Келешек ұрпақтың болашағы жарқын болмақ
Мемлекет басшысының жыл сайын жарияланатын Қазақстан халқына Жолдауынан жаңалық күту қазақстандықтар үшін дәстүрге айналды. Сарабдал саясат пен сарапталған шешімнің нәтижесінде құрылып, нақты тапсырмалар жүктейтін, болашаққа айқын қадам жасауға бағытталған Жолдаулар расында қарыштап дамып келе жатқан еліміздің қарқынын арттыруда.
Жалпы, жыл сайын білім саласы жаңа бағытта өрістеп келеді. Биылғы Жолдауда да оны анық байқадық. "Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет" деген Мемлекет басшысы көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген сауалға нақты жауап берді.
Расында тамыры терең, діңгегі берік ағаш қана жайқалып, жеміс бере алады. Біз де бүгінгі балаларды әркез жас өскінге балап, есейген шақта жемісін ел көрсе деп келе жатырмыз. Бұл тек қызметке деген адалдық емес, мемлекетіміздің болашағына жауаптылығымызды сездіретін жүк. Сондай-ақ әр ата-ананың да бізге артқан сенімі ерекше. Біз сол сенім мен жауапкершіліктің нәтижесінде ілгері жылжуды көздейміз. Сапалы білім мен тәрбие беру жолында біліміміз бен біліктілігімізді көрсетуге дайынбыз.
Мұнан бөлек биылғы Жолдаудың басты жаңалығы ел Президентінің "Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асады. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Жоба 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асады" деген сөзі. Балалармен жұмыс жасап, ел болашағының ертеңдері үшін еңбек етіп келе жатқан ұстаздар үшін де, барлық ата-аналар, балалар үшін де бұл нағыз жаңашылдықтың бастауы болды. Алдағы уақытта Жаңа Қазақстанды бірге құрып, оның дамуы жолында бірлесе қызмет жасауға қашанда дайынбыз.
Гүлшат Жалғасбаева,
"Жазира" балабақшасының меңгерушісі