Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің құттықтауы

Аудан әкімінің құттықтауы

Құрметті құрылыс саласының қызметкерлері!

Сіздерді тамыз айының екінші жексенбісінде атап өтілетін кәсіби мерекелеріңіз – Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген бұл мереке сонау 1956 жылдан бастап мерекеленіп келеді.
Бүгінде еліміздегі құрылыс саласы – Отандық экономиканың басты көрсеткіштеріне айналып отыр. Содан болса керек Сіздердің мамандықтарыңыз ең керекті әрі үлкен сұранысқа ие мамандық қатарында.

Қазіргі таңда өздеріңіз еңбек етіп отырған салада көптеген жұмыс орындарының ашылуымен қатар жаңа құрылыс нысандарының қолға алынуы «құрлысшыларға» деген мемлекеттің артып отырған үлкен сенімі деуге болады.

Мемлекетіміз тәуелсіздік жылдарында орасан зор табыстар мен жетістіктерге қол жеткізген болса, сол ізгілікті істердің қатарында ел құрылысшыларының қосқан үлесі өлшеусіз. Қазіргі күні мемлекетіміз күн сайын көркейіп, абаттанып келеді. Төрткүл әлеммен терезесін теңестірген елімізде көрікті ғимараттар бой түзеп, еңбекқор ағайынның арқасында есіміміз әлемге танылды.

Дәл осындай жұмыстар біздің ауданымызда да қолға алынып, құрылыс саласының қызметкерлері де өңір экономикасының сан-салалы дамуына өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді. Биылдың өзінде құрылыс саласында 2,6 млрд. теңгені құрайтын жобалар іске асырылуда. Бұдан бөлек, жол құрылысына байланысты ағымдағы жылға барлығы 2,8 млрд. теңге бөлініп, аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай», «Арал қаласына кіре беріс», «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» және «Тоқабай елді мекеніне кіре беріс» автожолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнан қалды, биыл Аққұлақ елді мекеніндегі ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту және ескі су айдау стансасының ғимараты күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Ал, абаттандыру жұмыстары бойынша аудандық бюджет есебінен 12 жоба жүзеге асырылуда.

Құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мұндай нысандар бір жағынан аудан келбетін жақсартса, екінші жағынан жұмыссыз жергілікті азаматтарымызды жұмыспен қамтуға өз септігін тигізуде. Осы ретте ауданымыздың айбынын арттырып, сымбатына сән қосып, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беретін жергілікті құрылысшылардың ел дамуына қосар үлесі зор деп санаймын.

Құрметті құрылысшылар қауымы!
Баршаңызды бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт тілеймін! Туған жерімізді көркейтіп-көріктендірудегі игі істеріміз әрдайым жемісті, нәтижелі болсын!

Ізгі ниетпен, Арал ауданының әкімі С. Сермағамбетов

08 тамыз 2021 ж. 716 0