Көп балалы отбасына қандай көмек көрсетіледі?
Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы: «Адам өміріндегі ең үлкен қуанышы – бала сүю» демекші, әрбір жас отбасының асыға күтетіні де сәби дауысы. Иә, әр бүлдіршіннің шаңырақ басында өзіндік орны мен маңызы болары анық.
Жалпы әйел жанының мойнына жүктелген басты міндет –ана болу десек, көп баланың анасы болуды нағыз ерлікке жатқызған жөн шығар.Осы тұста«еліміздегі көп балалы аналардың хал-жағдайы қалай?», «олар қандай жағдайда бала тәрбиелеп отыр?», «мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек қандай?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік. Алдымен «көпбалалы отбасылар кімдер?» деген сұраққа жауап бергеніміз жөн. Ол «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 1-бабы бойынша көпбалалы отбасылардың тізіміне кәмелетке толмағантөрт және одан көп баласы бар (оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар) отбасылар кіреді.
Бүгінгі күні көпбалалы отбасы жайында естісек таңқалып, таңырқап жататынымыз рас. Қазір бұрынғыдай бала санына шектеу қоятын отбасылар да бары анық. Тіпті кей отбасылар 2-3 баламен ғана шектеліп қалып жатады. Дегенмен баланы несібе көріп, оны бақытқа балайтын отбасылар да жоқ емес.Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда кәмелет жасына толмаған төрт және одан да көп баланы асырап отырған 440 мыңға жуық отбасы бар екен. Ал біздің ауданда шамамен 3534-ке жуық көпбалалы отбасы бар. Сонымен бірге мемлекетте көпбалалы отбасыларды қолдаудың кешенді моделі құрылған. Оның ішіне мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамту және де салық салу жеңілдіктері кіреді.
Қазіргі кезде әлеуметтік көмек отбасылардың бес санаты бойынша беріледі. Атап айтар болсақ, бір жасқа дейінгі баласы бар аналар мен отбасылар, көпбалалы отбасылар, мүгедек баласы бар отбасылар, сондай-ақ аз қамтылған отбасылар мен асыраушысынан айырылған және бала асырап не қамқорлығына алған отбасылар жатады.
Тағы айта кетерлік нәрсе, алтын алқа және күміс алқа иегері атанған аналарға да мемлекет тарапынан біршама көмек қарастырылған. «Алтын алқа»жетінші сәби бір жасқа толған кезде және алты баласы тірі болған жағдайда ғана анаға беріледі. Сонымен бірге егер олардың бірі Қазақстан Республикасының мүдделерiн қорғау кезiнде немесе өзге қызметтiк мiндеттерiн атқару үстiнде қаза тапқан не болмаса хабарсыз кеткен, дүлей апаттар кезiнде не адам өмiрi мен материалдық құндылықтарды құтқару жөнiнде азаматтық борышын атқару үстiнде, қылмысқа қарсы күресте және қоғамдық тәртiп күзетiнде қаза тапқан, сондай-ақ аталған жағдаяттар кезiнде жаралану, мертiгу немесе ауруға шалдығу не еңбек жарақаты немесе кәсiби ауру салдарынан қайтыс болған балалар есепке алынады екен.
Ал келесі «күміс алқа» алты баласы бар аналарға беріледі. Заң бойынша, оларға көлік және жер салығынан,мекен-жайын тіркеу, төлқұжат және жеке бас куәлігін беру кезінде нотариаттық және заңдық маңызды іс-әрекеттер жасау кезінде мемлекеттік баждардан босатылады делінген.
Алтын және күміс алқа иегерлеріне қандай да бір ауру анықталған жағдайда мемлекет тарапынан белгілі бір дәрілер де бөлінеді. Сонымен қатар көпбалалы отбасынан шыққан бүлдіршіндерге де балабақшаға орналастырарда біршама көмек қарастырылған. Сондай-ақ қосымша қолдау шаралары бойынша «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» ҚР заңының 11-бабының 3-тармағына сәйкес, 5 және одан да көп баланы дүниеге әкелген немесе асыраған және оларды 8 жасына дейін өзі тәрбиелеген 53 жастағы әйелдер зейнетке мерзімінен бұрын шығады. Ал тұрғын үй кезегі бойынша көпбалалы отбасылар баспана алу барысында басқа отбасылар секілді кезекке тұрып, арнайы шарттар негізінде баспанаға қол жеткізе алады. Бұл туралы «ҚР мемлекеттік наградалары туралы» заңының 36-бабына сәйкес, «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көп балалы аналар белгіленген нормалар бойынша тұрғын үй алаңымен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі.
Байқағанымыздай, елімізде көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмектер баршылық. Тәуелсіз ел болып құрылғалы еліміздегі әрбір тұрғын бейбіт өмір сүруге құқылы. Осы тұрғыда мемлекет те әр нәресте үшін көптеген жеңілдіктер қарастырғаны белгілі. Президент тапсырмасына сәйкес балалар жылы қарсаңында бала болашағы үшін елімізде көптеген жаңа тетіктер қарастырылып жатқаны белгілі. Осының барлығы болашағымыз болған балғын балалар мен олардың жайлы ортасы отбасына деген айрықша қамқорлықтың нақты дәлелі. Ендігі кезекте Заң алдында өз құқығымызды біліп, қай сала бойынша қандай көмектер қарастырылғанын біле жүргеніміз де артық болмас.
А. НҰРЛАНОВА