Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мультфильмнің жас өскін өміріндегі рөлі

Мультфильмнің жас өскін өміріндегі рөлі

Бүгінгі күні теледидар төрінен орын алған бүлдіршін назарына ұсынылатын – түрлі-түстермен безендірілген мультфильмдер болып отыр. Қолымыздағы ұялы телефоннан немесе көгілдір экран ішінен беріліп жүрген мультфильмдер баланың ой-өрісінің және тілінің дамуына тікелей әсер етері сөзсіз. Сондай-ақ экран артындағы көрініс қаншалықты қызықты және шытырман оқиғаларға толы болса, балалар үшін де соншалықты қызық болып, көңілін баурап алады.
         Ең алғаш рет қазақ мультипликациясының негізін қалаған ҚР еңбегі сіңген өнер қайраткері және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, ұлттық өнер академиясының профессоры, режиссер-аниматор Әмен Қайдаров еді. Ол «Құйыршық», «Құрылысшы Қожанасыр», «Ақсақ құлан», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» және «Қырық өтірік», тағы басқа да көпке белгілі шығармалар авторы. Сонымен қатар тұңғыш рет ұлттық мультфильм шығару идеясын «Қазақфильм» киностудиясының басшысы Камал Смайылов қолдаған еді.
         Осы уақытқа дейін теледидар ішінен түрлі мультфильмдер беріліп жүрді. Яғни, олардың бірі шет елдік мультфильмдер болса, енді бірі өзіміздің отандық мультфильмдер екенін білеміз.  Отандық “Balapan” телеарнасының мультфильмдері ертегі, ойын және адамдар арасындағы қарым-қатынасты бейнелейді. «Қаһарман», «Ғарышкер бала Жігер», «Сарбаздар» және «Су астындағы оқиға» сынды мультфильмдер баланың логикалық ойлауын дамытып, кішкентай проблемаларды жеңудің жолын үйретеді. Сонымен бірге жыр-дастандарымыздан тарихымызды бала бойына қалыптастыру мақсатында «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қобыланды» секілді мультфильмдер көрсетіліп жүр.
         Иә, шет елдік мультфильмдер бізге қарағанда техникалық жағынан жақсы дамыған. Бірақ бала тәрбиесіне келгенде осал тұстары жетерлік деп сеніммен айта аламыз. Мәселен, «Том мен Джерриді» және «Ну, погодиді» салыстырайық. Бұл мультфильмде қасқыр мен қоян бірде дос, бірде қас болып жүреді. Осыған қарап балалар бірін-бірі алдауды, сатып кетуді үйреніп алады. Сондай-ақ сатқындық мәселесіне келсек, «Шректегі» құсты троль әйел өлең айтып жарып жіберетін, оның үш жұмыртқасын қуырып жейтін немесе құрбақа мен жыланды шар қылып үрлеп ұшырып жіберетін эпизодты бәріміз білеміз. Сонда бала санасында қоршаған орта мен табиғатты аялау керек деген ой қайдан пайда болсын?! Осылайша тәрбиелік мәні мен балаға берер пайдасы зор деп айту қиынға соғады.
         Мультфильм – ой-өрісі енді дамып келе жатқан жас ұрпақ тәрбиесінде аса қажетті, маңызды құралдардың бірі. Дана халқымыз өзінің бет-бейнесі мен болмысын, ұлттық салт-дәстүрі мен жөн-жоралғыларын, өзінің сан ғасырлар бойы арман еткен тәуелсіздігін болашақ ұрпағы арқылы ғана қорғай алады емес пе?! Сол үшін келешек ұрпақ тәрбиесі қай уақытта болсын алдыңғы орында болуы қажет. Сондықтан да елімізде мультфильм саласын  әрі қарай дамыта түсіп, үлкен мән бергеніміз жөн. Өкінішке орай, біздегі анимация жанры – қазіргі таңда өз шешімін таппай, кенжелеп қалған саламыздың бірі. Тарихымыз бен салт-дәстүрімізге тереңінен бойлап, бала бойына осы бір асыл қасиеттерді игерте білуіміз керек.
Ертеңгі болашағымыз – бүгінгі бүлдіршін қолында. Әрбір отбасында бала тәрбиесін басты назарда ұстап, өзіміздің қазақи құндылықтарымызды сәбилеріміздің санасына сіңірейік. Сонда ғана олардың ой-толғамы кеңейіп, ғаламтордағы атыс-шабыстан алшақ болады.
А. СӘКЕНҚЫЗЫ
19 ақпан 2022 ж. 1 489 0