Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсықылышта игі істер көп

Жақсықылышта игі істер көп

Бүгінде халықтың ас тұзына қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында елімізде іргелі кәсіпорындар саны баршылық. Аудан аумағында да дүйім дүниеге танылған Жақсықылыш кентінде ғасырға жуық халық игілігіне жарап келе жатқан «АралТұз» АҚ мекемесі баршамызға таныс болар. Бүгін осы қалың көпшілік қажеттілігіне жарап отырған ас тұзы шығатын өңір жайында сөз қозғамақпыз.
Аудан орталығынан 15 км қашықтықта орналасқан Жақсықылыш кенті 1941 жылы құрылған. Бүгінде кент аумағы түрлі сала бойынша жоғары деңгейде дамып, көпке үлгі болып келеді. Атаулы кенттің халық саны – 4976-ды құраса, оның ішінде экономикалық белсенді халық саны – 2164, батыр аналар – 134, зейнеткерлер – 407-ды құрап отыр. Жалпы кент аумағы – 97 894 га. Ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлер – 91 222 га, басқа мақсатта пайдаланатын жер - 5 293 га.
Халықтың әл-ауқатын арттыратын ол ең алдымен халықты жұмыспен қамту деңгейі екендігі анық. Бүгінде атаулы кентте Заңнама талаптарына сәйкес жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 2022 жылғы І жартыжылдығында кент бойынша 3 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып,  шартсыз  қаржылай төлемдер жүргізілуде. Сонымен бірге жыл көлемінде жастар практикасымен 1 адам, жалпы негізде қоғамдық жұмысқа  11 адам, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша  14 жастар қабылданып, жұмыс істеген екен. Үстіміздегі жылы пайдалануға берілген «Асылым» жеке бөбекжай-бақшасына 30 адам жұмысқа қабылданса, «Аралтұз» АҚ-мен модернизациядан өткен №2 тұз өңдеу цехына штаттық кесте бойынша 100 бірлік жұмысшыларды жұмысқа қабылдау жоспарланған. Сонымен қатар, кентте қайырымдылық шараларына баса көңіл бөлінеді. Демеушілер мен мекеме ұжымдары арқылы жыл бойы қамқорлықты қажет ететін 34 отбасыға  әлеуметтік  көмек көрсетілген.
Жақсықылыш кентінің денсаулық саласы бойынша халыққа медициналық қызметті 2008 жылы пайдалануға берілген дәрігерлік амбулатория жүзеге асырып келеді.  «Жақсықылыш» дәрігерлік амбулаториясында  36 адам жұмыс жасаса, оның 2-еуі  дәрігер, 24-і орта буын медицина қызметкері, 10-ы  техникалық қызметкер, сондай-ақ 14 төсектік күндізгі емдеу бөлімі бар. Жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілген.
Ел болашағын қозғаушы күштердің бірі – жастар. Олардың бүгінгі алған білімі ертеңгі болашаққа айтарлықтай пайдасын тигізері де сөзсіз.№19 орта мектебінде 1006 оқушы, 41 сынып комплектісі, 4 мектепалды даярлық тобында – 85 тәрбиеленуші, 121 мұғалім бар.  Мектеп жанындағы шағын орталықта 26 бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар биылғы оқу жылдың қорытындысымен 2 мектеп бітіруші түлек «Алтын белгі», 2 мектеп бітіруші үздік аттестат  иеленіп, мемлекеттік білім грантын 35 оқушы жеңіп алды. Бастауыш сыныпта оқитын, сондай-ақ, әлеуметтік әлсіз топқа жататын 250 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. «Ауылым – алтын бесігім» республикалық жобасы аясында № 19 орта мектебіне жапсарлас  100 орындық қосымша оқу ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, кентте жаңадан салынатын 300 орындық мектеп құрылысына жер телімі бөлініп отыр екен.
Бала бақыты барлығынан биік екендігі анық. Осы тұста кент көлемінде екі балабақша жұмыс істеп келеді. «Күншуақ» жеке балабақшасында 40 бала тәрбиеленсе, ағымдағы жылдың қыркүйек айында 140 орындық «Асылым» жеке бөбекжай-бақшасы пайдалануға берілген.
