қатарынан «Абусер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірге жұмыс жасап келе жатқан қыздар, қолдары қалт еткенде үлкен қалаларға барып, қосымга үй ішінің, кеңселердің, көп қабатты үйлердің әрлеу жұмыстарын жасайды екен.
    –Жасыратын несі бар, бұл тірліктен басқа жұмысқа ебіміз жоқ. Тек қана бар ынтамызды, ойымызды, санамызды осы тірлікке арнадық. «Басқа түссе, баспақшыл» дегендей алғашқы кезде қиналғанымыз рас. Алайда, әр адамның жұмысқа деген ынтасы мен алға қойған мақсаты болса, қиын деген істердің өзін үйреніп кету оп-оңай. Құдайға шүкір, қолымыздың шеберлігінің арқасында бүгінде нанымызды адал тауып, жеп отырған жайымыз бар. Негізінен, бүгінде қымбатшылық жағадан алған тұста, орташа айлық көлеміндегі жалақыға күн көру қиынның қиыны. Сол үшін де, балаларымыздың болашағы үшін ерлермен бірге иық тірестіре жүріп жұмыс жасап келеміз. Айына 200 мың теңгеге дейін табыс таба аламыз. Бар шаруаны қатар алып жүру әйел адам үшін оңай шаруа емес. Сонда да, отағасымыздың көңіліне қарап, бала тәрбиелеу ісінен шет қалған емеспіз.  «Қыздың қырық жаны бар» дегендей, жастық шақта бәріне де үлгеруге тырысамыз. Әр істің өз берекеті болады–дейді Салтанат Нұржанова.
    Иә, құрылыс саласында жұмыс жасай жүріп, денсаулықтарының да жақсарғанын алға тартқан қыздар, дене еңбегі адам жанын тыныштандырып, физикалық тұрғыдан көп пайдасы тиетінін ашып айтты. Алғашқы еңбек жолын сылақшы болудан бастаған әдемі келіншектер, бүгінде құрылыс саласына қатысты барлық әрлеу жұмыстарының қыр-сырын меңгеріп алған. Бізде төл мереке қарсаңында, елімізде салынып жатқан әрбір нысанға өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген жандарға денсаулық пен мол табыс тілейміз.
Света Артықбайқызы.
10 тамыз 2018 ж. 1 086 0