Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті: Мемлекет басшысы қандай мәселелерге назар аударды

Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті: Мемлекет басшысы қандай мәселелерге назар аударды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты. Жиын барысында ТМҰ аясындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Толығырақ ҚазАқпарат шолуында.Самитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлі артып келе жатқанын айтып, Қазақстан түркі әлемінің Атажұрты ретінде ұйымға мүше барлық мемлекетпен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән беретінін жеткізді.«Ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз. Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көреміз. ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Өзара байланысты нығайту жолында Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті орасан зор рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.
Оның сөзінше, Қазақстан түркітілдес мемлекеттермен достық және тату көршілік қатынастарды дамытуға күш салып келеді.
«Соның бір айғағы – еліміздің бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты. Оны іске асыру үшін бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының стратегиясы қабылданбақ. Бұл құжат елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге және тұрақтылық белдеуін нығайтуға ықпал етері сөзсіз»,-деді Президент.
Қазақстан көлік-логистика саласына20 млрд доллар инвестиция тартады
Жиында Мемлекет басшысы сын-қатерлерді еңсеру үшін ұйымға мүше мемлекеттер күш-жігерін біріктіріп, бірқатар іс-шараны қабылдау керегін атап өтті.
«Бірінші, қазіргі алмағайып кезеңде транзит-көлік коммуникациясының әлеуетін арттыру және оның мүмкіндігін барынша пайдалану аса маңызды. Себебі, біздің мемлекеттеріміз Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тікелей байланыстырады. Бауырлас үш ел арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – соның жарқын мысалы. Сондықтан біз көлік-логистика саласына ерекше мән береміз. Соңғы 15 жылда Қазақстан осы саланы дамытуға 35 миллиард доллар қаржы бөлді. Біз көлік бағдарын көбейтуге және логистиканы өзара ықпалдастыруға мүдделіміз. Сол үшін 2025 жылға дейін тағы 20 миллиард доллар инвестиция тартуды көздеп отырмыз»,-деді Мемлекет басшысы.
Осы бағытта түркітілдес халықтардың құрлық ішіндегі көлік-транзит дәліздерін дамыту, транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерді одан әрі жетілдіру, шекара бекеттерін жаңғырту қажеттігін айтты. Сондай-ақ қолданыстағы теміржол және автокөлік бағыттарына балама жолдар табу үшін кешенді шаралар қабылдауға шақырды.
«Бұдан бөлек «цифрлық көлік жүйесін» қалыптастыру аса маңызды. Бұл қадам жүктерді рәсімдеу шараларын оңтайлы етеді. Оған қоса, тасымал құжаттарын жылдам алмасуға жол ашады, халықаралық нарыққа шығуға қосымша мүмкіндіктер береді»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығы құрылмақ
Жиында тағы бір көтерілген маңызды мәселе ІТ-саласындағы қарым-қатынасты жандандыру.
«Соңғы кезде геосаяси ахуалға байланысты мемлекеттер бір-бірінен технологиялық тұрғыдан оқшауланып жатыр. Түркі елдерінің IT-саласына қатысты тың тәсілдер әзірлеуі айрықша маңызды. Бұл біздің цифрлық дамуымызға жол ашады. Жуырда Астанада «Digital Bridge» атты халықаралық іс-шара өтті. Онда ІТ-саласында жұмыс істейтін креативті жастарымыз бас қосып, бастамалары мен озық идеяларын ұсынды. Сондай-ақ, мемлекеттеріміздің IT-хабтары арасындағы өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды. Осы ретте, мен Астана хаб халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын құруды ұсынамын. Бұл құрылым сауда, көлік, су ресурстары, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да салаларға қажетті цифрлық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді»,- деді Мемлекет басшысы.
Оған қол жеткізу үшін Түркі елдерінің Венчурлық қорын құрған жөн деп санайтынын, сол арқылы маңызды старт-ап жобаларға инвестиция тартуға жол ашылатынын да тілге тиек етті.
Тоқаев «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құруды ұсынды
Саммиттегі тағы бір келелі мәселе – «Жасыл экономиканы» дамыту.
