Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұйқы қанбауы ағзаға қалай әсер етеді?

Ұйқы қанбауы ағзаға қалай әсер етеді?

Америкалық ғалымдар адамда ұйқының тұрақты болмауы молекулалық деңгейде үлкен проблемаларға әкелетінін анықтаған. Оның салдарынан иммун жасушаларының құрылымы өзгеруі мүмкін. Бұл қабыну процестерінің дамуына және ерте қартаюға әкеп соғады, - деп хабарлайды РИА Новости.

Ұйқы - адамның тамақтану, су ішу немесе тыныс алу сияқты негізгі қажеттілігі. Адам бір күн толық ұйықтамаса, жұмыстағы өнімділігі төмендейді, сыртқы ортаға реакциясы нашарлайды, көңіл күйі бұзылады. Ұйқы қанбаудан метаболизм бұзылады, жүйке, жүрек-қан тамырлары, тыныс алу және ас қорыту жүйесі ауруларының даму қаупі артады.

Дәрігерлер ұйқысы қанбайтын адамдарда көбіне қандағы қабынудың негізгі белгісі - С-реактив ақуызы жоғарылайтынын, сондай-ақ, жоғары қан қысымын атаған. Сарапшылардың пікірінше, мұның бәрі жүрек бұлшықеті шамадан тыс шаршағанын көрсетеді, сонымен қатар, атеросклероз туындауы мүмкін, инсульт пен инфаркт ықтималдығы да артады.

Көптеген зерттеу нәтижесі ұйқы қанбауы мен семіздік арасындағы байланысты растайды. Ұйқы қанбауы метаболизм процестеріне қатты әсер етеді, ол аштықты туындатады. Бұл өз кезегінде шамадан тыс тамақтануға және артық салмақ қосуға әкеледі.

Жануарларға жүргізілген тәжірибелер ұйқы қанбауы қатерлі ісік патологиясының дамуына, тіпті өлімге әкеп соғатынын көрсеткен. Мұның себебі - иммун жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі.

Басылым мәліметінше, қауіпті азайту үшін дұрыс ұйқы режимін ұстану қажет, әсіресе, жас кезде. Ересектер күніне жеті-сегіз сағат, қарттар жеті-тоғыз сағат, ал 17 жасқа дейінгілер шамамен сегіз-он сағат ұйықтауы керек.

massaget.kz
22 қазан 2022 ж. 750 0