Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Интернат наны

Интернат наны

Қазақ жазушысы Шерхан Мұртазаның қаламынан шыққан әрбір туындының қалың оқырманға салар ойы жетерлік. Көпке түсінікті тілмен жазылған шығармалары жазушының қарымды қаламын айқындап тұрғандай. Шерхан Мұртазаның айтар идеясы айқын, терең және мазмұнды туындыларының бірі – «Интернат наны» әңгімесі. Әңгіме желісі бойынша автор оқушылардың интернатта өткен қиын күндерін қалың оқырман көз алдына дәлме-дәл суреттеп көрсетеді. Сондай-ақ соғыс жылдарынан кейінгі интернат өмірі, ондағы бүлдіршіндердің кейбірінің әке-шешесі жоқ болса, енді бірінің әкесі соғысқа аттанып, сұм соғыстың отында мәңгіге қалған.
Туынды иесі оқырман назарына ас атасының қадір-қасиетін көрсетеді. Күнделікті жатар алдында бір тілім нанды арман етіп, тіпті түсінде көріп жататынын бүлдіршіндердің қиын күндерін баяндайды. Көбіне бас кейіпкер Әлтай есімді баланың нанды асыра жеу үшін, оны асқан айламен сөмкесіне жинауы және оның балалық қылықтарын көрсетеді. Сондай-ақ Әлтай асханаға кезекші болуға асығатын. Әрине, кезекшілік жұмысының да ауыр жүгі бар. Бірақ тілдей кесілген нандарды өз тоқшылығына жарату үшін ешнәрседен тайынбайтын. Қасындағы тәрбиеші апай байқап қалмас үшін алып үлгерген нандарын жалма-жан аузына сыйғызатын. Иә, тәрбиеші оның аузына күдіктене қарар еді, бірақ оған сыр берер Әлтай жоқ. Кезекшілік күні аяқталған соң Әлтайдың көңілі бір толып қалатын. Бөлмесіндегі балалар ашқарын ұйқы үстінде жатқан сәтте қу бала Әлтай басын көрпемен жауып алып, нан жейтін.
         Күндердің бір күнінде Сәттіғұл деген бала оның түнде тығылып нан жейтінін байқап қояды. "–Әлтай нан жеп жатыр!"– деп айғайды салды Сәттіғұл жатар алдында. “Нан” деген сөзді естіген балалардың ұйқылары шайдай ашыла кетті. Содан Сәттіғұл барып Әлтайдың үстінен көрпені жұлып алады. Ал Әлтай болса қақпанға түскен қасқыр секілді ақсиып не ісерін білмей абдырап қалады. Өзінің кінәсін сезген қу бала жолдасына қарап бір тілім нан ұсынады. Ал нан жетпей қалғандарға бір уыс талқан және құрт тиеді. Осы бр сәтте бөлме іші мейірімге толғандай жап-жарық еді. Бүлдіршіндер бұл түні тәтті ұйқыдағы түстерінде бір қанар нан арқалап, балаларға үлестіріп жүрген тәрбиеші дәу ағайды көреді. Асхана ортасында тұрған жаңа жылдық шырша басында да ойыншық орнына қызыл-күрең бөлке нандар ілініп тұр екен. Сол шыршадағы бөлке нандардың ортасына Әлтайды да салбыратып іліп қойыпты. Тәрбиеші дәу ағайы аяз ата болып келіпті. Сондай-ақ жаңа жылда кәмпит орнына бір-бір бөлке нан сыйлап жүр екен. «Нұр жаусын саған, интернаттың қара наны!» – деп аяқтайды автор әңгімесін.
Көріп отырғанымыздай, қиын-қыстау заманда балалардың да көрген қиындығы аз емес еді. Балғын балалық шақтың қызықты күндеріндей қарындары да, көңілдері де тоқ болмады. Бала болып қызықты өмірді көрмеді десек те қате болмас. Автор сол кездердегі нанның қадірін көпшілікке түсіндіргендей. Өзіндік тіл құдіреті арқылы жазушы сөз қазынасын кеңінен пайдаланып, шығарманың жанрлық сипатын даралай түсті.
Бүгінгі күні ас атасымен ойнап, оған ойына келгенін істеп жүрген жандар баршылық. Туған күн кеші көңілді өтуі қажет деп, туған күн иесінің бетіне торт жабысытырып, ысырап етіп жатады. Ол былай тұрсын, осыдан біршама жылдар бұрын туған күнімен құттықтап жатқан үміт күткен балаларының ана бетіне торт жабысырғаны да жұрт ашуына тиген болатын. Міне, осындай дөрекі қылықтар істеп, тойып секіріп жүрген адамдар да бар.
Болашақтың кемелділігімен бірге, өткеннің қиындығын да естен шығармайық. Қаншама қиындықты бастан өткерген қалың қазақ тағдырын келешек ұрпаққа өнеге ету – біздің міндет. “Бүгінгі заман дамыған, қоғам басқаша” деуіміз дұрыс-ақ, бірақ бір тілім нанға қол жеткізе алмай, ашқарынмен ұйқыға кететін бүлдіршіндеріміз де ортамызда бар. Сол үшін асыра тойымдылықпен ойымызға келгенін істемегеніміз абзал.
Айсәуле НҰРЛАНОВА 
26 наурыз 2022 ж. 3 273 0