Қарызға батқан қоғамның келешегі қалай болмақ?!

Сонымен бірге жуырда депутаттар жеке тұлға банкроттығы туралы заң қабылдауды ұсынған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңын күн тәртібіне енгізіп, бұл мәселені жылдам қабылдау керектігін айтқан да болатын. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде несие алған халықтың 1,7 миллионында 90 күннен асып кеткен қарызы бар екен. Сонда халық несиеге өмір сүріп жүргені ме? Егер атап өткен Заңымыз қабылданған жағдайда банк кез келген адамға несие бере бермейтін көрінеді. Алдағы уақытта олар несие алған адамның қарызын қайтару мүмкіндігін де ескермек. Демек, бұл заң несие жайында барлық мәселелерді реттеп, жөнге де салатын секілді. Депутаттардың «Жеке тұлға банкроттығы туралы» заң қабылдау ұсынысын экономист Мақсат Халық та қолдап отыр.
«Ешкім кредит алғанда оны қайтармай қоямын деп ойламайды. Адамдар аяқ асты жұмыссыз қалады, еңбекке жарамсыз болады. Сондай сәтте оны коллекторлар, сот орындаушылары жан-жақтан қысады. Жағдайы мүшкіл адамды одан сайын қинайды. Ол да біздің қоғамның бір мүшесі ғой. Неге біз одан теріс айналуымыз керек? Сол себепті біздің елге бұл заңның керек екені сөзсіз. Заң қабылданса, ешкім борышкердің жалғыз үйін тартып алмайды. Белгілі бір шектеулер қойылады, әрине. Мысалы, шетелге шығуға тыйым салуы мүмкін. Бірақ бұл пәтерді алып қоюға қарағанда анағұрлым жеңіл жаза ғой», – дейді сарапшы.
Мәселен, АҚШ-та банкроттық институты XIX ғасырдың соңында пайда болды. Жеке тұлға өзін банкрот деп жариялау үшін борышкердің табысы заңмен белгіленген деңгейден төмен болуға тиіс (әр штаттың өз көрсеткіші бар). Банкроттық процедурасы кезінде борышкердің мүлкі сатылады. Бірақ тартып алуға тыйым салынатын активтер де бар. Сондай-ақ АҚШ-та тұрғындардың барлық қарызы кешірілмейді екен. Мысалы, алимент, оқу кредиті, айыппұлдар мен кейбір салық берешегі, көлікті мас күйінде жүргізу салдарынан денсаулыққа келтірген зиянды өтеу бойынша төлемдер. Америкалықтар 8 жылда бір рет ғана өзін банкрот деп жариялай алады екен.
Бізде кез келген дүние несиені кешіруден басталатыны анық. Наурыз айында түрлі әлеуметтік желі беттерінде мемлекет басшысы халыққа берілген барлық тұтынушылық несиелердің 90 пайызын кешіру туралы жарлыққа қол қойғаны жайында ақпарат тараған болатын. Бұл жөнінде Stopfake.kz сайтының мәлімдеуінше: «Шын мәнінде, ел Президенті мұндай Жарлыққа қол қойған жоқ. Сонымен қатар, бейнежазбада Мемлекет басшысының Жарлығы туралы емес, қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев түсіндірген жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы жайлы айтылады. Жобада кредиттік қарыздардың 90%-ын кешіру көзделмеген. Ол халықтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге және адал несие алушыларға көмектесуге бағытталған. Атап айтқанда, заң жобасында тұрақты табыс болған жағдайда, сотта қарызды бес жыл бойы бөліп төлеу мүмкіндігін алу қарастырылған. Егер борышкердің тұрақты табыс көзі болмаса, онда жобада екі нұсқа қарастырылмаған: сотсыз және сот арқылы банкроттық жариялау. Мұндай тақырыптардағы ақпарат көп жағдайда әдейі бұрмаланады, ал фактілер асыра айтылады» –делінген.
Сол үшін несиенің кешірілуі жайында айтылған түрлі ақпараттарға сене бермей, нақты ақпарат көздеріне ғана сүйенгеніміз дұрыс. Сонымен бірге банк қызметкерлерді де өз мүддесін ойлап, тұлғаның қанша банкте несиесі барына қарамай кредит рәсімдей беруі де дұрыс емес. Алдағы уақытта аталған мәселелер оң шешімін табады деген сенімдеміз.
А.НҰРЛАНОВА