Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Азаматтарға арналған үкімет» ХҚО атын жамылған алаяқтардан сақ болуды ескертті

«Азаматтарға арналған үкімет» ХҚО атын жамылған алаяқтардан сақ болуды ескертті

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева алаяқтардың пайда табу үшін қолданатын айла-амалдары туралы айтып берді, деп хабарлайды inform.kz.
«Мәселен, Павлодарда өзін ХҚО қызметкерімін деп таныстырған біреулер азаматтарға қоңырау шалып, несие борышын өтемесе, ЖСН нөмірін бұғаттаймыз деп қорқытқан. Алаяқтар азаматтардың әлеуметтік желілердегі парақшаларына жазып, СМС жіберіп, телефондарына қоңырау шалып мазалаған. Кейін ақша аударылуы тиіс банк картасының нөмірін айтып отырған. Ал негізінде мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері азаматтарға қоңырау шалмайды. Оларда ЖСН бұғаттайтын құзыреті жоқ», – деп ескертті Әсемгүл Балташева ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифинг барысында.
Қарағандылық тағы бір тұрғын алаяқтықтың құрбаны бола жаздаған. Оған «ХҚО қызметкерімін» деп қоңырау шалған адам Нұр-Сұлтан қаласындағы пәтер бойынша кезегінің жақындағанын хабарлаған. Сөздері дәлелді болу үшін алаяқ тіптен жалған құжаттың суретін де жіберген. Дегенмен, «пәтерге ие болу үшін қарызыңызды өтеңіз» деп талап еткен. Бірақ тағы да қандай несиені жабу керектігін нақтыламаған.
«Мемлекеттік корпорацияда құжатта көрсетілген тұрғын үй бағдарламасы туралы еш мәлімет жоқ және ол туралы халықты құлағдар етпейміз. Бұл – алаяқтықтың тағы бір схемасы деп ойлаймыз, олар тек сенгіш азаматтардың ақшасын кез келген жолмен тартып алуды көздейді», – дейді басқарма төрайымы.
Әсемгүл Балташева қазақстандықтарға қырағылық танытуға, жалған ақпаратқа сенбеуге және мұндай жағдайлар кездескен жағдайда, құқық қорғау органдарына хабарлау қажеттігін ескертті.
13 желтоқсан 2019 ж. 591 0