Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Несие аларда банктерге алданбас үшін нені білу керек?

Несие аларда банктерге алданбас үшін нені білу керек?

Әлемде екінің бірінде несие бар. Тіпті несие қалыпты өмірімізге әбден сіңісіп алған. Ал сол несиені банктер бізге тиімді жолмен рәсімдеп жүр ме? Несие алғанда нені ескеруіміз керек? Банктерге алданбас үшін нені білуіміз қажет? Несиеге қатысты осы және өзге де сұрақтардың жауабын экономист, "Pro Gente" экономикалық зерттеу орталығының зерттеушісі Мақсат Халық айтып берді.
Экономист маман ретінде ол қазақстандықтарға тұтынушылық несиелерді алуға кеңес бермейді. Себебі, біріншіден, несиенің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары. Ұлттық банк қойған несиенің ең жоғарғы пайызы – 56%. Заң бойынша ешбір банк бұл көрсеткіштен асып кете алмайды, алайда осы санға жақындау пайыздармен несие шартын рәсімдеуге тырысады.
Несиені тиімді рәсімдеу
Несие рәсімдеу үшін кез келген азамат алдымен пайыздық мөлшерлемеге назар аударатыны рас. Қай банкте пайыздық мөлшерлеме төмен, соған асығады. Алайда пайыздың өзіне бей-жай қарамаған абзал. Пайыздарды ұсынарда банктер де түрлі қитұрқы әрекеттерге барудан тайынбайды.
Пайыздық мөлшерлеменің екі түрі бар:
-атаулы пайыздық мөлшерлеме (номинальная ставка);
-тиімді (жылдық) пайыздық мөлшерлеме (годовая эффективная ставка вознограждения (ГСЭВ).
Мақсат Халықтың айтуынша, банктер көбіне атаулы пайыздық мөлшерлемені айтады. Көшедегі несиенің жарнамалары ілініп тұрған билбордтарда «15%-бен несие рәсімдейміз» деп жарқыратып жазып қояды. Бұған сенген халық сол банкке қарай ағылады да, алданып қалады. Қалайша? Мақсат Халық мұны былай түсіндірді:
«15-16 пайызбен несие береміз» деп жазылып тұрғандардың бәрі атаулы пайыздық мөлшерлеме. Тіпті банкке барғанның өзінде, сіз сол 15-16 пайызбен рәсімдеп жатқандай боласыз. Алайда банк менеджері сізге жылдық, яғни тиімді пайыздық мөлшерлемені айтпай қалады.  Өзім байқап жүрген әлгі жарнамалардың астында кішкентай әріптермен «ЖТПМ (ГСЭВ) 27%-дан басталады» деп жазылып тұрады. Оған көп адам мән бермеуі мүмкін. Мән бергеннің өзінде, ЖТПМ дегенді түсінбейтіндері бар. Яғни сіз банкке барасыз да, шын мәнісінде несиені 27 пайызбен рәсімдеп шығасыз. Сол себепті банк менеджерінің алдына барғанда міндетті түрде банктің тиімді пайыздық мөлшерлемесі қандай екенін сұрауыңыз шарт. Сонда ғана менеджер сіздің сауатты екеніңізді түсініп, бәрін егжей-тегжей түсіндіреді. Ал сіз атаулы емес, жылдық пайыздық мөлшерлемесі қай банкте аз, соған барып, келісімшарт жасар едіңіз», - деді маман.
Келісімшартпен түбегейлі танысу
Банктермен несие рәсімдерде келісімшартқа қол қоясыз. Ал сіз келісімшартқа қол қоймас бұрын онда не жазылғанының бәрін ерінбей оқып көрдіңіз бе? Әрине, жоқ. Күйбең тіршіліктің қамымен жүрген азаматтың оны оқып, уақыт жұмсауға зауқы да болмасы анық. Ал экономист маман келісімшартпен түбегейлі танысып шығуға кеңес береді. Себебі онда да сізге айтылмай қалған түрлі қулықтар жатуы әбден мүмкін.
Мақсат Халықтың айтуынша, бүгінде комиссияның 11 түріне рұқсат етілген. Бұл ақпарат Ұлттық банктің сайтында да жазылған екен. Сол 11 түріне тоқталып өтсек...
Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген (берілетін) қарызды, микрокредитті беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерге мынадай комиссиялар мен өзге де төлемдер жатады:
      1) қарыз, микрокредит алуға өтініш пен құжаттарды қарағаны үшін;
      2) қарыз, микрокредит ұйымдастырғаны үшін;
      3) микрокредит бергені үшін;
      4) қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банктік шоттарды ашқаны және жүргізгені үшін...
      Комиссияның 11 түрімен танысу үшін белгіленген сілтемеге өтіңіз.
