Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 700 мың тоннаға жеткізбек

700 мың тоннаға жеткізбек

Ауыл, қала, аудан әкімдерімен қоса облыс әкімдерінің де жыл сайын халық алдында қорытынды есепті кездесу өткізетінін жақсы білеміз. Сол кездесулерден ерекше әсер алып, тұрғылықты жеріміздің, жалпы еліміздің даму процесі қарқынды екеніне көз жетеді. Биыл да солай болды. Жалпы аудандағы әр саланың пайыздық көрсеткішке шаққандағы өсу қарқыны жаман емес. Оған жыл басында болған аудан әкімінің ауылдарды аралап, халықпен кездескенінде көз жеткіздік. Жалпы ауданға өткен жылы тартылған қаржының көлемі де ұлғайған. Бұл ауданның өзінде қаншама жұмыс атқарылғанын байқатады.Жақсықылыш кенті бойынша да біршама жұмыс атқарылды. Ең маңыздысы – газ құбырының кентке жетуі. Бұл біз үшін жылдар бойғы арман еді. Енді, міне, істеліп жатқан жұмысты көзіміз көріп, көңіліміз марқайып отыр. Оның үстіне, осы жылдың басында аймақ басшысының өзі арнайы келіп, халықпен кездесуінде жақсықылыштықтардың газ жағатын күні жақындап қалғанын айтып еді. Қайткенмен, айдынды Аралға тән, оның сапалы брендіне айналған ас тұзын өндіруде «Аралтұз» АҚ-ның орны ерекше ғой. Бүгінде Жақсықылыш кентінің көп халқы осы өндіріс ошағында еңбек етіп жатыр. Өнім қуаты да жыл санап артып, қосымша жұмыс күшін ұлғайту шаралары қолға алынып келеді. Бұл жөнінде облыс әкімі Қ.Ысқақовтың өзі елмен болған есепті кездесуінде мәлім етті.
– 2019 жылы «Аралтұз» акционерлік қоғамы тұз өндіру көлемін 25 пайызға ұлғайтты – жылына 400-ден 500 мың тоннаға дейін, ал биыл тағы 10 пайызға арттыруды және 2022 жылға қарай өндіру көлемін 700 мың тоннаға дейін жеткізуді жос­парлап отыр. Сондай-ақ қуаттылығы 120 мың тонна болатын ас тұзын өндіретін үшінші испандық цехтың құрылысына кірісуде, – деді аймақ басшысы.
Жарқын істерімен жұртшылық көңілінен шығып жүрген ел азаматтары қай саланың болмасын өсу қарқынын бәсеңдеткен емес. Өз басым халық игілігіне жасалып жатқан жұмыстардың барлығын оң бағалаймын. Жемісті жұмыстар жылдан жылға жалғасын таба берсін.
Ә. Тоқтамысов,
Жақсықылыш кентінің тұрғыны, зейнеткер
22 ақпан 2020 ж. 641 0