Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәрігер, әлде емші: халық кімге сенеді?

Дәрігер, әлде емші: халық кімге сенеді?

ХХІ ғасыр ғылым, білім мен медицинаның дамыған дәуірі деп бағалаймыз. Дегенмен де халқымызға ертеден таныс емшілік те көштен қалмай келеді. Қазір қоғам пікірі екіге жарылған. Бірі емшілерге барса, енді бірі медициналық жолды дұрыс деп біледі. Не десек те әркімнің өз уәжі бар. Бүгінгі мақаламызда емшілердің есігін жағалап жүргендер мен медицинаны бәрінен биік қоятындарды арқау ететін боламыз.

Көне заманнан бері халық ұғымында шөппен емдеу де, отпен емдеу де болған. Ол кезде қазіргідей ғылыми медицина дамымаған кездің өзінде халқымыз аурудың емін табиғаттан іздеген. Түрлі шөптер мен тұнбалар әзірлеп, қай ауруға ненің ем екендігін дәл тапқан. Уақыт көші алға тартып, заман ағымы өзгерген тұста мидицина дамыды. Түрлі дәрі-дәрмек пайда болды. Десек те емшілік кенже қалған жоқ. Әлі де болса халық медицинасымен емделетіндер бар. Соның бірі – қала тұрғыны Гүлназ Қайырбекқызы. Не себепті дәрігер емес, емшіге баратынын айтты.
– Бала кезімде қатты ауырғаным есімде қалыпты. Денеме тегіс жара шығып, ішпеген дәрім, жақпаған мазым қалмады. Ақырында жараларым ұлғайып, денемді түгел басты. Ауруханаға да жаттым. Түрлі білікті дәрігерлерге көрініп, олардың айтқан дәр-дәрмектерін алдым. Нәтиже болған жоқ. Сол кезде ауылдағы үлкен емші қарияға бардым. Бұл мен үшін соңғы үміт көзі еді. Қария жарамды қарапайым тұрмыста қолданатын заттардан дәрумен жасап, емдеуге болатынын айтты. Айтқанын жасадық. Көп өтпей-ақ жараларым жазыла бастады. Содан кейін емшіге бармап едім. Жақында тұрмыс құрдым. Тұңғышым өмірге келді. Бірде балам суықтап, қатты ауырды. Ем алдым. Ауруханада жаттық. Бірақ бойындағы суық кетпеді. Түрлі дәрілер алып іштік. Жөтелінің қайтар түрі жоқ. Болмаған соң жақындарымның нұсқауымен қаладағы білікті емші апама бардым. Ол кісіге екі-үш мәрте қатынаған соң, баламда жақсы нәтиже болды. Қарапайым ғана ем жасады. Бірақ дерттен айықтырды. Содан бастап балам кішкене ауырса қинамай бірден сол емшіге апарамын. Қарап жазып береді, – дейді ол.
Ал дәрігерлер мұндай емдеу әдістерінің адам үшін қауіпті екендігін айтады. Емшілер тағайындаған ем әркез сәтті шыға бермейді. Кейбіреулер тіпті ауруын асқындырып алған жағдайлар да кездеседі.
– Дәрігер ретінде емшілерде емделудің қауіпті екендігін айтқым келеді. Әрине оларды білімсіз, қолдарынан түк келмейді деп қаралап отырған жоқпын. Бірақ ондай емшілер сізге толық сараптама жасай алмайды. Сондықтан шағымыңызға қарай өз тәжірибесінде нәтижелі болған емді ұсынады. Мұндай емдеу әдісіне сіздің аллергияңыз болып немесе ағзаңыз көтермей қалуы әбден мүмкін. Қазір медицинада мүмкіндік көп. Сізді толыққанды зерттеп шығатын компьютерлік томографиялар бар. Бұл аталған құрылғы ішкі құрылысыңызда не болып жатқандығын тауып береді. Түрлі қан талдамаларын жасап, сараптамалар аламыз. Соған қарай ауруыңызға ем тағайындаймыз. Мұндай ем қауіпсіз әрі нәтижелі болады. Оның әсер етуі әркімге әрқалай. Біреуге тез, біреуге кеш. Ағзаның қабылдауына байланысты. Ал емшілерге барып дертін асқындырып, артынан опық жеп жатқандар аз емес. Әрі ондай емшілер сізге тегін қызмет көрсетпейді. Кыруар қаржысын сарп етіп, ақырында ем болмаған соң дәрігерге жүгінгендер да бар. Сондықтан жаныңызды дерт мазаласа, ең алдымен дәрігерге барғаныңыз жөн, – дейді дәрігер Б.Сәпи.
