Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шректің өмірде болғанын білесіз бе?

Шректің өмірде болғанын білесіз бе?

Бала кезден есте қалатын дүниелер өте көп. Әсіресе балаларға арналған фильмдер мен мультфильмдердің кейіпкерлері естен кетпей жатталып қалып жататыны жасырын емес. Мүмкін қызықтылығымен болар, мүмкін шынайы өмірден алынғандықтан болар, әйтеуір сол кейіпкерлердің қызығын ұмыту мүмкін емес. Расында солай, әлі күнге дейін жұрттың сүйікті мультфильмдеріне айналған "Ну, погоди!", "Том мен Джери" хикаялары шындығында мысық пен тышқанның, қасқыр мен қоянның өмірдегі бәсекелестігі, бақталастығы негізінде түсірілген.
Ал кейбір қиялдан туған мұндай дүниелердің өзінде астарында ақиқаты болады. Мәселен, құбыжық кейпіндегі жүрегі мейірімге толы осындай бейне Шрек те ақиқатқа астарлас. Болмысы, дене бітімі шынайы өмірден алынғанын көбіміз біле бермейтін шығармыз. Олай болса айтайық. Шректің прототипі болған адам Морис Тиллет (Тие). 1903 жылы дүниеге келген орыс тумасы француз кәсіпқой балуаны, сонымен қатар «Француз періште» лақап атымен белгілі. 1940 жылдардың басында ол ең танымал палуандардың бірі және Бостондағы американдық күрес қауымдастығының ауыр салмақтағы екі мәрте әлем чемпионы болды. Оның ерекше көрінуінің себебі – сирек кездесетін аурудан болған. Сол аурудың әсерінен алып Шректің болмысы осы балуанға ұқсас құрылған.
Морис Тие француздар отбасында дүниеге келген. Анасы мұғалім, ал әкесі темір жолда инженер болып жұмыс істеген. Тиенің әкесі кішкентай кезінде қайтыс болды. Бала кезінде ол қалыпты келбетке ие болып, бәрі оның "періште" деп атады. 1917 жылы тие мен оның анасы революцияға байланысты Ресейден кетіп, Францияға көшіп, Реймске қоныстанды. Тие он жеті жасында аяқтың, қолдың және бастың ісінуін байқады, ал 19 жасында оған акромегалия диагнозы қойылды. Гипофиздегі қатерсіз ісіктен туындаған ауру салдарынан адамның сүйектері өсіп, қалыңдайды екен. Оның бойы 175 см болған кезде салмағы 122 кг болды.
Жас кезінде Морис регби ойыншысы болып сәтті өнер көрсетті. 1926 жылы спорттағы жетістіктері үшін Англия королі Георгий бесінші өз қолымен марапаттады. Тулуза университетіне заң факультетіне оқуға түсіп, біраз уақыттан кейін аурудың үдеуінің салдарынан заңгер болам деген арманы аяқсыз қалды. "Мүмкін, мен осындай бет-әлпетпен адвокат бола алар едім, бірақ менің есектің гүріліне ұқсайтын дауысымды тыңдау мүмкін емес, сондықтан мен Әскери-теңіз күштеріне бардым" дейді Тие бір сұхбатында.
Морис діндар католик болды. Рим папасының құрметіне ие болған жалғыз балуан атанды. Сондай-ақ анасының арқасында орыс, француз, болгар, ағылшын және литва тілдерінде еркін сөйледі. Ол 14 тілді білген делінеді. Оның жігерлілігі де көпке үлгі боларлықтай еді. Жас кезінде бұл келбетін қабылдау қиын болғанымен, кейінірек ебедейсіз болмысына философиялық және әзілмен қарады.
Ол өзінің кемшілігін артықшылық деп санауды да меңгерді. Іштей қандай қиындыққа тап болса да, өзін әр салада сынап көрген Морис Англияға қарсы регби ойынында Франция құрамасының үздігі атанды. Әскерде болды. Сингапурде өткізген уақытында Каролис Пожеламен кездесіп, осы кездесуден соң кәсіби балуан болуды көздеді. Тие мен Пожела Парижге жаттығу үшін көшіп келіп, 1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты АҚШ-қа кетуге мәжбүр болды. 1940 жылы Массачусетс штатының Бостон қаласында Тиенің промоутер Пол Боузер оны басты жұлдызға айналдырып, "француз періштесі" деп атады. Өзінің танымалдылығының нәтижесінде тие "жеңілмейтін" рөлге ие болды, ол 19 ай қатарынан ұтылмады. 1940 жылы мамырда Тие титулды ұстап тұрып, ауыр салмақтағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Ол талай жеңіліс көрмеген мықты балуандармен жекпе-жекке түскенімен, 1945 жылға қарай Тиенің денсаулығы күрт нашарлап, бас ауруы, шамадан тыс шаршау, көру қабілетінің төмендеуі оның спорттағы жеңіліссіз сериясының аяқталуына алып келді. Бірақ оның жасаған мүсіндері әлі күнге дейін ұмытылмауының дәлелі.
Мористің қазасының өзі сол уақытта ұранға айналып кетті. Себебі оның промоутері әрі ең жақын досы Каролис Пожела 1954 жылы 4 қыркүйекте қатерлі ісіктен қайтыс болса, дәл сол күні досының қазасын көтере алмай Тие де өмірден өтті. Чикаго қаласынан 20 миль қашықтықтағы екеуінің қабірлеріне "достықты өлім де ажырата алмайды" деп ескерткіш қойды.
Дайындаған Оңталап ЖОЛДАСОВ
04 қазан 2022 ж. 486 0