Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Келін тәрбиесі – енеге сын

Келін тәрбиесі – енеге сын

Отбасында ене мен келіннің сыйластығының мәні ерекше. Көп жағдайда шаңырақтың шайқалмауы үйдегі береке-бірліктің кең өріс алуы да енелер мен келіндер қарым-қатынасына байланысты. Жазушы Т.Нұрмағамбетовтің «Келін» әңгімесінде енесінің келінге деген керемет бір пейілі әдемі суреттелген. Келіні «менің енем өмірдегі ең қатігез адам екен ғой» деп ойлайды, ал күн айналмай жатып, «менің апам ең мейірімді жан екен ғой» деген ойға бекиді. Бүгінде ене мен келін арасынан осындай бір жылылық байқалмай жатады.
Осы турасында төрт баланың анасы Оразкүл апаның әңгімесін айтып беруді жөн көрдім.
–Қызым жоқ, төрт ұлдың анасы болғандықтан, келінді ерекше күткен адаммын. Болашақта келін алсам қызымдай көремін деп ойлайтынмын. Ел арасында неше түрлі әңгіме естіген сәтте, тіксініп қалатыным да болатын. Байқап қарасам, қазіргі енелер келінін тәрбиелеуге ерінетін тәрізді. Оларға көңіліне жағатын, қолынан бәрі келетін дайын келін түсе қалса деп ойлайды. Бірақ бір үйдің еркелеп өскен қызы келе сала бірден үлгілі келін бола кетуі оңай емес. Алдымен оны үйретіп, тәрбиелеу керек қой. Келіннің жақсы болып қалыптасуы ақылды енеге тікелей байланысты. Осындай жайттарды ойлай келе, болашақта келінімді былай тәрбиелеймін деп іштей ойлап қоятынмын. Әрине, қазақ елінде қанша ене болса, сонша келін бар, сонша қарым-қатынас бар. Ене мен келіннің қарым-қатынасын бір сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Бүгінде екі келін түсірдім. Алғашқы келін алған кезімде өз басымнан өткен сол бір ой тұжырымымды оқырманмен бөліскенді жөн көрдім. Кім келін алмай жатыр дерсіздер, бірақ сізге де көмегі тиіп қалар деп ойлаймын.
«Келінді бастан» дегенде, тәрбиені кешіктірмеген жөн. Жас келін де жас бала тәрізді, оны босаға аттап келгеннен бастап тәрбиелеу қажет. Тек мен тәрбиені қаталдықпен шатастырып алмауым керек деп ұқтым. Жан жылуын жылы сөзбен жеткізуге тырыстым. Иә, өзгенің баласына өз балама мейірленгендей елжіремеуім мүмкін. Дегенмен, оның да біреудің баласы екендігін ойымнан шығармадым. Аздап мақтап, дұрыс жасаған ісі үшін қолпаштап  қойған да артық болмайды. Қонақ күткенде жай ғана келінімнің пісірген дәмді асын атап өткеннің өзі не тұрады.
Ас үйдің тірлігіне орынсыз араласпадым. Алғашқы кезде асүйімнің қыр-сырымен, отбасы мүшелерінің тамақтану тәртібімен таныстырдым. Бәрін өз енем үйреткендей, оған да үйретіп, үй шаруасына бейімдедім.
"Қыз тәрбиесі – анаға сын, келін тәрбиесі – енеге сын". Өзім үйрете алмаған нәрсені келінімнің бойынан іздемедім. Кемшілігін байқасам, ол үшін баламның жан жарын кінәлаудан аулақ болдым. Білмегенін үйретуге тырыстым.
«Ерлі-зайыпты арасына есі кеткен түседі» деген халық даналығының маған да қатысы болды. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды. Ондай кезде ұлым мен келінімнің арасына түспедім. Олардың араларында кішігірім түсініспеушіліктер бола қалған жағдайда, өздерінің шешуіне мүмкіндік бердім.
Мен келініме қарағанда біршама өмір көрген, тәжірибесі бар адаммын ғой. Оның  кейбір нәрселерді білмегені үшін кінәлауды орнына  өз тәжірибемді көрсете білуге тырыстым. Келінім алдымен менен біраз нәрсені үйренуге болатынын ұғынсын дедім. Содан кейін келінім менен сабақ алуға талпынар деп ойладым. Ене мен келін түсінісе келе сыйлас жандарға айналуы мүмкін. Бірақ қызы мен анасындай бола алмайды. Ене мен келін арасында  тиісті шекара да болуы қажет. Осы орайда «келінімді қызымдай көремін» деудің де бұрыс жағы бар екен. Келін енеге қыз бола алмайтындықтан «келін» атаған-ау.
Келініме орамал тағу мен сәлем салу секілді келіннің ізеттерін айта беруден жалықпадым. «Орамал тақпай-ақ қой, сен де біздің қызымызсың», «сәлем салмай-ақ қой, ауылда емеспіз ғой» дегендей заманауи ененің ақылы келіннің тәрбиесіздігіне әкеліп соғады. Дәстүр сабақтастығы осыдан үзілері хақ. Сондықтан осы сынды ізет, ибаны келін бойына сіңіру арқылы ақырында жеміс беретініне үміттендім.
Келіннің кез келген ісіне араласа беру де дұрыс емес. Сырттан бақылау керек. Ақыл айтудың да өз орны болады. Бүгін қателессе, жаймен түсіндіріп отырдым. Ертеңіне қателессе, тағы да түсіндірдім. Сосын барып жақсы нәтижені күтемін. Көбінесе шыдамдылық таныттым, қажет жерінде жол сілтеуден жалықпадым.
«Әр үйдің салты басқа». Келінім үйімнің тыныс-тіршілігіне үйреніп кеткенше демеу болдым. Қиналған кезде қол ұшын созған аналық әрекетімді келінім де ұмытпай, жадына сақтады. Қажет емес әрдеңені айтып, көңіл күйін түсірмеуге тырыстым. Ол риза болса, баламды да бақытты етеді деп түйсіндім. Бүгінде екі келін түсіріп, немерелер сүйіп отырған бақытты анамын. Келін ала салып, бәрі бола қоймады деуден гөрі жаңа түскен келіннің жақсы болмағы ененің тәрбиесіне сын екендігі белгілі. Сондықтан барынша кешірімді болғанымыз жөн, – деді ақ жаулықты ана.
Еліміздің қас батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың тәрбиелік мәні зор сөзімен түйіндесек: "Мысалы, ағаш екеш ағаштың өзі бір жерден екінші жерге көшірерде жері құнарлы, сулы болса, тамыр тартып, өсіп, жапырағын жаяды. Сол сияқты әрбір үйдің өзінің дәстүрі, әдептері бар. Кез келген әйелдің қолынан ене болу келеді, ана болуға тырысу керек. Әрине, өзінің туған анасындай болмайсың. Бірақ сен солай болуға тырыс. Өйткені ол енді сенің әулетіңді көбейтеді, ары қарай сенің ісіңді жалғастырады, сенің отыңды жағады, сенің қазаныңды ұстайды. Кез келген әйелдің қолынан ене болу келеді, ана болуға тырысу керек. Енесін жамандайтын келіндерге айтарым: «Енелерің аяғы жерге, басы елге сыймайтын сұмырай болса да, оның бір артықшылығы бар. Ол – сен басыңды жастыққа бірге қойған, сен жақсы көрген жігітті өмірге әкелген адам».
К. МАХСҰТ 
02 тамыз 2022 ж. 2 761 0