«Әлем елдері соңғы 7 жылда «жасыл» облигацияларға 2,5 триллион доллардан астам қаржы бөлді. Осы ретте, мен бұл саладағы капитал нарығын дамыту үшін «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құруды ұсынамын. Оны «Астана» халықаралық қаржы орталығының Жасыл қаржы орталығы негізінде ашуға болар еді. Бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы әлемдегі ірі компаниялар арасында танымал болып, жоғары деңгейде мойындалды. Ол жаңа Кеңестің Хатшылығы қызметін атқара алады»,-деді жиында ҚР Президенті.
Түркі елдері университеттерінің ортақ желісі құрылуы мүмкін
Бұдан басқа ол түркі мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайту қажеттігін айтты. Осыған орай, 2023 жылы Қазақстанда ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастыруды жоспарланғанын жеткізді.
«Біз академиялық ұтқырлықты дамытып, студенттер арасында мәдениетаралық диалог орнатуға жағдай жасауымыз керек. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру қажет. Сондықтан, 2023 жылы Түркі елдері университеттерінің ортақ желісін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл бастама студенттеріміздің түркі тілдерін үйреніп, бауырлас елдердің тыныс-тіршілігімен танысуына жол ашады»,-деді Президент.
Ортақ жазба мұраны зерттеуге арналған «жол картасы» әзірленеді
Сонымен бірге ол түркі елдерінің рухани дереккөздерін зерделейтін жобаларға ерекше көңіл бөлген абзал екенін атап өтті.
«Биыл Түркі академиясы Моңғолияда жүргізген қазба жұмысының нәтижесінде маңызды жаңалық ашты. Екінші Түркі қағанатын қайта тірілткен Құтлық қағанның кешенін тапты. Бұл – «түркі» деген сөзі бар ең көне жазба ескерткіш. Осы орайда, мен Түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған «жол картасын» әзірлеуді ұсынамын. Ол үшін елдеріміздің мұрағаттары өзара ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Келешекте соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» құруға болады. Бұл жұмыс құнды құжаттар мен сирек кітаптарды ұрпаққа мұра етіп қалдыруға мүмкіндік берер еді»,-деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Түркі мемлекеттері ұйымы мен басқа да құрылымдарды жүйелеп, орнықтыратын кез келгенін айтты. «Қазір Ұйым хатшылығына жүктелетін жауапкершілік артты. Сондықтан Түркі кеңесін құру жөніндегі Нахчыван келісімінің 13-бабындағы Тұрақты өкілдер туралы мәселені қарастыруды ұсынамын. Олар өзара іс-қимылымызды үйлестіру ісінде маңызды рөл атқарар еді. Түркі жұртының түрлі саладағы байланысын бекемдейтін бірнеше құрылым бар (яғни, Ұйым Хатшылығы, ТүркПА, Түрксой, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры). Бірақ, кей жағдайда олардың міндеттері қайталанып жатады. Бұл ұйымдарды тиімді пайдалану үшін VII Саммитте құрылған Үйлестіру комитетінің қызметін жандандыру қажет. Комитет бұл құрылымдардың жұмысын дұрыс үйлестіре білсе, олар бірін-бірі толықтыра түсер еді»,-деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Мемлекет басшысы ұйымға төрағалық ету міндеті Өзбекстанға берілуіне байланысты өзбек халқына толағай табыс тіледі. Бұдан бөлек, ұйымның Бас хатшысы лауазымын атқару кезегі бауырлас Қырғызстан өкіліне өтетінін атап өтті.
Айта кетсек, Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:
1. Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің декларациясы;
2. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру жөніндегі Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттама;
3. Түркі мемлекеттері ұйымы рәсімдерінің ережелерін қабылдау туралы шешім;
4. Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысын және оның орынбасарларын, сондай-ақ Түркі академиясының президенті мен вице-президентін тағайындау туралы шешім;
5. Түркі инвестициялық қорын құру туралы шешім.
Аталған жиынға Түрікменстанның Милли Генгеші Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекеттер басшылары кеңесінің 2021-2022 жылдардағы төрағасы – Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан және Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Бағдат Әміреев пен Түркі мемлекеттері ұйымының жаңадан тағайындалған Бас хатшысы Қубанычбек Өмірәлиев қатысып, сөз сөйледі.
inform.kz
Фото:akorda.kz
12 қараша 2022 ж. 319 0