Қай өңір болмасын ондағы агроөнеркәсіп жайы туралы сөз қозғамасқа болмайды. Кенттің ауылшаруашылық саласы жұмысына назар аударар болсақ, бүгінгі күні кент бойынша 3000-ға жуық мүйізді ірі қара, 2000-ға жуық жылқы, 2300-ден аса түйе малы, 4500-нан аса қой-ешкі өсірілуде. Мал шаруашылығымен 29 шаруа қожалық,  20 дара кәсіпкер айналысса, қалғаны жеке тұрғындардың үлесінде екен. Сонымен бірге ауылшаруашылық саласы бойынша 4 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынған. 2 шаруа қожалығы («Бексұлтан» және «Ер-Нұр» ШҚ) 100 аналық сиырға субсидия алып, тұқымдық түрлендіру бойынша 45 100 000 тенге көлемінде несие мен грант жеңіп алған. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы төтенше жағдайды алдын-алуды қаржыландыру резерві есебінен жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында жаңадан 2 су ұңғымасы қазылып, мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасалып жатыр.
Ел эконмикасын дамыушы кәсіпкерлік саласы да атаулы кентте жүйелі даму үстінде. Мәселен кент бойынша 1 акционерлік қоғам,  6 жауапкершілігі шектеулі серіктесігі, 125 жеке кәсіпкер тіркелген екен. Оның ішінде 27 азық-түлік дүкені, 5-еуі қызмет көрсетумен (шаштараз, әсемдік салоны)айналысады. Сонымен қатар кентте  2  сауда үйі (мини-маркет) ашылып,   ағымдағы жылдың өткен мерзімінде ЖК «Жалғасбаев А» кенттен дәріхана және май құю бекеті жұмыс жасауда. Сонымен қатар, Қызылорда өңірлік инвистициялық даму орталығы арқылы 140 орындық «Асылым» жеке бөбекжай-бақшасы өз жұмысын бастап кеткен. ЖК «Жалгасбаев Н» шағын құс фермасын ашып, қазіргі таңда тауық етін (бройлер) шығарып тұрғындарға ұсынып келеді. Жеке кәсіпкерлер жылыжай, қоғамдық монша салу және тағы да басқа кәсіп түрлеріне  қызығушылық білдіріп, жоспарлап қойған. Бүгінгі күні атаулы жұмыстың алдын-ала дайындау жұмыстары жүргізіліп келеді.
Жақсықылыш кентінде әлеуметтік инфрақұрылым және абаттандыру жұмыстары бойынша біршама жұмыстар атқарылған екен. Бүгінде ауылдағы халыққа қажет әлеуметтік инфрақұрылымдарға қатысты біршама мәселелер шешімін тапқан. Кент бойынша жалпы 874 үй электр қуатымен қамтылса, ауыз су барлық үй сумен қамтамасыз етілген.  2020 жылы кентке газ желісі жүргізіліп, 789 тұрғын үй газ  жүйесіне қосылды. Ұзындығы 8,7 шақырымды құрайтын 17 көше жаңадан асфальтталып, 211 электр бағаналарына заманауи светодиодты шамдары орнатылды. Сондай-ақ, жаңадан жеке тұрғын үй салу үшін 60 га жер учаскесіне инфрақұрылым жүргізу жұмыстары оң шешімін тауып, алдымыздағы жылы тиісті жұмыстарды жүргізу мақсатында іс-шаралар қабылданған. Биылғы жылы кент мешітінің бастамасымен ауыл жастары мен кәсіпкерлердің демеушілігі арқылы ауылдық мешіт үйі кеңейтіліп, күрделі жөндеуден өткізілген екен.
Атаулы кентте бұқаралық спортты дамытуға үлкен мән беріледі. Ауыл жастарының бастамасымен ашық спорт алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр.  Сонымен қатар, кентте үкіметтік емес ұйымдар – ардагерлер алқасы, жастар және қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы орайда ауылдың саяси-қоғамдық, мәдени өміріне кеңінен араласып жүрген ардагер Жұбаниязов Баймырза, қоғамдастық жиналысының  төрағасы  Әбдікеров Орынбай сынды кісілер ауылдың өсіп-өркендеуіне зор үлестерін қосып келеді.
Байқағанымыздай, атаулы кенттің тыныс-тіршілігі кеңейіп, халық саны да біршама артқан. Тек тұз өнімімен ғана емес, алдағы уақытта ауылдың жүйелі жұмыстарымен де елімізді таңқалдырары сөзсіз. Мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктер арқылы да ауыл тіршілігі дами бермек.

А.НҰРЛАНОВА
25 қараша 2022 ж. 507 0