Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елбасының Аралға сіңірген еңбегі зор

Елбасының Аралға сіңірген еңбегі зор

Осыдан 14 жыл бұрынғы жағдай, яғни 2005 жыл көптің есінде шығар. Бұл жыл аудан тарихында да айрықша жатталып қалды. Себебі ауданға еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев келіп, көптеген ғасырлық жобаларды іске асырып, халықтың қуанышына ортақтасқан болатын. Сол кезде «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деп айтқан сөзі әрбір аралдықтың жүрегінде жатталды. Жағалауы алыстап, тынысы тарылған теңіздің екінші бөлігін сақтап қалуда ғасырлық жоба дайындаған Мемлекет басшысының сол кездегі ерлігін әлем елдері де мақтанышпен айтқан еді. Бұл басты мәселе өз алдына. Мұнан бөлек Сарыбұлақтың мөлдір таза суын әрбір үйге тартуға да тікелей бастамашы болған Елбасының бұл жұмысы айдынды Арал халқына үлкен демеу, басқалардан айрықша қолдау болды. Сол сәтке дейінгі кез бәріміздің көз алдымызда болар. Басқасын айтпағанда, уақытпен берілетін суды сағаттап күтіп, құты-құтыға құйып әлек болдық. Бұл кезде аудан жұртшылығының ауызсуға өте мұқтаж болған еді. Елбасының арқасында сол қиындықтардың бәрі артта қалды. Қазіргі уақытта ауданда су шаруашылығымен айналысатын іргелі мекеме бар. «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі болып қайта құрылған бұл мекеменің жұмысы халыққа сапалы ауызсуды тиімді әрі уақытылы жеткізу. Міне, осы мекемеге басшылық етіп келе жатқаныма 7 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында Арал халқы ауызсудан мұқтаждық көрген жоқ деп айта аламын. Аралға алғаш ауызсу желілерін тартқан кезде де мен осы салада еңбек еттім. «Казгипроводхоз» мердігер мекемесі жұмыс істеген кезде инженер, инспектор болдым. Жүргізіліп жатқан жұмыстарға бақылау жасадық. Елдің игілігіне істелген жұмыс болған соң бізде жанашырлық болды. Соның нәтижесінде әлі күнге дейін аралдық ағайын таза әрі сапалы ауызсуды арзан бағада қалауынша тұтынып келеді. Біз бұл жұмысты қолға алғалы тоқтап қалмадық. Жыл сайын ауданға қарасты ауылдарды Сарыбұлақтың суымен қамтамасыз етуді қолға алып келеміз. Жұмыстар жалғасып жатыр. Мемлекеттен де мүмкіндіктер қарастырылып, оң нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Міне, осының бәрі Елбасының Аралға деген қамқорлығының, Аралға деген ерекше көзқарасының арқасында мүмкін болған жұмыстар деп айтар едім. Әлі есімде, Аралға Елбасы келгенде, айдынды Арал теңізіне балық жіберіп, Сарыбұлақтың суын ашып, халықпен жылы шыраймен қауышып, ел тілегіне құлақ түрген кезде біз де ерекше толқыныс үстінде болдық. Сол жылдардан бері Аралдың жағдайы өзгере бастады. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. Қазақ күнтізбесінен ойып орын алып, атаулы мерекелер қатарына қосылған бұл мерекенің біз үшін маңызы ерекше. Өйткені еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев. Ал ол кісінің есімі аталған жерде тәуелсіздік пен Арал тағдыры ойға бірден оралады. Елбасының Аралға жасаған қамқорлығы айрықша. Біз сондықтан да бұл мерекені қадірлейміз. Жасампаз жұртты сонау жоқ-жұтаң кезеңдерден сүріндірмей алып шығып, туған елінің түтінін түтетуге айрықша үлес қосқан Елбасыдай тұлғаның Аралға тигізген қамқорлығы тарих беттерінде алтын әріппен жазылып тұр. Мұны теңізбен тағдырлас елдің төл перзенттері ешқашан ұмытпақ емес.
И. Қапаров,
«Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің басшысы
30 қараша 2019 ж. 858 0