Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кенттегілердің күтері көп

Кенттегілердің күтері көп

Ел тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Қазіргі күні аудан көлеміндегі көптеген көкейкесті мәселе оң шешімін тапты. Ең алдымен жолдар жөнделді. Ауызсу желісі тартылды. Жаңа мектеп пен емхана, балабақша халық игілігіне жұмыс істеп тұр. Жыл сайын әкімдер өздерінің есепті кездесуінде халық өтінішіне құлақ түріп отырады. Жауапсыз қалдырмай тиісті басшылыққа жолдап, оң шешімін де табады. Биыл да облыс әкімінің есепті кездесуі сексеуілдіктерді ерекше қуантты.
Аймақ басшысы Қ.Ысқақов темір жолды жағалай тұрақтаған Сексеуіл кенті халқына жаңа мектеп салынатындығын жеткізді. Мектеп жобасының құжаттары әзірленіп, қаржысы да шешіліп қойған. Жоба бойынша 300 орындық жаңа мектеп салыну жоспарланып отырғандығын айтты.
Бұл жаңалық бізге қуаныш сыйлады. Сексеуіл – 3 бағытқа жүретін, тоғыз жолдың торабына айналған кент. Кентті пойыз жол екіге бөліп тұр. Соны жағалай қоныстанған ауылдың солтүстік-шығыс беткейінде 410 үй бар. Сол отбасылардан мектепке баратын 470 оқушы 15 жолдан өтіп барады. Бұл мәселе көптен бері айтылып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау білдірген болатын. Енді, міне, оң шешімін тапқалы тұр.
Бұл ғана емес, аймақ басшысы алдағы 2021-2022 жылдарға қарай кентке табиғи газ құбырын тарту да жоспарланып отырғандығын баса айтты.
Біздің кентте жасалып жатқан жұмыстар көңіл қуантады.  Жыл сайын кент тұрғындарының арман-тілектері ескеріліп, рет-ретімен шешімін тауып келеді. Биыл атқарылатын жұмыстар да ауқымды екен. Алдағы күннен тек жақсылық пен жағымды жаңалық күтеміз.

Ж. Жолдасов,
Сексеуіл кентіндегі «Қазақ тілі»
қоғамының төрағасы
22 ақпан 2020 ж. 595 0