Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтардың халықты алдау әдісі өзгеріп жатыр

Алаяқтардың халықты алдау әдісі өзгеріп жатыр

Бүгінде алаяқтар банк қызметкерлері ретінде жиі хабарласады

Мессенджерлерде тараған ақпаратқа қарағанда, алаяқ өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, теңгемен ашылған депозиттердің мөлшерлемесін 1,5 процентке, ал доллармен салынған ақшаны 0,5 процентке көтеруге болатынын айтады.

Содан соң олар алдамақ болған азаматты банк бөлімшесіне шақырады. Бірақ біршама уақыттан кейін «бас маман» хабарласып, депозит мөлшерлемесін көтеру бойынша өтінімді тіркеу қажеттігін жеткізеді. Ол үшін телефонға келген банк кодын айтуды сұрайды.

Stopfake.kz сайтының жазуына қарағанда, осындай алаяқтық жасаған бір адам Форте банктің атынан қоңырау шалған.

ForteBank өкілдері жеке мәліметтерді, әсіресе, пароль мен кодтарды беруге болмайтынын ескертті.

«Қауіпсіздік мақсатында Сіздерден үшінші тұлғаларға ЖСН, төлем картасының нөмірін, қосымшаға кіруге арналған парольді, картаның CVV-кодын, картаның қолданылу мерзімін, код сөзді, құпия сұраққа жауапты, сондай-ақ СМС-кодтарды және басқа да дербес ақпаратты айтпауды сұраймыз. Күдікті сайттарда өзіңіз туралы ақпаратты қалдырмаңыз. Құрылғыға AnyDesk/TeamViewer сияқты қашықтан басқаруға арналған қосымшаларды орнатпаңыз. Барлық қолма-қол ақшаны бір картада сақтамаңыз. Егер Желіде жиі сатып алумен айналыссаңыз, онлайн сатып алу сомасына белгіленген шектеулі лимиті бар бөлек картаны ашуды ұсынамыз», – деп хабарлады банктің клиенттерді қолдау қызметі.

Бүгінде алаяқтар банк қызметкерлері ретінде жиі хабарласады. Бұрын олар «біреу сіздің атыңыздан кредит алып жатыр» деп қорқытса, қазір депозиттің мөлшерлемесін көтереміз деген әдіске көшкен. Бірақ адамды алдаудың мақсаты бір, ол – СМС-кодқа қол жеткізу. Онымен шоттағы қаражатты алуға болады.

halyq-uni.kz
26 қазан 2022 ж. 330 0