Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрыш қол

Құрыш қол

         Құрылысшы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған мәртебелі мамандық. Бұл сөзге әлемнің қай түкпіріне барсаңыз да, құрылыс жұмыстарының бір сәтке де бәсеңдемейтіні, зәулім ғимараттардың бой көтеріп, адамзат игілігіне айналып жатқаны және құрылысшылардың қолынан шыққан, сан ғасыр өтсе де өз құндылығын жоғалтпаған туындылар толықтай дәлел болады.         Осындай жауапкершілігі зор мамандықты меңгерген Ислам Жұбановтың аудандағы құрылыс саласының дамуына қосқан үлесі өлшеусіз. Мектеп қабырғасында салған суреті талайдың таңдайын қақтыратын кішкентай баланың ерекше қабілеті оны өз мамандығының мәртебесіне көтерді. Мектеп бітірген соң көп ойланбастан өзінің болашағын құрылыс саласымен байланыстырған ол Алматы құрылыс-сәулет институтына оқуға түседі.
         –1991 жылы оқуды бітіріп еңбек жолын Шымкенттегі құрылыс компанияларының бірінде бастадым. Сонан соң туған жерге келіп, әртүрлі жеке серіктестікте құрылысшы, бағалаушы, сәулетші болып жұмыс істедім. 2006 жылы жеке кәсіпкер болып тіркелдім. 2008 жылы «Байс-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрдым, – деп Ислам аға өзінің еңбек жолының қалай басталғандығын айтып өтті. Аудандағы ескерткіш пен ипотекалық тұрғын үй, мектеп пен балабақшадан бастап көптеген аудан үшін маңызды нысандарда «Байс - А» мекемесінің үлесі бар. Бүгінде 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмыстың ауқымына қарай жалдамалы жұмысшылардың саны әрқилы болып отырады. Бұл мекеме ешқашан қызу тірліктен қол үзіп көрген емес.
         – Құрылыс мекемесін құрып басшылық жасағаныма 10 жылдан артық уақыт өтті. Содан бері азды-көпті ауданның құрылыс саласына үлес қосып келемін. Бұл кейбіреулер ойлағандай оңай дүние емес. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сапалы болуы басты назарда. Одан бөлек, құрылыстың сәулеті де айрықша болу тиіс. Себебі кез келген ғимарат қаланың ажарына сән қосады, – дейді. Ислам Жұбановтың атқарған еңбегі елеусіз қалған емес. 2017 жылы «Жылдың үздік құрылысшысы» атанды. Облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарына ие болды. Кеше ғана Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Құрметті сәулетші» төсбелгісімен марапатталғанын ерекше атап өтпеуге болмас. Халқымызда «Ердің атын еңбек шығарады» деген қанатты сөз бар. Ислам Әзиұлы – табанды тірілігімен құрметке бөленіп жүрген жан. Ол өз мамандығын жанындай жақсы көреді. Қайсыбір сызба жұмыстарын алып қарасаң да, тиянақты жан екендігі көрініп тұрады.
         – Сәулет өнерінде талай жанның маңдай тері жатады. Құрылыстың сызбасынан бастап, әрбір деталін дұрыс орналастыра білгенде ғана сапалы дүние шығады. Халықтың игілігі үшін жасалған құрылыс нысанының қауіпсіз, сапалы болуы да құрылысшының мойнына жүктеледі. Өзім басшылық жасап отырған «Байс-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істейтін әрбір адамнан мен осыны талап етіп отырамын, – дейді ол.
Н. Бақыран
13 тамыз 2019 ж. 907 0