Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мақсаты айқын мердігер

Мақсаты айқын мердігер

Жылда тамыз айының екінші жексенбісі құрылысшылар күні ретінде аталып өтіледі. Демек ертең – құрылысшылар мерекесі. Осы мереке қарсаңында аудандағы құрылыс саласында өзіндік қолтаңба қалдырған азаматты іздеп, аудандық сәулет және қала құрылысы бөліміне қоңырау шалғанбыз. Жаңабай Тынымбаев есімді азаматты ұсынды. Елге етене таныс есім. Өзі бұрыннан осы салада еңбек етіп келеді. Қазір де солай. Өзі жетекшілік ететін «Наурыз Құрылысы» ЖШС қазіргі таңда 16 адамнан тұратын жұмыс күшімен құрылыс саласында көсіле шауып, көптеген еңселі әрі сапалы ғимараттар салып келеді. Енді осы азамат жайында айталық...
Жаңабай бала күнінен алдына мақсат қойған алғыр бала болды. Әкесі Қуандық пен анасы Мәрзияның атына еш жаманат келтірмей, қай істе болмасын алғырлығымен алға озды. Мектепте озат оқушылар қатарынан көрінді. 1975 жылы мектеп бітірген соң әрбір жасты азамат етіп шыңдайтын әскери өмірдің сатысынан өтті. 1977 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеп елге келген соң, Қарақалпақстан автономиялық республикасының Нөкіс қаласындағы құрылыс техникумын қызыл дипломмен бітіріп, 1983-1989 жылдар аралығында Қазақ химия-технология институтында инженер-технолог-құрылысшы мамандығы бойынша жоғары білім алады. Осылайша білім жетілдіруге бірнеше жылдарын сарп еткен кейіпкеріміз тәжірибе жұмыс барысында жиналатынын ұғынды. Сөйтіп алғашқы еңбек жолын ПМК-13 мекемесінде қатардағы жұмысшы болудан бастайды. Кейін СПМК-53 мекемесінде шебер, прораб, бөлім басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.
Заманында наны жүріп, дәуірлеген сала құрылыс саласы болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Сол кезеңдерді көзімен көрген азамат сенім мен жауапкершілік жүгін арқалай жүріп, жүктелген тапсырманы тиянақты орындай білді. Еңбекте осындай алғырлығы мен қабілеті ерекше байқалған Жаңабайға «Еңбек» мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметі сеніп тапсырылды. Бұл қызметтегі 4 жыл кейіпкерімізді одан әрі шыңдай түсті. Сөйтіп 1995 жылдан «Жылжымайтын мүлік орталығының» Арал ауданындағы филиалы директоры қызметін атқарды. Кәсіби тәжірибе жинақтау жолындағы Жаңабайдың ізденісі мен білім жетілдіруі мұнымен шектеліп қалған жоқ. Ол 2001 жылы Қызылорда экономика, экология және құқық академиялық университетінде заңгер мамандығын алды. Жоғарғы оқу орнында жинақтаған бұл білімі оның қызметті жаңа қырынан меңгеруге себепші болды. Міне, осындай ұстанымдағы азаматтың қолға алған жоспарлы ісі зор нәтижелерге бастады.
Отанға, елге қызмет етуді перзенттік борыш ретінде санайтын Жаңабай Қуандықұлы:
– «Елге қызмет ету білімнен емес мінезден» деген ғой. Соның ішінде осы Аралдың халқына қызмет ету бақыты бұйырғанына қуаныштымын. Қолымнан келгенше әлі де қызмет қылып келемін. Бұл – менің бұлжымас қағидам, өмірлік ұстанымым. Мен қай уақытта болмасын «елге болсын» деген азаматтар қатарындамын. Қай жұмыс бастасақ та елдегінің ерінге тигенін өз басым қалап жүремін. Сондықтан да қазіргі таңда осы ауданда шама-шарқымызша еңбек етіп келеміз,  –  дейді ол.
Өзі қызмет атқаратын құрылыс саласы бойынша да кейіпкерімізді толғандыратын мәселелер жоқ емес. Мәселен, қандай да бір аудан көлеміндегі құрылыс-монтаж жұмыстарын мұрнына иіс бармайтын азаматтардың араласуы. Осы орайда кейіпкеріміз Жаңабайды ұстанымы «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегенге саяды.
– Біздің аудан соңғы жылдары құрылыс саласы бойынша артта қалып бара ма деген ойдамын. Құрылыстың салынуында кемістік жоқ. Мәселе сол құрылыс жұмыстарына көбіне жергілікті жердің азаматтары араласа алмайтындығында. Бұл жерде басты мәселе тендер болып отыр. Бұл тендер жүрген жерде ақша айналымы да жақсы болатыны түсінікті. Міне, жұмыстарды көп жағдайда өзіміздің жігіттер емес, өзге жақтың мердігер мекемелері алып кетіп жатады. Бұл мұндай жұмыстарды біздің азаматтар атқара алмайды деген сөз емес. Тек мүмкіндік аз. Осы орайда мемлекеттік сатып алу заңына өзгерістер енгізілсе деймін. Ол өзгеріс бірінші кезекте тендерге түскен аудан кәсіпкерлеріне басымдық берілсе, сосын әркім шамасына қарай көрсін. Қолынан келмесе басқа мердігерлерге беріле берсін. Бұл ретте менің айтарым осы. Негізі, біздің жігіттердің де қолынан талай нәрсе келеді. Тек қолдың қысқалығы қолбайлау болып жатады. Мені толғандыратын осы мәселелер, – дейді «Наурыз Құрылыс» ЖШС-ның құрылтайшысы Ж.Тынымбаев.
Құрылыс саласында қаншама жыл еңбек еткен азаматтың іскерлік қабілеті сөзінен-ақ байқалып тұрады. Айтуынша, мердігер мекеменің негізін қалап, жұмыс жасай бастаған сәттен сенімге ие болған оның бүгінде аудан көлемінде тұрғызған ғимараттары ел игілігіне жарап келеді. Олардың қатарында мектептер мен тұрғын үйлер бар. Бұдан бөлек, бірнеше мемлекеттік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жұртшылық сеніміне ие болып келеді. Бүгінде кейіпкеріміз Жаңабайдың кеудесінде «ҚР Әділет органының Құрметті қызметкері» төсбелгісі жарқырайды. Бұдан бөлек «Нұр Отан» партиясына – 15 жыл» және «Ақ сауытты Айдарбек батыр» бабаны ұлықтауда белсене атсалысып, үлес қосқаны үшін салалық басқармадан алған Алғыс хаттары да бар.
Жұбайы Бақытжан екеуі 4 бала тәрбиелеп, олардан өрген немерелерінің қызығына бөленіп отырған бақытты шаңырақтың отағасы бар байлығым балаларым деп біледі. Міне, осындай жарасымды жанұяның тіреуі, елге қызмет ететін азаматтардың бірі де бірегейі Жаңабай Тынымбаевтың біз тани түскен болмысы осындай.

А. ҚАРАСАЙ
09 тамыз 2021 ж. 504 0