Ақжал толқын жағаға ұрған, осы тұста қала болған

- Айдынымыз толсын,
- Елдің несібесіне айналған балығымыз молайсын,-деп өзара күбірлескен анау маңдағы көнекөздер адам қарасы қалың шараны бағытқа алып аяңдап келеді. Енді бірі ұзын мойын крандарға қолын көлегейлеп зер сала, осынау порттың орнында кісі айтса нанғысыз еңбек көрігінің қызғанын есіне алып, бас шайқайды.
Ел қуаныш құшағында. Теңіз төскейінде көрніс тапқан дүбірлі той бүгін ғана емес, Қазан айының басында бастау алғаны баршаға мәлім. Дегенмен , дәл қазіргі жиналудың орны ерекше еді.Яғни , аралдықтардың мазмұны бөлек бастамасына куә болған облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы Нәлібаев та осы жерде. Ал, қараша халық аймақ басшысының елдің ортасында жүргенін жақсылықтың нышанына балайды.

Облыс әкімі жанкешті еңбектің нағыз үлгісін бейнелеген ескерткіштің ашылу салтанатында Арал балықшыларының ерлікке толы ғибратты ғұмыры ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып аңыз боп қала беретінін баяндап, жағалау жұртының әркез амандығын тіледі.

Көрдік, көп нәрсені көңілге түйдік. Аралдың кешегісі мен бүгіні осылайша қаланың 95 жылдығымен ұштасып тағы бір мәрте көптің жадында жаңғырды.
Аралдың табанынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кетпегені дәлелденді. Өйткені, бұл - Арал.