Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі елеулі құрылысшы

Еңбегі елеулі құрылысшы

Экономиканың негізгі іргетасы осы – құрылыс саласы болып табылады. Сол үшін атаулы саланың дамуы мемлекеттің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік жағдайының дамуына тікелей байланысты. Бүгінде заман талабына сай етіп салынған құрылыс кешендері аймақтың айбынын арттырып, өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосуда. Сонымен бірге соңғы уақыттары аудан бойынша құрылыс саласындағы жұмыстар жоғары деңгейде жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған өңірдегі құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасы бар, ауданымыздың көркеюіне үлес қосып жүрген жаны жайсаң жан – Темір Бисембаев туралы болмақ.
Темір Алдажұмаұлы 1961 жылы Арал қаласында дүниеге келген. 1987 жылдан бастап осы сала бойынша еңбек жолын бастаған. Қазіргі кезде аудандағы беделді мекемелердің бірі – ТОО «Т-Т Құрылыс сервис» ЖШС директоры атанып отыр. Темір Бисембаев өз саласы жөнінде:
– Әрбір адам баласы алтын ұя мектебінен түлеп ұшқан соң болашақта үлгілі тұлға болып қалыптасуы мақсатында, жаны сүйетін саланы армандайтыны белгілі. Негізі бала күнімнен ұшқыш болуды армандайтынмын. Алайда бұл арманым орындалмады. Сонымен ауылда бір жылдай құрылыс мекемесінде жай ғана жұмысшы болып жүрдім. Біріншіден адамға сауаттылық қажет. Бұл саланың маманы болуы үшін білімді де білікті болуы керек. Адам бір ғимарат салу үшін де барлық дерлік  құрылыс саласын жетік меңгеруді қажет етеді. Бүгінгі күні мекемеде 10-ға жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Ал құрылыс уақыттарында әр түрлі болады. Яғни, құрылысшы санына байланысты. Осы уақытқа дейін қала құрылысын дамыту мақсатында біршама жұмыстар атқардық және әлі де атқарып келеміз. Мәселен,  инвестиция арқылы банктің қаржылай көмегімен ауданға 5 ғимараттық 20 үй салған болатынмын. Сауда орталықтары мен біршама ғимараттарды жөндеу жұмысынан өткізіп бердім. Біршама мемлекеттік мекемелерді де күрделі жөндеу жұмысынан өткіздім. Мәселен, бүгінгі «Amanat» партиясы ғимаратын өз демеушілігіммен салып берген болатынмын. Қала көшелерінің жол мәселесіне де көмек көрсеттім. 2-3 жылдай Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында тұрғын үй мен жол салу жұмыстарын іске асырдық. Сонымен бірге Қамыстыбас ауылындағы шипажайға жарықтандыру жұмыстарын жүргізіп, ауызсу да тартып бердім. Сол көл жиегіне брусчатка мен адамдар демалып отыратын арнайы орындар жасадық.  Шижаға елді мекеніндегі білім ордасын да күрделі жөндеуден өткізіп берген болатынмын.  2011 жылы Үкілісай елді мекеніне ауыз су тарттым. Негізі жыл сайын мемлекеттік тендерлерге қатысамын. Осы жылы тендер арқылы Сексеуіл кентіндегі Конту ауылына ауызсу жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ ғимараттар салуға барлық дерлік құрал-жабдықтарым жеткілікті. Міне, айта берсем аудан бойынша атқарылған жұмыстарым жетерлік. Ауданымызда құрылыс қарқыны жыл өткен сайын жүйелі түрде дамып келеді.  Осы сала бойынша ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүргеніме ризамын, – деді.
Құрылыс саласы бойынша ерен еңбегінің арқасында республика, облыс және аудан бойынша біршама жетістіктерге жеткен. Атап өтер болсақ, 2018 жылы «Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы» атағын алған. Сондай-ақ Президенттің «Ерен еңбегі» медалімен марапатталған. Мемлекет басшысының Алғыс хаты мен облыс әкімінің Құрмет грамотасын иеленген.
Жүрегі мейірімге толы Темір Бисембаев қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмайды. 2016 жылы пән мұғалімдері олимпиадасында мекеме атынан жеңімпаздарға темір тұлпар сыйлаған. Мәдениет, спорт және тағы басқа да салалар бойынша демеушілік жасаған. Жыл сайын оқушылардың мектепке барар уақыты жақындаған сәтте, әлеуметтік жағынан тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын беріп келеді.
Бүгінде  жақсы жар тауып, заманына сай ұрпақ өсіріп отыр. 4 немереге ата атанып отырған Темір Алдажұмаұлының өңіріміздің дамуы жолында еткен еңбегі ерен.
А. НҰРЛАНОВА
13 тамыз 2022 ж. 378 0