Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Өлгендер қайтып келмейді»

«Өлгендер қайтып келмейді»

Қазақ әдебиетіне ерекше өрнек пен ғажайып сыр-сипат алып келген белігілі жазушы Бердібек Соқпақбаев атамыз көпке таныс болар. «Менің атым Қожа» повестін жазып, балаларға қуаныш сыйлаған жазушының қазақ әдебиетінде алар орыны бір төбе. Балалар әдебиетінен бөлек сонау соғыс уақытындағы оқиғаларға да қалам тербемей өтпеген Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» атты туындысын бірі білсе, енді бірі білмес. Бүгінгі тақырыбымызға осы шығарма арқау болып отыр.
Бердібек Соқпақбаев «Өлгендер қайтып келмейді» деген шығармасында соғыс кездеріндегі қалың көпшіліктің тұрмыс-тіршілігін, бастан кешкен қаралы күндерін баяндайды. Автор шығарманы бірінші, екінші және үшінші дәптер деп үшке бөлген. Мұндағы басты кейіпкер – Еркін Мамырбаев есімді 15-16 жас аралығындағы бозбала. Шығарма түгелдей Еркіннің бастан өткерген оқиғалары жайында баяндалып, оның көзқарасымен суреттеліп айтылады. Оның шығармадағы мінезі шыншыл, намысшыл және ақкөңіл, қарапайым ғана қазақ жігіті етіп көрсетіледі. Сонымен бірге Еркіннің туған ағасы Сәрсенбек, жеңгесі Қаныша және анасы, Нұрәлі, Зағипа, Ғалия есімді басты кейіпкерлер де бар.
Аталмыш туындының бірінші дәптерінде ашық аспан астындағы қазақ өмірін қара бұлт басуынан бастап баяндалады. Яғни сұрапыл соғыстың басталу сәтінен бастайды. Сол кезде Еркіннің ағасы Сәрсенбек аяқ асты соғысқа аттанып, шаңырақ басындағы барлық ауыртпашылық бозбалаға түседі. Еркін мен ауыл председателі Нұрәлі екеуінің арасында араздық пайда болып, жоспар құрып бозбаланы ФЗО-ға аттандырып жібереді. Анасы мен жеңгесі амалсыздан тұрмыстың қиын қыспағында қалады. Осылайша Нұрәлі атақ пен байлығына сеніп, жас баланың өмірін құртумен жүреді.
Екінші дәптерде Еркін ұнатқан қызы Ғалиямен қоштасып, Сарыбел ауылына мұғалімдікке аттанады. Сол ауылда жүріп Еркін мен Алтынның махаббат дастандары басталады. Алайда бұл дастан ұзаққа созылмай, тағдыр жазуымен аяқталады. Тіпті Еркіннің соғыс жылдарындағы студенттік өмірі де қиындыққа толы болады. Осындай ауыр жылдардан соң соғыс бітіп, халық жағдайы қайта жандана бастайды. Осы сәтте Еркін Зағипа есімді бойжеткенмен танысып, екеуі шаңырақ құрады.
Шығарманың үшінші дәптерінде жас отбасы шет ауылға мұғалімдік қызметке кетеді. Ол жақта да жас жұбайлар түрлі қиындықтарға тап болады. Мәселен ондағы жұрт орынымызды оқыған, білікті жастар тартып алады деген жаман оймен түрлі заңсыз әрекеттерге барып, күн көрсетпей тастайды. Міне жастар отбасылық өмірінде де қиын-қыстау кезеңдерді де бастан өткереді. Олар тұңғыш сәбилерін қырқынан шығармай жатып айырылып қалады. Осы сәтте Еркіннің анасы да өмірден озады. Ауыр қайғыдан соң Зағипа Жамал есімді қыз босанып, Еркін де түрлі шығармаларға қалам тербеп бірнеше баспасөз беттеріне шығарып жүреді. Осы кезден бастап олар қомақты қаражатқа кенеліп, тұрмыстары түзеле бастайды. Кейін Еркін киностудияға редактор болып жұмысқа орналасып, шағын жинақ кітаптары жарық көре бастайды. Қуаныш үстіне қуаныш қосылып, жұбайы тағы да қыз босанады. Шаңыраққа береке орнап, шат шадыман күлкіге орала бастаған сәтте Жамал қызылшамен ауырып, дүниеден озады.
Арада біршама уақыт өткеннен кейін Еркін Қалимен кездесіп, екеуі бірге Ғалияға барады. Ғалияның отбасылық өмірі ойран болып, жолдасымен айырылысып кетеді. Міне осылайша шығарма желісі де тәмәм болады.
Атаулы туындыны оқыған әрбір адам қандай қиындық болсын мойымай, жақсы ойлары арқылы сол қиындыққа қары жүріп, жеңіп шығатынына көзі жетеді. Бозбала шағынан түрлі қиындықты бастан өткерген Еркіннің болашағы жарқын болып, елге танымал тұлға атанғаны кімді болмасын қуантпай қоймасы анық. Сонымен бірге шығарма оқырманға басқа түскен қиындыққа қарамай оқу оқып, ізденіс үстінде жүріп, адал еңбекпен жетістікке қол жеткізуді де үлгі етеді.

А.НҰРЛАНОВА
27 қазан 2022 ж. 2 296 0