Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Келінжанды» көресіз бе?

«Келінжанды» көресіз бе?

«Әй, Айсара?». Бұл сөзді естігенде бәріміздің ойымызға «Келінжан» телесериалы түседі. Иә, қазіргі уақытта ең көп қаралым жинаған әрі қазақтың нағыз ауылының бейнесі сипатталған бұл сериал көпшіліктің көңілінен шығуда. Жасқа да, үлкенге де ұнайтын бұл туынды несімен қызық? Бізге берер тәрбиесі қандай?
Бәріміз білетіндей, бұл сериалда ауылдағы қарапайым отбасы суреттеледі. Үш келіні бар Күлімхан әженің отбасындағы басынан өткен қиындықтары мен қызықтары таза өмірден алынған дерсіз. Айсара секілді қызуқанды, ата-енеге қарамай, беттен алатын келіндер, Балқия секілді өзгенің көңілін қимайтын, көмекке әзір келіндер, Асылым секілді сабырлы да салмақты келіндер қоғамда жиі кездесетін бейнелер.
Күйеуі Қылышбекті барынша алға тартқысы келетін, бай болуға, ақшалы болуға ұмтылып, сол жолда ешкімнің көңіліне қарамай дегенін істейтін Айсара нағыз 20 жыл келін болған жанды, оның ішкі ойын дөп суреттейді. Қарап тұрсақ, қаншама жыл ата-енемен бірге тұрған, өз еншісін алғысы келетін, «өз үйім-өлең төсегім» деп кең көсілгісі келетін келіндер қаншама?! Сол жолда күйеулерінің момындығын пайдаланып, реті келсе өз үлкендеріне айдап салуға тырысатындардың бары өтірік емес. Өзі де қызуқандылықпен жанындағы абысындарына, келіндеріне артық ауыз сөз айтуы – оның шыдамсыздығының белгісі. Қатесін кейде түсінетін, кейде өзімшілдікке салынатын, күйбең тіршіліктен шаршап, өзі би, өзі қожа болғысы келетін Айсараның рөлі осы шынайылығымен де тартымды.
Мейірімділік, ақкөңілдік, кешірімділіктің символы болған Балқия бөлек әңгіме. Күйеуінің шалыс басқан қадамын кешіріп, отбасын сақтап қалуға тырысатындығы, енесі Күлімхан әженің ақылын тыңдап, бар мәселесін отбасы ішінде қалдыруы – оның көрегенділігі. Абысыны Айсара қанша өтірік айтса да, кейде ұрысып артық кетсе де өзінің келіндігінен айнымауы жұртты сүйсіндіреді. Барынша жақсылық жасауға тырысатын, өзінен гөрі өзгені жоғары қоятын, енесінің ақылын тыңдап, оны сыйлайтын Балқия бәрімізге жақын.
Өзі жастай қаладан ауылға келін болған Асылым көрерменнің ең сүйікті келіні десем, артық болмас. Ауылдың тыныс-тіршілігіне тез сіңісіп кеткен ол, әсіресе үлкен кісілердің сүйіктісіне айналған. Ол сиыр сауу, мал бағу, ошаққа тамақ пісіру сияқты шаруалардан қашпай, өзінің сабырлы мінезімен, сыйластығымен Күлімхан әженің көңілінен шыға білді. Бастапқыда қиналғанымен, кейін ақыл-парасатының, күйеуіне деген сүйіспеншілігінің арқасында үлгілі келін болды. Сөйлер сөзі байыпты, мінезі инабатты, қылығы тартымды, кейде балалығы да бар қаланың қызы көпшілікке ұнайды.
«Келінің жақсы болса, шын бақыт» демекші, болмысы әртүрлі үш келіні бар Күлімхан апа бақытты ма екен? Сериалдағы келіндер ғана емес, барлық кейіпкерлер шын өмірде бар. Ата-анасынан безіп, қалаға көшкен жас отбасы, отау құрғандарына аз уақыт өтсе де ажырасып үлгерген жастар, қазақы салт-дәстүрді аттайтын келіндер, ойынқұмар жас жігіттер – бәрі-бәрі қоғамның бір бөлігі. Сериалды тамашалай отырып осыншама әрекеттің соңы не нәрсеге әкелетінін білуге болады. Отбасының ұйытқысы болған қарттарымызды, отбасы басшысы – отағасын сыйлауға үйрететін, қазақы дәстүрді, ауыл адамдарының жылы шырайларын көрсететін телехикая – қазақ киносаласының үздік туындысы.
«Абысын тату болса, ас көп» дегендей, әулеттің татулығы болған ибалы келіндер көп болғай.
Г. ӘЛНИЯЗИНА
01 қараша 2022 ж. 481 0