Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылқы – бостандықтың символы

Жылқы – бостандықтың символы

Есен-саулығын «мал-жан аман ба» деп бастайтын қазақ үшін төрт түліктің орны қашанда бөлек. Төрт құбыласы түгел болғанын қалайтын әрбір қазақтың тұрмысы ертеден-ақ төрт түлікпен тығыз байланысты болған. Малдың сүтін ішіп, етін жеп, терісінен тон илеп, жүнінен киім тоқыған қазақтарда төрт түлік туралы атаулар жетерлік. Алайда уақыт алға озған сайын бүгінгі буын осынау төл атауларды ұмытып бара жатқандай. Ендеше біз жазық даланы жалпағынан басып, ұшқан құстың қанаты талар ұлан-ғайыр атырапты тұяғымен дүбірлеткен жылқы жануарын әңгімемізге арқау етпекпіз.
Жылқы дегенде көз алдымызға ең алдымен қазы мен қымыз келеді. Өйткені қазы мен қымыздың дәмділігі тіл үйіреді. Қазақты мақтағысы келген жат-жұрттық, алдымен оның дарқан пейілін, тіл үйірген қазысы мен қымызын мақтайтыны белгілі. Жалпы, қазақтың атын айдай әлемге паш етуге құдіреті жетерлік жылқы туралы біз осы не білеміз?
Әйгілі ғалым А.Тоқтабайдың «Қазақ жылқысының тарихы» деп аталатын көлемді еңбегінде «Орталық Азия, соның ішінде қазақ даласы – жылқының отаны» деген түпкілікті тұжырым жасалған. Бұған дәлел ретінде, жүздеген мың жылқы сүйектері табылған энеолит дәуіріндегі – «Ботай қонысы» аталады. Ботайлықтар – жылқыны алғаш рет қолға үйреткендер. Мұны қазір бүкіл әлемнің ғалымдары мойындап отыр. Жылқыны қолға үйрету, оның құрал-жабдықтарын жасау үшін адамзат ғасырлар бойы ұзақ та әрқилы жолдардан өтті.
Қазақта жылқы тұқымдары – жабы, арғымақ, қазанат деп бөлінеді. Осындағы «арғымақ» атауы Селжүк заманында (Х-ХІ ғасыр) пайда бола бастаған. Қазақтар «араб арғымағы», «ағылшын арғымағы», «орыстың зауыт арғымағы» деп бөледі. Қазанат – биелерге асыл тұқымды айғырларды салудан шыққан будан. Жабы – Қазақстанның бірталай жерінде ұшырасқанымен, негізінен, оңтүстік пен оңтүстік-шығыс аймақтарда көбірек шоғырланған. Жабы – жал-құйрығы қалың, денесі шымыр, мойны мен аяқтары қысқа, тез ет алғыш, арымайтын, ыстық-суыққа, аштыққа төзімді жылқы.
Кешегі кеңес заманындағы деректерге жүгінсек, қазақ жерінде үш миллион бір жүз жетпіс төрт мың жылқы болған екен. Ең өкініштісі, 1933 жылғы санақта қазақ жерінде небәрі үш жүз мың бас жылқы қалған…
Жылқы шаруашылығының басты өнімі – сүті. Бие сүтінен қымыз ашытылады. Түркі халықтары этнографиясының көрнекті өкілі Л.Потапов: «Қымызды ойлап тапқан – көшпенділер. Көшпендінің бұл жаңалыққа тап болуы әсте қиын емес еді. Сауып алынған бие сүтін тері ыдысқа құйып көшіп жүргенде, ыстық күнде шайқалған сүт өзінен-өзі қымызға айналған. Шайқалған сүтті ішіп көрген көшпенді шөлінің қанып, жан сарайының ашылғанын, көңілінің көтерілгенін байқаған. Сондай-ақ Еуразияның көптеген елдеріндегі «Хемус», «Гмыз», «Гымза» деп аталатын шарап атауларының «қымыз» сөзінен шыққандығы да әлдеқашан дәлелденген.
Қымыздың дайындалу мерзіміне қарай: саумал, түнемел қымыз (бір күндік), құнан қымыз (екі күндік), дөнен қымыз (үш күндік), бесті қымыз (төрт күндік) деп те бөлінеді. Қымыздың дәмін келтіріп, күшейте түсу үшін оған кепкен сүр қазы, қойдың құйрығы, қалампыр, күшала, көк қылша, жылқының тобығы, қант, бал, мейіз, кептірілген өрік, құйма күміс (жамбы) қосылады.
Біз, қазақтар «жылқы мінезді халықпыз» дегенді жиі айтып жатамыз. Ал жылқы – таза, кірпияз, судың тазасын ішіп, шөптің құнарлысын ғана жейтін жануар. Ең бас¬тысы, жылқы өзіне басқаның үстемдік етуіне, аяқ асты етуіне жол бермейді. Жылқы – еркіндікті сүйетін, бостандықтың символы.
К.Махсұт
30 қазан 2022 ж. 1 019 0