Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Игі істердің жаршысы

Игі істердің жаршысы

Маханжанұлы Ниязбек 1946 жылы 6 маусымда Аманөткел ауылдық кеңесінің Мырзас елді мекенінде дүниеге келген.1953-1961 жылдары Арал қаласындағы №15 қазақ орта мектебінде білім алып, 1961-1964 жылдары Қазалы қаласындағы Ауыл шаруашылық техникумының «Ауыл шаруашылық өндірісін есептеу және жоспарлау» бөлімінде оқыды. 1970-1975 жылдары Ташкент халық шаруашылық институтының «Қаржы-несие» факультетінде оқып, жоғары білім алды.
Ауылшаруашылық техникумын бітіргеннен кейін, 1965 жылдың ақпан-қазан айларында Қазалы колхозаралық құрылыс мекемесінде есепші болып жұмыс жасады. 1965 жылдың қазан айынан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін, яғни 45 жылға жуық уақыт ҚР Ұлттық Банкі жүйесінде қызмет атқарды.
Ниязбек Маханжанұлының Ұлттық банктің облыстық басқарма бастығы болып тағайындалып жұмыс жасауы банк жүйесін реформалаудың алғашқы күнінен басталған. Облыстық басқарма бастығы болып қызмет атқарған 9 жылында ел экономикасы мен банк саласын жетілдірудегі ҚР Президентінің Жарлығы мен ҚР Үкіметінің қаулысын, ҚР Ұлттық банкінің нұсқауларын орындауда облыстық басқарма тарапынан нәтижелі жұмыстар атқарылуына басшылық жасады. Облыстық халық шаруашылығын күрделі қаржымен қаржыландыру және несиелеу, облыс шаруашылықтарымен несие-есеп айырысу қызметтері мен несиелік қарым-қатынастарды жетілдіру, ақша айналымын нығайтып, нақты ақшамен қамтамасыз ету, арнайы мамандандырылған банктердің жұмысын үйлестіру, банктерді коммерциялизациялау және коммерциялық негізде банк жүйесінің екінші деңгейін ашу, сондай-ақ облыстық бақылау органдарымен бірге ұйымдар мен мекемелердің қаржы-шаруашылық жұмыстарына талдау жүргізді. Н.Маханжанұлының басшылығымен 1991 жылы 50-100 сомдық КСРО ақшасын айырбастау, 1993 жылы облыста Ұлттық валютамыз – теңгені енгізу, алғашқы рет облыста айырбастау пунктерін ашып, шетел валюталарын сатуды ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді.
Соның ішінде ТМД елдерімен есеп айырысу тәртібін енгізу, оны жүргізу, банкі жүйесін автоматтандыру, кейін компьютерлік жүйені енгізу арқылы есеп жұмыстарын халықаралық стандартқа сәйкес атқару үшін жаңа есеп шот жоспары енгізілуін қамтамасыз етті.
Сонымен қатар, банкаралық есеп айырысу, мемлекеттік бюджеттің кассалық мамандардың жұмысқа ынтасын арттыру және тұрақтандыру үшін Ұлттық банкіден қаражат алып, үй алуларына қолдау көрсетті. Сонымен бірге үй және үй мүліктерін сатып алуға несие беруді қамтамасыз етті. 1988 жылдың басында Ұлттық банкі облыстық басқармасында 52 адам болса, 1996 жылдары 352 адамға дейін жетті. Кейін бұл қызметкерлер Бюджеттік банкке ауыстырылды.
Н.Маханжанұлы облыстық Ұлттық банкіні өте ауыр кезеңде басқарды. Сол уақыттарда ТМД елдерімен экономикалық қатынас нашарлап, тауар тасымалдары қысқарды, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету карточкалық жүйеге ауысты. Мекемелер арасында есеп бартерлік әдіспен (яғни заттай) жүргізілді. Өндірістерде өнім өндіру құлдырап, тоқтау шегіне жетті, ақша айналымы құлдырап, бюджеттің дефициті артып, бағаның өсуі мен ақша эмиссиясы тез көтерілді. Жалақы мен зейнетақы төлеу қиыншылыққа душар болған қиын кезеңде Н.Маханжанұлы басқарған ұжым қызметкерлері банкі жүйесінің алдына қойған міндеттерді атқаруға бағытталған үйлестіру жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен атқарып, облыс экономикасын жақсартуға өз үлестерін қосты.
Ниязбек Маханжанұлы Қазақстан Ұлттық Банкі саласында жұмыс  жасаған кезеңде 9 рет мамандық жетілдіру курсында оқыды. Оның ішінде Германия, Ресейде болды.
Сонымен қатар Н.Маханжанұлы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. 1965-1978 жылдары Қазалы аудандық комсомол комитетінің тексеру комиссиясының төрағасы, бастауыш комсомол, партия ұйымының хатшысы. 1978-1981 жылдары Мемлекеттік банктің Қызылорда облыстық кеңесінде қызмет жасаған кезінде бастауыш партия ұйымының хатшысының орынбасары, 1981-1987 жылдары Қармақшы ауданында Жосалы банкісінің меңгерушісі болып қызмет жасаған кезінде екі рет халық депутаттары поселкелік кеңесінің депутаты болып сайланды. Аудандық партия комитетінің тексеру комиссиясының төрағасы, аудандық партия комитетінің мүшесі, партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, бастауыш партия ұйымының хатшысы, бюро мүшесі болып жұмыстар атқарды. 1988-1996 жылдары ҚР Ұлттық Банкі облыстық басқарма бастығы қызметінде болған кезінде 2 рет халық депутаттары облыстық кеңесінің және облыстық мәслихаттың депутаты, халық депутаттары облыстық кеңесінің, мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы, облыстық партия комитетінің тексеру комиссиясының, облыстық атқару комитетінің жанынан құрылған бірнеше тұрақты комиссияның мүшесі болды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін 2010 жылдан бастап Ұлттық банкі Қызылорда филиалының ардагер ұйымының төрағасы болып сайланды.
Н.Маханжанұлының басшылығымен аға ұрпақтың өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде қалдыру мақсатында Ұлы Отан соғысынан жеңіспен оралып, Мемлекеттік банк саласында қызмет атқарып, дүниеден озған әкелеріміз бен аналарымыздың сұрапыл соғыста жасаған еңбектері жайлы өмірдеректерін жинап, «Ұмытылмас тұлғалар» және «Ер есімі – ел есінде» деген атпен үлкен екі стенді жасалды. Ашылу салтанатына майдангер әкелеріміз бен аналарымыздың ұл-қыздары, немере-шөберелері қатыстырылған жиын өткізілді. Олардың  қаһармандығы жайлы «Сыр бойы», «Кызылординские вести» және «Ақмешіт апталығы» газеттерінде жарияланды.
Н.Маханжанұлы осындай игі істердің жаршысы болып келеді.
Осы саладағы жасаған еңбегі ескеріліп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Теңгеге 20 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкісіне еңбек сіңірген  қызметкер» төсбелгісімен және басқа да Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталды.
02 желтоқсан 2022 ж. 290 0