Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмға да балық өседі

Құмға да балық өседі

Аралдың қос бренді бар. Біз айтпай-ақ белгілі дүниелер ол. Оның бірі – "Аралтұздың" ақ алтыны болса, екіншісі – теңіз маржаны. Расында алақандай ғана Аралды әлемге әйгілі етіп, жаһан жұртшылығына танытып отырған осы екі өнім қазірде аудан экономикасының артуына айтарлықтай серпін беріп отыр. Біз кездері табаны сортаңға айналған теңіздің қасіретін тартқан жұрт бүгінде сол кәсіпті қайта түлетіп, балығымыздың балдай дәмі шетел асып жатқаны көңіл қуантады. Бұл да болса мемлекеттің қолдауымен, халықтың тынымсыз тіршілігі, таудай талабының арқасында қол жеткізген нәтиже.

Расында солай – үлкен нәтиже. Тоқтала кетер болсақ, биылғы жылдың алғашқы алты айының есебі бойынша аудандағы өнеркәсіп орындары 11,1 млрд теңге болатын өнім өндірсе, өндірілген өнімдердің 70,0 %-і өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Есепті мерзімдегі өңдеу өнеркәсібінің өсімі 42,7 пайызды құрады. Нақты айтар болсақ, 6 ай мерзімде аудан бойынша барлығы 361,8 мың тонна тұз, 141,8 мың тонна йодталған тұз, 54,3 мың шаршы метр табиғи құм қазылып, 156 тонна ет, 640 тонна нан және нан өнімдері өндірілген болса, 2121 тонна балық та осы өндірістің қатарына кіреді.
Балық аулау лимиті биылғы жылға 7430 тонна балық болып бекітілген. Жарты жылдың ішінде оның 6590 тоннасы ауланып, 1600 тонна балық өнімдері өңделді. Мұнан бөлек жылдық қуаттылығы 23 900 тоннадан астам 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Олардың қатарында «Еврокод» белгісін «Арал балық өңдеу зауыты» және «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС алғаны осы уақытқа дейін де айтылып жүр.
Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасына сәйкес ауданға қатысты тауарлық балық өндірісін ұлғайту үшін Ақшатау-Сорғақ, Домалақ, Тұщы, Қаракөл, Алаша, Ақбілек және Шөмішкөл 7 тауарлы көлі тізімге енген.
Қазіргі таңда осы бағдарламаны іске асыру шеңберінде тізімге енгізілген көлдердің каналдарын тазалау, қажетті жерлерге гидротехникалық құрылыстарын салу және электр желілерін жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар тауарлы балық шаруашылығын дамыту мақсатында биылғы жылы 3 тоған шаруашылығын іске қосу жоспарға енгізілді. Аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда ішкі нарық тұрақты балық өнімдерімен қамтамасыз етіледі.
Осы тұста балық шаруашылығы тек оны аулаумен ғана шектелмейтінін ұмытпаған жөн. Сондықтан балық өсіру де ауданның басты міндеттерінің бірі болып отыр. Қазіргі уақытта бұл бағытта да айтарлықтай ауқымды жұмыстар жасалып, жолға қойылған. Соның бір дәлелі Ерімбетжағадағы тоған десек болады.
Иә, шалыс естімедіңіз. Кәдімгі Қарақұм қойнауындағы Ерімбетжағаны айтып отырмыз. Ысылдаған бұйрат құмдардың арасында балық өсіріп жатқан Шалғынбай Алматбаев дейтін азамат бар. Тоған жұмысының тынысын білу үшін кәсіпкердің өзімен тілдестік.
– Ауылдағы шағын ғана көл бос жатыр. Ол көлдің де қалай пайда болғаны бөлек әңгіме. Бірақ осы көлді неге ел игілігіне игермеске деген ой келді. Іс жүзінде жүзеге асыруға талап қылдым. Осылайша 2019 жылы өз қаржыммен алғашқы болып жұмысты бастадым. Бірден табысқа жету, нәтижеге ұмтылу мүмкін емес қой. Теңізге барып, балық аулап, тірі балықтарды қалаға жеткіздім. Осы қаладан суды ауыстырып, тазалап, соны ауылға апарып, көлге жіберіп көрдім. Бір барғанда 10, келесіде 20-30 балықтан өсіріп көрдім. Жаз мезгілі қиындық тудырмады. Бірақ қыста "әлде қалай болады?" деп қорықтым. Қатқан мұзды ойып, қарап тұрдым. Келер жылы балықтар мұздың астында жүріп те өсті. Тіпті уылдырық шашты. Кейін Қамыстыбас балық питомнигінен де балық жеткізіп, соны өсірдім. Қазіргі уақытта сазан, толстолоб, беломор, карп тектес балықтар өсіріп жатырмын, – дейді.
Үш жыл ғана уақыт өтсе де қырдың өлкесіне Сырдың балығын өсіріп отырған Шалғынбай алдағы уақытта да бұл кәсібінің көкжиегін кеңейтуді көздейді. Бірақ әзірге тек уақыттың еншісіндегі жұмыс қана. Алдағы уақытта қолдау да болады деген ойдамыз. Себебі аудан әкімі Серік Сермағамбетов Ерімбетжағаға жасаған сапарында мұндай кәсіпті қолдауға қашан да дайын екенін айтқан болатын. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов Арал ауданында іссапармен болған кезінде де тоғанның жұмысын оң бағалап кетті.
Иә, мүмкін емес нәрсенің болмайтынын осыдан-ақ білуге болады. "Талапты ерге нұр жауар" деген осы. Өзінің сүйікті ісін істеген адам емес, өз ісін сүйіп істеген адам ғана жетістікке жетеді.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
17 қыркүйек 2022 ж. 493 0