Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Несие алғанда нені білу керек?

Несие алғанда нені білу керек?

Ұлттық банк мәліметінше, 2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша банк секторында 19,5 трлн теңге несие бар. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарында бұл көрсеткіш 18,5 трлн болған. Осылайша елімізде жыл басынан бері несиелендіру көлемі 1 триллион теңгеден асып, 5,5 пайызды құрап отыр. Мамандар мұндай тенденцияның мемлекет үшін де қауіпті екенін ескертіп келеді. Сондықтан Ұлттық банктің несие тұтынушыларына арналған кеңестерін ұсынбас бұрын, заңгердің займдар турасындағы пікірімен бөлісуді жөн санадық.

Заңгер Байтақ Сүлейменов бұл турасында:
– Несиені адамдар негізінен тұ­тыну­шылық мақсатта қолданады. Көптеген банктер түрлі құйтырқы әрекеттермен тұтынушылардың қаржысын жымқырып келеді. Егер несие алуға тура келсе, біріншіден, банк ұсынған келі­сім­нің шарттарын толық оқып шы­ғыңыз дер едім. Әдетте, клиент өзі сұраған қарызға келісім бер­ге­нін естігенде, қуанғанынан құ­жат­тарға мән берместен қол қоя бе­реді. Мұның өзі адамдардың пси­хикасына әсер ету үшін әдейі со­лай ұйымдастырылған. Сон­дықтан қандай көлемде қарыз алсаңыз да, шарттың жобасымен ал­дын ала танысу керек. Егер өзіңіз түсінбесеңіз, арнаулы ма­ман­дармен кеңесіп алған дұрыс. Мұ­ның барлығы – азаматтық кодекстің талаптары. Шарт екі­жақ­ты келісіммен ғана жасалады. Еш­кім ешкімді мәжбүрлей ал­май­ды. Сақтандыру да солай. Сіздің келісіміңізсіз сақтандыру қаражаты қосылмау керек, – дейді.
Заңгер өткен жылы несиеге қатысты бірнеше іспен айналысқан. Олардың бәрі банкке төлеген артық қаржыларын өндіріп алған.
Кейде кредиттік менеджерлер клиентке келісімшартпен танысу­ға арнаулы уақыт бермейді. «Мі­не, мына жерлерге қол қоясыз» деп нұсқай салады. Мұндай әре­кет­тердің барлығы да заңсыз. Одан бөлек, банктер ұсынатын ке­лісімшарт тек бір жақтың мүд­десін көздейді. Бірақ іс сотқа жеткенде, қаржылық ұйымдар «әркім өз мүддесіне сай келісімге кел­ді» деп дау айтуы мүмкін. Заң­ға сәйкес біз де банкке өз т­а­лап­тарымызды қоя аламыз. Егер ке­лісімшарттың кей тұстары көңі­ліңіз­ден шықпаса, мына жеріне мынадай өзгерту енгізсек деп өз ұсынысыңызды айта аласыз. Бі­рақ іс жүзінде бізде әлі мұндай тә­жірибе қалыптаспаған. Сондай-ақ несиені толық өтеп біткен соң міндетті түрде қарызыңыздың жоқ екенін айқындайтын анықтама алу керек. Егер анықтама алмасаңыз, болмашы тиынның өзі жылдар бойы сақталып сізді банкке берешек бірнеше жүз мың қаржыңыз болуы әбден мүмкін.
Несие аларда заңгерден бөлек, экономист мамандардың да кеңесін алу қажет. Себебі, қазір көптеген банктердің шарттарында жасырын комиссиялар бар. Мы­са­лы, жылдық пайыздық мөл­шер­­лемесі 14 пайыз деп көрсет­і­ле­ді, бірақ шындығында 30-35 пайыз­ға дейін барып қалатын кез­дер болады.
Қаржы секторын реттеуші де, ба­қылаушы да – Ұлттық банк. Сондықтан бұл мекеме аза­мат­тар­дың қаржылық сауаттылығын жоғарылатып, тұтынушылардың құ­қығын қорғау үшін түрлі жо­ба­лар ұйымдастырып отырады. Ұлттық банктің «Не­сие алмастан бұрын не істеу керек?» деген сауалға жауабы мынадай:
Кредит алмастан бұрын оның сіз үшін қаншалықты тиімді еке­­нін әбден саралап алыңыз. Кредитке сатып алынатын тауар немесе мүлік қаншалықты шұ­ғыл қажет? Оның құнын толық жи­науға мүмкіндік болса, сауда­ны кейінге қалдырғаныңыз жөн. Қаржылық мүмкіндігіңізді есептеңіз және кредит төлем­дері­не сәйкес алдағы уақытта шы­ғын­ның өсуін ескере отырып, өз бюджетіңізді талдаңыз! Отба­сы­лық бюджеттің кіріс және шығыс бө­ліктерін анықтай отырып, өзіңіздің қаржылық жағдайыңыз­ды бағалаңыз: кредитті төлеуге қаржылық мүмкіндігіңіз қанша­лық­ты жетеді? Соған сәйкес несие алғаныңыз абзал.
Банк қарызы туралы келісім – несие толық өтелгенше банк пен сіздің қарым-қатынасыңызды анықтайтын негізгі құжат. Ең қа­ра­пайым әрі басты ереже – несие шар­тын толық және аса мұқият қа­рап шығу: алғашқы екі бетте банк қарыздың шектік сомасын, түрін, пайыздық сыйақы мөл­шер­лемесінің көлемін, жылдық тиім­ді сыйақы мөлшерлемесі мен мер­­зімін және валютасын міндет­ті түрде көрсетуі қажет. Осылай­ша, сіздің қарызды қандай жол­мен және қалай қайтаратыныңыз: ан­нуитетті ме, әлде дифферен­циал­­ды ма, қарызды қайтару уа­қы­ты кешіктірілгені үшін қандай өсі­мақы немесе айыппұл та­ғайын­далатыны анықталады.
Тағы бір ескеретін жайт, егер сіз несиені уақытылы төлей алмасаңыз өсімпұл сіздің өтелмеген қалдық ақшаңыздан алынуы керек. Бірақ банктер негізгі қарыздың өсімпұлын алады. Бұл да заңға қайшы әрекет. Банк өздерінің қайтара алмаған қаражаты бар мәселе тудырған тұтынушыларын коллекторларға тапсырады. Коллекторлар сізге түрлі психологиялық шабуыл жасау арқылы қарызыңызды қайтаруға мәжбүрлейді. Мұндайда коллекторлармен емес, тікелей банктің өзімен сөйлесу керек. Өйткені коллекторлар да сіздің үстіңізден пайыздық қаржы өндіріп алады.
Түйін. Несие алуға сіздің жеке тұлға ретінде заңды құқыңыз бар. Бірақ алар алдында өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды саралап алғаныңыз жөн. Оны өтеуге толық мүмкіндігіңіз болған және аса қажет болған жағдайда ғана мұндай тәуекелге барыңыз. Несие алғанда банкпен жасасқан келісімшартыңызға мұқият назар аударыңыз. Және артық ақша төлеуден аулақ болыңыз. Өзіңізге күмәнды жағдай байқасаңыз, мамандар кеңесіне жүгінгеніңіз абзал.

НАЗЕРКЕ БАҚЫРАН
16 тамыз 2022 ж. 572 0