Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылысшылар қауымы құрмет төрінде

Құрылысшылар қауымы құрмет төрінде

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетов Арал қаласының кіре беріс маңынан салынып жатқан №71 мектеп-интернаты ғимаратының құрылыс алаңында болып, құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Тарихы сонау 1956 жылдан бастау алатын мерекенің 65 жылдығы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен астасып жатқанын атап өткен аудан басшысы, айтулы мерекені қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты шектеуге тура келгендігін жеткізді. Одан әрі ел экономикасын дамыту жолында маңызы зор өміршең мамандық иелерін мерекемен құттықтап, ауданның дамуына үлес қосып, абыроймен еңбек етіп жүрген бірқатар құрылысшылар мен сала майталмандарын марапаттады.

Мереке қарсаңында «Арал жолдары» ЖШС-нің директоры Талап Шалманов ҚР-ның Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігінің Құрмет грамотасымен және аудан әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды. Құрылыс саласына 1957 жылдан бері араласқан сала майталманы бүгінгі мереке аясында еңбегінің еленіп жатқанына ризашылығын білдіріп, әріптестеріне ізгі тілегін жолдады.

Сонымен қатар мереке аясында «СК Ер-Канат Сервис»ЖШС-нің учаске бастығы Амангелді Нұртаев, «Арал құрылысы» ЖШС-нің бөлім басшысы Әмірхан Бекжанов, жеке кәсіпкер Сәлмен Жасекенов, «Ка-АСУ-Инвест» ЖШС-нің директоры Күмісбек Жасақбаев, "БАИС-А" ЖШС-нің инженері Ахмет Жұбанов, техникалық қадағалаушы Жасұлан Жылқышыбаев, «Жасекенов С» Кәсіпорнының дәнекерлеушісі Марат Ақтанов, «AES and Limited1 ЖШС-нің шебері Әділхан Ермағабетов және аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары Нұрхан Қали мен Нұрперзент Қонысбаевтар да аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, құрмет биігінен табылды.

Айта кетейік, құрылысы қарқынды 100 орынға арналған интернаты бар 200 орынды № 71 мектеп-интернатының құрылысын мердігер компания «SCS Инжиниринг» ЖШС жүргізуде. Бүгінде құрылыс алаңында ғимараттың қабырғаларын қалау жұмыстары жүріп жатыр.



Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

08 тамыз 2021 ж. 512 0