Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпе алу сырқаттанудан сақтайды

Екпе алу сырқаттанудан сақтайды

Ақ желеңділер тұмауға қарсы екпе алуға ниет білдіретіндердің басым бөлігі егде жастағы адамдар екенін айтады. Биыл иммундық жүйесі әлсіреген, әсіресе онкология ауруы мен қант диабетіне шалдыққан, тыныс алу жолдары және қан айналым жүйесінде кінәраты бар науқас адамдарды ең әуелгі кезекте вакциналау жүргізілуде. Бұл мақсатта өңірге 90 мың доза екпе жеткізілді.

Өңірде жедел респираторлы ви­рус­тық инфекциялар (ЖРВИ) және тұмау бойынша ахуал тұрақты деп есептеледі. Былтыр дәл осы кезеңде ауырғандардың саны мыңнан асып кетсе, биылғы көрсеткіш сәл азырақ. Әрі ЖРВИ диагнозы әзірше ешкімге қойылмаған. Павлодар облыстық ден­саулық сақтау басқармасының бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету және емдеу жұмысы бөлімінің басшысы Айгүл Мұқышева жедел респираторлық аурулар бойынша алаңдатарлық жағдай жоқ екенін айтады.

– Негізі тұмау Ұлттық сараптама орталығының вирусология зерт­ха­насының зерттеуінен соң ғана ай­қын­далады, ал оны нақтылау шарасы елордадағы зертханада жүргізіледі. Былтыр эпидемиялық кезеңде өңірде 13 тұмау жағдайы аталған зертханалармен расталды. Алдағы уа­қытта, нақты түрде желтоқсан айы­ның басында өңірде вирустық инфекциялар көбейіп, тұмау бой көрсететіні анық. Себебі күн суытқанда оның таралатын кезеңі басталады. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесі тұмау мен тұмау тәріздес аурулардың алдын алуға көңіл бөлуде. Жылдағыдай көп­ші­лікті вакциналаудан өткізу және бұл шараға аймақтағы медицина ұйым­дарын даярлау жұмыстары пы­сық­талып қойды, – дейді А.Мұқышева.

Қазіргі күні облыста тұмауға қар­сы екпе салу басталып кетті. Биыл біздің өңірге 90 мың доза вак­­ци­на бөлініпті. Өңірлік сани­тар­лық-эпидемиологиялық бақы­лау де­партаменті паразитарлы және ин­фек­циялық ауруларды эпи­­де­мио­ло­гия­лық бақылау бө­лі­мінің басшысы Гүлмира Құлмағамбетованың сөзіне сүйенсек, барлық аудан-қала­да­ғы емдеу меке­ме­лерінде меди­ци­налық кабинеттер әзірленген. Тұр­­ғындар жұмыс күндері қалаған уа­қы­тында келіп екпе салдыра алады. Жылдағыдай ресейлік өндірістен шыққан «Гриппол Плюс» вакцинасы егіледі. Бұл екпеден соң адам бойында белгілі бір аурулардың қозуына қа­тысты деректер тіркелмеген, ал пре­параттың тиімділігі жоғары, дейді маман.

Емханаларға өз еркімен тұмауға қарсы екпе салдыруға келетіндердің басым бөлігі зейнеткерлер екен. Иммундық жүйесінде кінәраты бар егде жастағы емделушілерге елдің алды болып вакцина салынады. Әсі­ре­се онкологиялық, қант диабеті, тыныс алу жолдары және қан айналым жүйесі ауруларына шалдыққандарға зор көңіл бөлінеді.

Павлодар қаласының №5 емханасында тұмауға қарсы егу шаралары қыркүйек айынан басталып кетті. Бас дәрігердің медицина қызметі сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Айгүл Абылхасан бүгінде 1 мың адамға вакцина салынғанын жеткізді. Бұл емдеу ұйымына жалпы саны 55 919 адам бекісе, мұнда бөлінген вакцина саны – 7 372 доза. Негізінен тегін екпені медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, 60 жастан асқан қариялар, жүкті әйелдер, қарт­тар үйлерін мекендеушілер мен мүгедектер, балалар үйлерінің тәр­бие­ленушілері қабылдауда.

– Ал шаһардағы 51 750 емделушісі бар №3 емханада қазірдің өзінде 2 023 адамға салынып үлгерген. Жыл соңына дейін жалпы саны 5 677 адамды екпемен қамтымақ жоспарымыз бар, – деп хабарлады мекемедегі эпидемиолог көмекшісі Ақбота Асылханова. – 2021 жылы мұнда 10 мың адам тұмауға қарсы вакциналаудан өткен. Екпе алғандар арасында тұмаумен ауыру диагнозы тіркелмеген.

Мамандар тұмаудың жұқпалы ауру екенін ескертеді. Онымен үлкен де, кіші де ауырады. Адамдар көп жиналатын жерлерде, үлкен қалалар мен елді мекендерде тез тарайды. Бұл жұқпалы дерттің мұрын мен тамақтан өзге өкпеге зақым келтіретін түрлері де болады. Асқынған жағдайда құлақ инфекциясына немесе бактериялық пневмонияға соқтыруы мүмкін.

egemen.kz
05 қазан 2022 ж. 228 0