Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаңғыбас иттерді қайтеміз?

Қаңғыбас иттерді қайтеміз?

Ертеден халқымыз итті жеті қазынаның біріне теңеген. Көшпенді қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде де иттің алатын орны ерекше болған. Олар әсіресе малшылардың сенімді серігі бола білген. Сонымен бірге бүтін бір үйді күзетіп, бөтен адам кіргізбейтін қасиеті де ерекше бағаланады. Мәселен, бұрындары жаңа туған нәрестенің алғашқы киімі «иткөйлек» деп аталған. Бұл атаудың да өзіндік мәні бар, әрине. Ол кәдімгі көйлек сияқты тігілмей, жөрмелеп тігілген. Сәбиді қырқынан шығарғаннан соң әлгі көйлекке түрлі тәттілерді түйіп, иттің мойнына байлап жіберетін болған. Оны көрген балалар итті шақырып алып, мойнындағы тәттілерімен бөліскен. Бұл «иткөйлек» атауының шығуы иттің мойнына байлағанына емес, жеті қазынаның біріне жатқызғандықтан. Сондай-ақ осы шаңырақ басында ұрпақ өрбіп, адал және қиындыққа берік болсын деп баланың киімінің атауын «иткөйлек» қойған.
Ендігі кезекте бүгінгі қоғамдағы ит мәселесі басты орында тұрған сауалдардың бірі болып отыр. Қалада иесіз иттердің топтасып жүруі тұрғылықты халық үшін қауіп төндіріп отыр. Бұл мәселе жайында тұрғындар тарапынан түрлі әлеуметтік желіде де көтеріліп келеді. Тіпті «тұрғындарды немесе мектеп оқушыларын ит талап тастапты» деген әңгімені жиі құлағымыз шалып жатады. Сонымен бірге ит қабу оқиғасын көгілдір экран ішіндегі жаңалықтар мен ұялы телефондағы ақпараттық порталдардан да көріп жүрміз. Соңғы кездері мұндай жағдайлар жиілеп кеткен де секілді. Жалпы аудан бойынша 2013-2014 жылдары тұрғындар арасында екі құтырма ауруы тіркеліп, екеуі де қаза тапқан. Бұл жөнінде Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы О.Мошанов:
–Құтырма ауруы бұл вирус арқылы таралып, жылдам өрбитін аса қауіпті ауру түрі. Ауру белгісі үй немесе жабайы жануарлардан жарақат алғаннан соң 10 күн мен 1 жыл аралығында, кейде 1 жылдан аса мезгілде байқалады. Көбіне 20-60 күннің ішінде адамда құтыру белгілері анықталады. Құтырмаға шалдыққан адам алғашқыда судан, судың сылдырынан, жарықтан және басқа да дыбыстардан шошынады. Құтырмаға тән сыртқы белгілері науқас ерекше жұлынып құтырады, қимылы күшейеді, жұтқыншақта және бұлшық еттерде діріл, құрысу пайда болады, кейін ағзаның жұмыс қабілетінің нашарлау себептерінен науқас ажал құшады. Жалпы, ауданда 2020 жылы 168 адам, 2021 жылы 162 адам, 2022 жылдың 8 айында 159 адам түрлі жануарлардан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген. Бұл аурудың алдын алу үшін ауырған сияқты көрінетін немесе мінезінде өзгеріс бар хайуандарға аса назар аударып, барлық сақтық шараларын қолданғанымыз жөн. Тіпті ол ешкімді тістеп қаппағанда да оның сілекейі дененің кесілген немесе жырылған жеріне түссе құтыру туғызады. Сонымен бірге аудан тұрғыны түрлі жануарлар сілкейі салдарынан жарақаттанған жағдайда жарақатты сабынды сумен 10-15 минут жақсылап жуып, міндетті түрде дәрігерге көрінуі қажет. Дәрігер тағайындаған құтырмаға қарсы егу шараларын кестеге сәйкес мерзімді уақытында үзбей алуға тиіс. Жеке қожалықтағы ит-мысықтарды, малдарды құтырмаға қарсы ектіру қажет, оларға мал дәрігерлік құжат алынуы керек. Иттерді аулада байлап ұстап, көшеге қарғыбау байлап, тұмсыққап кигізіп алып шығу шарт, –дейді.
–Бүгінгі күні қаңғыбас иттердің жүрген жері тұрғындар үшін қауіпті жерге айналып отыр. Таңертең баламды мектепке апарар сәтте көше бойында топтасып жүрген иттерді көремін. Тіпті сол уақытта қаншама бала мектепке кетіп бара жатады емес пе?! Бүгінде ит қабу салдарынан жарақат алып, түрлі ауруға шалдығып жатқан жандар жетерлік. Осы сынды жаңалықтарды естіген соң балаларға да алаңдайтының сөзсіз. Қала ішіндегі көшелер былай тұрсын, орталық алаңда да топтасып жүретін иттер баршылық. Ендігі кезекте осы мәселені қолға алып, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етсе жақсы болар еді,– дейді қала тұрғыны Г.Елубаева.
Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсанда №97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы шығарылып, 2022 жылдың наурыз айынан бастап күшіне енгені жөнінде барлығымыз хабардар болармыз. Осы Заң талаптарына сәйкес енді қаңғыбас ит-мысықтар жойылмайды, тек ауланып, арнайы уақытша ұстау пункттерінде ұсталады делінген екен. Иә, жануар да ерте кезден адамзат өмірінде ерекше орын алып келе жатқан тіршілік иесі. Бірақ қоғамдағы ит қабу факторының алдын алып, тұрғындар денсаулығын да назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Әр тұрғын өз жануарларына жауапкершілікпен қарап, уақытылы жауапты мамандар арқылы тексерістен өткізгені дұрыс. Айтпағымыз, қараусыз жүрген қаңғыбас иттің қауіптілігін ұмытпағанымыз абзал. Қаңғыбас иттер мәселесі қала түгілі, еліміз үшін өзекті мәселеге айналғалы қашан?!

А.НҰРЛАНОВА
20 қыркүйек 2022 ж. 414 0