Егер келісімшартыңыздағы комиссиялар саны 11-ден асып кететін болса, несие алған банкпен соттасып, артық төлемдеріңізді қайтарып ала аласыз. Тіпті кестеде халық ескере бермейтін «көрінбейтін пайыздар» деген болады. «Көрінбейтін» болғандықтан несие алушы оған аса мән де бермейді. Ал шын мәнісінде, ол «көрінетін комиссия».
«Мәселен, кестеде «қарызға қызмет көрсеткеніңіз үшін ұсталатын комиссия» деген тармақ бар. Оған сәйкес, сіз ай сайын банкке бір сомадағы қаржыны төлеп отырасыз. 2012 жылы Ұлттық банк «халықтан мұндай комиссияны алмау керектігін» хат түрінде жазған. Алайда әйтеуір халықтан қалай да артық ақша алып қалудың жолын ойлаған банктер басқа да қызметтерді сылтауратып, комиссия алып отырды. Ал 2016 жылы Ұлттық  мұндай комиссияны алуға қатаң тыйым салып, қазіргі уақытта қолданылмайды. Дегенмен, үш жыл бұрын несие рәсімдеп, әрі сол келісімшартыңыз қолыңызда болса, әлгі комиссия үшін төлеген сомаңызды өндіріп алуға құқылысыз», - деді Мақсат Халық.
Жалпы келісімшартты түбегейлі оқып алған жөн. Тіпті ұсақ жазулармен жазылған мәтіндерді де ерінбей оқыңыз.
«Мысалы, мынандай: "Егер елдегі инфляция деңгейі 10%-дан асып кетсе, банк келісімшартты қайта қарастырады немесе қайта қаржыландыруға жібереді" деген тармақшасы болуы мүмкін. 2015 жылы елдегі инфляция 13,6%-ды құрады, сонда әлгі тармақша жазылған келісімшартқа қол қоюшының несиесі қайта қаржыландыруға кетеді де, кейбіреулердің "төленетін сома неге көбейіп кеткен" деп жататыны содан», - деп түсіндірді маман.
Несиені қандай жолмен төлеп жүрсіз?
Несие рәсімдерде банк менеджері сізден «төлемнің қандай жолын таңдайсыз?» деп сұрауы тиіс. Оның біріншісі – тең бөліп төлеу (равными долями), енді бірі – аннуитеттік жолмен төлеу. Алайда банктер өзіне ақша түсу жолын таңдайды да халыққа тиімдісін айтпай жатады. Тіпті банктердің көбі төлеуді таңдау жолдарын ұсынбай, қолыңызға бір ғана келісімшарт береді. Ал сіз тұтынушы ретінде өзіңізге тиімдісін таңдай аласыз. Ол қалай? Мұны  Мақсат Халық түсіндіріп берді.
«Аннуитеттік төлем бойынша, үш жылға миллион теңге рәсімдемек болсаңыз, ай сайын тек 50 000 көлеміндегі қаражат төлейсіз. Ал тең бөліп төлеуде 65 мыңнан басталады да, әр айда түсіп отырады. Бірақ азаматтардың көбі бұған бас қатырғысы келмейді. Ай сайын санап отырғысы келмейді де, аннуитеттік төлемге келіседі. Ондайда бірден 200 000-ға ұтыласыз, неғұрлым жылы ұзақ болса, соғұрлым ұтыласыз. Аннуитеттік төлемде бірінші пайыздары төленеді. Мәселен, үш жылға ақша алады да, бір жылдан кейін ақшасы болып қалып, бәрін жауып тастамақ ниетпен банкке барса, бір жыл бойы тек 100 000 ғана төленіп тұрады. Сонда ол тек пайыздарды ғана төлейді. Яғни банктің пайдасын береді.
Егер тең бөліп төлеуді таңдасаңыз, 50 мың теңге төлесеңіз 25 мың теңгесі негізгі қарызды жабады, 25 мың теңгесі пайызға кетеді. Сонда сіз бір жылда 300 000 теңгеңізді жауып қоясыз. Бір жылдан кейін ақша болып барсаңыз, миллионды айтпайды, 700 мыңның көлеміндегі ақшаны айтады. Алайlа қаржы менеджерлері банктің мұндай жолдарын айтпайды», - деді экономист.
Бір несиесін жапса, екіншісін қайта аштыратын қазақстандықтар несие қарыздарын ғана өтеп қоймай, банктерді де асырап жүргенінен бейхабар немесе хабардар. Тіпті мұны біле тұра, қолын бір сілтейтін қарапайым халық қаржылық сауаттылығын арттырудан қашады. Үш жылға миллион алсаңыз, үстінен 700-900 миллионға дейін төлейсіз десе де алады. Төмен пайыздық мөлшерлемесі бар банктерді іздеуге ерінеді. Ал қатты қажеттілік туындап несие алсаңыз да, пайыздық мөлшерлемені аз төлесеңіз, қалған 700 мың ақшаны банкке емес өз керегіңізге жұмсасаңыз, ең тиімдісі осы емес пе?!
www.qamshy.kz
13 ақпан 2019 ж. 1 242 0