Балалар неге "анимеге" құмар?

Бүгінде күн шығыста жатқан Жапон елінің «аниме» атты анимациялық мультфильмдер желісі дүйім дүниеге танылып жатыр. Иә, әлемге танылған дүние біздің елді де айналып өтпесі анық. Анименің қарапайым мультфильмдерден айырмашылығы көрермендері тұрақты балалар емес, орта жасқа да және үлкендерге де арналған. Сонымен бірге аниме суретпен салынған кейіпкерлерімен ерекшеленеді. Анименің жарыққа шығуына жапондық «манга» мен «ранобэ» атты суретті сюжет негіз болған екен. 1970 жылдың ортасына дейін аниме сөзі «манга-эйга» болып аталып келген. Бұл «сайқымазақ кино» деген мағынаны білдіреді. Бұл атау тек ел ішінде ғана түсінікті тілдегі қолданыста болғандықтан, өзге де елдерге танымал бола бастаған уақыттан бері жалпы халықтық атауын «аниме» деп бекіткен. 1933 жылы тұңғыш рет атаулы мультфильмнің дыбыстық жүйесі іске қосылады. Біршама уақыттан кейін «аниме» тек көңіл көтеруге арналған анимациялық кейіпкерлердің желісі емес, мемлекеттік деңгейдегі құралға айналды. Өйткені бұл мультфильм арқылы жапондар өз елінің тарихын, салт-дәстүрлері мен жеңісті күндерін өзге елдерге көрсетуге мүмкіндік алды. Уақыт өте келе анименің заманауи жанрдағы сюжеттік көріністері пайда бола бастайды.
Қай нәрсенің болсын бала психикасына оң немесе теріс әсері болатыны белгілі. Мамандардың айтуынша, аниме стиліндегі мультфильмдер бала психологиясына айтарлықтай әсер етеді екен. Мәселен, анимедегі сюжет барысында мейірімді, жұмсақ сөйлейтін кейіпкер зұлым, сиқыршы болып шыға келеді. Бұл дегеніміз бала бойындағы қоршаған ортаға деген сену қасиетін жоғалтуы мүмкін. Сондай-ақ анимеде көрсетілген фантастикалық әлемдер соншалықты тартымды, баланы өзіне баурап алуы өте оңай болып келеді. Сол үшін өзге әлемді көріп алған жасөспірім қалыпты жағдайға оралуы қиын. Сонымен, анимацияға деген шамадан тыс құмарлық көбіне шынайы әлемнен қашып кетудің себебі бола алады. Яғни, баланың шындықтан кетуі. Соның нәтижесінде бала қоршаған ортадан оқшауланып, өз қатарластарымен ойнаудан қашып, өз қиялындағы өзге әлемді ойлап жүреді. Аниме көбіне фантастикалық оқиғаларға толы болып келеді. Осы көріністің өзі балаға зиянын тигізбей қоймасы белгілі.
Барлық нәрсенің тек жағымсыз жағын көре беруіміз де дұрыс болмас. Анименің балаға үйретер жағы да жоқ емес. Ол балаға тәрбиелік мәні жағынан адалдық пен достықты, адамгершілік қасиеттерін де үйретеді. Дегенмен ой-өрісі әлі де қалыптасып үлгермеген баланы қауіпті дүниелерден аулақ ұстағанымыз жөн болар. Бүгінгі қоғамымыздағы балалардың психикалық ауыртпашылығы, үйден қашып кетуге әрекет етуі де осының салдарынан болуы әбден мүмкін. Сол үшін бала тәрбиесіне келгенде оның көретін мультфильмдерінің де әсері бар екендігін естен шығармағанымыз дұрыс.
А. НҰРЛАНОВА