Иә, қоғамда емші атын жамылып, халықтың қалтасына түсіп жатқандар да жоқ емес. Олар түрлі жарнамалар арқылы халықты өзіне баурап, ақырында алаяқ болып шығып жатыр. Тіпті адамның санасын улап, жақындарын қарсы қойып жатқандар да бар. Бұл тұста өз атының жасырын болғанын қалаған халық емшісі бізге берген сұхбатында өзінің қалай емдейтіні туралы айтты.
– Сіз айтқан мәселені жоққа шығармаймын. Иә, өздерін емшімін деп таныстырып, белгіленген қаражатқа ем жасап, халық қаржысын қалтаға басып отырған емшілер бар. Өз басым алдыма жанына сая, дертіне дауа іздеп келген адамға осындай ақша бере ғой деп айтпаймын. Берсе берді, бермесе өзі біледі. Бірақ олардың айтуына қарай қандай ем жасау керек болса жасап беремін. Ол қызметімнің белгіленген құны жоқ. Емшілікпен айналысып жүргеніме біраз уақыт болды. Мен де дәрігерлер сияқты ізденісте боламын. Түрлі елдерге барып, емшіліктің оқуын оқимын. Әсіресе балаларға көмектескенді жақсы көремін. Түрлі шөптерден тұнбалар, дәрілік заттар дайындаудың жолдарын меңгердім. Көмегіме жүгінетіндер баршылық. Олардың ауруына қарай емдеу қолымнан келетін болса емдеймін. Болмаса дәрігерге барып қаралуға кеңес беріп, қайтарамын. Ешкім арыз айтып келген емес. Қайта алғысын жаудырып жатады. Бәлкім, сыртымнан сөз қылатындар да бар шығар. Ол жағынан бейхабармын,– дейді емші.
Осы тұста психолог маманның да айтар уәжі бар. Ол қиындыққа тап болған адам сенгіш келеді, дейді. Ал мұны оңтайлы пайдаланатын емшілер сеніміне кіретін көрінеді.
– Қазір адамдар арасында жиі кездесетін аурулар көп. Емшілерге ол жақсы таныс. Олар соны біледі де, алдына келген адамға сайрап айта бастайды. Мен зерттеу жасап көрдім. Емшіге бардым. Ол алдымен менің неге келгенімді сұрады. Сосын соған қарай өз пайымын айта бастады. Бір байқағаным, емшілердің түйсіну қабілеті мықты. Және жылы сөйлеп адамның сеніміне кіреді. Сонымен ол емші: "көздеріңнің асты көгеріп тұр, бүйрегің ауырады екен. Асқазаның ауырады екен. Оны мен емдей аламын", – деп қарап отыр. Бір байқағаным, адамның сеніміне кіру арқылы дертінен айықтыру. Егер өзім психолог болмағанда мен де сеніп қалар ма едім, кім білсін, – дейді Бану Әбдірашитқызы.
Түйін. Біз тақырыпқа арқау болған мәселеге екіжақты пайым жасап көрдік. Әрине бұл тұста бірін жақтап, бірін ақтап, бірін даттау мүмкін емес. Адамдар нені дұрыс деп тапса сол жолмен жүреді. Дәрігерлер – жылдар бойы білім, ғылым жолын қуып жүрген мамандар, адам денсаулығы үшін жауапты, антына адал қызметкерлер. Емшілердің бәріне бірдей жаман деп топырақ шаша алмаймыз. Медицина дамымаған тұста қазақ ұғымында болған емдеу әдістерін әлі күнге дейін жоймай, қарапайым әдіспен жанға сауға болып жүргендері де бар. Сондықтан ерік өзіңізде. Жаныңыз кімге жақын болса сол бағытқа ойысасыз. Бастысы – ауруымнан айығам деп жүріп асқындырып алмасаңыз болғаны.

Н. БАҚЫРАН
10 қыркүйек 2022 ж. 549 0