Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұтынушы құқығын білесіз бе?

Тұтынушы құқығын білесіз бе?

Бүгінгі нарық заманында тауарды қайтарып беру немесе ауыстырып алу мәселелері әлі де болса өзектілігін жоймаған. Күнделікті күйбең тіршілікте қарапайым тұтынушының құқығына нұқсан келтіретін жайттармен жиі кездесіп жатамыз. Сараң саудагерлер «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңды елеместен, себепсіз салдарға сүйеніп, тиісті ақшаны қайтаруға асықпайды. Бүгін саудагер мен тұтынушы арасындағы заңдылық төңірегінде айтатын боламыз.

Сауда орындарынан «Тауар қайтарылмайды немесе ауыстырылмайды» деген хабарламаларды көріп жатамыз. Дегенмен мұның қаншалықты заңды күші бар екенін аңқау тұтынушы біле бермейді. Тауардың қай жерде, базарда, арзан немесе қымбат дүкенде сатылғанына қарамастан, тұтынушы құқығын қорғайтын арнайы заңның барын естен шығармаған жөн. Тұтынушының қандай құқықтары бар екені турасында заңгер Байтақ Сүлейменов айтып берді.
– “Тұтынушылар құқығын қорғау туралы” заңның 7-бабында (3-тарау) тұтынушының құқықтары нақты аталып көрсетілген. Қысқаша атап өтсек: тауарды немесе көрсетілетін қызметті иеленуге еркін шарт жасауға, өзінің құқығын қорғау саласындағы ақпаратқа қол жеткізуге, тауар, сатушы, орындаушы не дайындаушы туралы ақпарат алуға, қауіпсіз тауарды сатып алуға, оны еркін таңдауға, тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастап алуға немесе қайтарып беруге құқылы. Сол сияқты тауарды/қызметті сатып алу фактісін растайтын құжат алуға, ұтыс түрінде берілген не орындалған тауардың/қызметтің сапасы бойынша ұйымдастырушыға кінә қоюға, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін құруға, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және оларды жүзеге асыруға құқығы бар,– дейді заңгер.
Яғни, өнім сіз үшін қауіпсіз болу керек. Баға, ел туралы мемлекеттік және орыс тілдерінде толық, анық ақпарат алуға құқылысыз. Атап айтқанда, тауардың шығу тегі, дайындаушысы, өнімнің тұтынушылық сипаты, өнімді пайдалану және сақтау тәсілдері мен ережелері, дайындалған күні, тауардың жарамдылық және кепілдемелік мерзімі. Сонымен қатар тұтынушы өз құқығын қорғау үшін құқықты бұзған сатушыға сотқа дейінгі өтінішімен баруға болады. Осы тұста тұтынушылардың құқығын қорғауда сотқа дейінгі даулы мәселелерді оң шешуде үкіметтік емес ұйымдардың да ықпалы жоғары. Сатушының заңсыз әрекеттеріне өкілетті мемлекеттік органдарға шағым түсіре алады. Сіз бұған құқылысыз. Оны қамтамасыз ететін талаптар міндетті және белгілі бір заң шеңберінде бекітілген.
Әр сатушы немесе кәсіпорын сатқан тауары, көрсеткен қызметі үшін заң алдында бірдей жауапты. Егер 14 күннің ішінде тауардың ақауы байқалса, міндетті түрде жаңасына ауыстырылып немесе ақшасы қайтарылуы керек. Заң өкілі жазбаша арыздың қандай болатындығын да түсіндіріп берді.
– Бірінші кезекте өтініш берушінің аты-жөні және мекенжайы көрсетіледі. Сол сияқты сатушының (орындауышының) нақты мекенжайы және атауы болуы керек. Ерікті формада арыз түсіру үшін негізгі болып саналатын жағдайлар, тұтынушылардың бұзылған құқықтары, арыз талаптарынан бұзылған міндеттеме шарттары, материалдық талаптар есебіне негізделген сома, арыз қанағаттандырылмаған немесе белгіленген тәртіпте қарастырылмаған жағдайда құқықты қорғау үшін кейінгі сотқа жүгіну туралы ескерту.
Талаптарға негізделген құжаттардың көшірмелерін салып қою керек. Өтінішті ескертпесі бар хатпен бірге жіберу қажет. Сатушы түскен өтініш туралы хабарлама алады. Оны қарастырып, мәселені шешуге тырысады. Тұтынушылық дауды бірінші сатыда сарапта сыртқы тараптардың қатысуынсыз тікелей сатушы мен тұтынушы арасында шешуге мүмкіндік береді. Бұл кәсіпкерлер үшін де, тұтынушылар үшін де әлдеқайда тиімді. Сатушы (орындаушы) он күн ішінде өтінішке жауап беруге міндетті. Ондай болмаған жағдайда заң талабы күшейе түседі.
Біз сапалы өнім тұтынып, қауіпсіз тауар алуға құқылымыз. Тәуелсіз мемлекетімізде мызғымас Конституциямыз бар. Сондықтан заң бәріне ортақ. Еліміздің Ата заңында ешнәрсе тысқары қалмаған. Тек халықтың құқықтық сауаттылғы бәріне бірдей жете бермейді. Кез келген орында өз құқығыңызды қорғай білгеніңіз абзал.

Н. БАҚЫРАН
06 қыркүйек 2022 ж. 441 0